«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы: Жоспар мен меже
Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлттық жобалар тізбесі бекітілді. Елдің тұтастай әлеуетін арттыру, дамуын, рухани өрлеуін көздеген жобаның бірі – «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы. Ол 3 бағыт, 7 міндеттен тұрады.
«Рухани Жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының бағыттары және іске асыру тетіктерін түсіндіру бойынша арнайы республикалық семинар өтті. Онлайн өткен басқосуда көлемі ауқымды, мәні зор жоба жан-жақты талқыланып, жоспарлы меже, көздеген мақсат аталды. Сонымен қатар, іске асыру, үйлестіру тетіктері де жауапты сала мамандарының тарапынан ұсынылды.
Жалпы, жобаның негізгі мақсаты – ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді насихаттау арқылы – қоғамның мәдени деңгейін, талғамын және рухын көтеру. Сонымен қатар, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың түрлі бастамаларын жан-жақты қолдау көзделген. Жаһандану кезеңінде ұлттық болмысты сақтау, оны ұрпақ бойына сіңірудің маңызы зор. Осы мәслелерді тиімді шешу жолында жобада көзделген үш негізгі бағыттың іске асарылуы аса маңызды.
Бірінші бағыт – «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту. Екіншісі «Ел рухы», үшінші бағыт «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталады.
Әр бағытты толық талдаған жауапты сала мамандары таяу бесжылдықта атқарылатын жұмыстарды саралап, жоспарлармен таныстырды. Мәселен, бірінші бағыт бойынша қазақстандық бірегейлік пен зияткерлік әлеуетті дамыту, мемлекеттік тілді дамыту үшін жағдай жасау міндеттері көзделген. Оның аясында мектеп жасындағы балаларды мәдени тәрбиемен қамту, «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде халықтың кітап оқу белсенділігін, жаңартылған оқу бағдарламаларының үлесін арттыру, латын графикасын пайдаланатын жазбаша коммункация қатысушалырының санын кезең-кезеңімен арттыру жоспарлануда. Мектептерге «Оқушының мәдени нормативін» енгізу, «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру онлайн платформасын қосу, туған өлке әдебиетін зерттеуге бағытталған «Әдеби өлкетану» іс-шараларын өткізу де – жоба бойынша жоспарланған ауқымды іс-шаралардың бір бөлігі.
Ал, «Ел рухы» бағыты бойынша 5 көрсеткіш, 13 іс-шара қарастырылған. Мәдениет саласында қолжетімділік пен сапаны арттыру, отандық мәдени өнімді насихаттау жолдары жан-жақты қарастырылған бағыт бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Қолжетімді интернет мектеп жасына дейінгі қазіргі балалардың алғашқы үйретушісіне айналғаны шын. Сондықтан, қазақ анимациясын дамытудың мәні зор. Яғни, тілі шыққан кезде-ақ ана тіліндегі контентпен етене танысқан бала қазіргідей АҚШ, Ресей сынды өзге елдердің өнімдері емес, отандық көрсетілімдерді қарауға мүмкіндік алады. Сондықтан, таяу бес жылда кинопрокаттағы отандық фильмдер үлесін арттыру, қазақша көрсетілімдерді көбейту көзделуде. Мәдени, рухани салаға қатысты жаңашылдықтарды қамтыған жоба аясында мәдени нысандар санын көбейтумен қатар, көзі көрмейтін, нашар көретіндер үшін мемлекеттік тілдегі кітапхана қорларын молайту – таяу бесжылдықта жүзеге аспақ.
Жастарды қолдау – қашан да маңызды. Сондықтан ауқымды жобаның «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағыты бойынша іске асырылатын жұмыстар нәтижесінде NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру, жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді дамыту, жастарды қоғамдық-пайдалы қызметке тарту межеленуде. Бұл санаттағыларды тұрғын үймен қамту тетіктерін оңтайландыру, волонтерлік қызметке тарту, «Жасыл ел» жобасын жүйелі жалғастыру, қатысушылар санын арттыру, әр елдімекенде спорт залдары, арнайы алаңдар мен секциялардың қолжетімділігін арттыру – негізгі шаралар қатарында.
Семинар соңында қатысушылар тиімді жұмыс жасау тетіктеріне қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Гүлжан ӘМІРОВА