Жарнама
Қоғам

Ұлттық құрылтай ардагерлер ұйымдарына көп міндет жүктеді

Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің V пленумы өтті. Пленумның күн тәртібінде «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінен туындайтын облыс ардагерлер ұйымдарының міндеттері туралы» мәселе қаралды. Бұл жөнінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов баяндады.

9f0d93cd 9be8 46f6 8372 47035b977634

— Ұлттық құрылтай отырысында еліміздегі діни ахуал мен жат ағымдарға тосқауыл қою мәселесіне ерекше мән берілді. Президент атап өткендей, діннің аса маңызды миссиясы — ұлтты ұйыстыру. Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайтыны баса айтылды. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, ономастика саласын ретке келтіру бағытында жұмыстардың басталғанына тоқталып, алайда көшелер мен елді мекендерге атау беру немесе атауларды өзгерту жайына келгенде жауапты жергілікті атқарушы органдар тарапынан көп қателіктерге жол берілетінін атап өтті. Сондықтан бұл істі орталықтандыру жөнінде шешім қабылданғанын жеткізді, — деді баяндамашы.

a860aadc 7cc3 4457 ac8d e2cbe154cf50

Оның айтуынша, өкінішке қарай, осындай жағдайлар облысымызда да орын алып отыр. Нақтылай кетсек, ардагерлер ұйымдарында бұл мәселеге тікелей араласудың тетіктері қарастырылмаған. Биыл атап өтілген Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында майдангер аталарына, әкелері мен бауырларына көше атын беруді сұрап, қала мен аудандардан жүздеген өтініш келіп түскен. Алайда соның ішінен іріктеліп, республикалық ономастикалық комиссияға жіберілген 180 адамның есімін көшеге беру туралы ұсыныстар бойынша қабылданған шешімдер ардагерлер ұйымдарының қатысуынсыз жүзеге асқан.

Бұдан басқа да заңсыздықтар мен жөнсіздіктерге жол берілген болып шықты.

Баяндамадан білгеніміздей, Мемлекет басшысы айрықша назар аударған мәселенің бірі — ішкі саясат тұжырымдамасының жобасын әзірлеу болып табылады. Бұл құжат – халқымыздың бірегей болмысын, өмір салтын сипаттайтын жалпыұлттық құндылықтар мен нышандарды қоғамда орнықтыру, оларды кеңінен дәріптеу және қорғау үшін қажет. Бұл жерде де қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің ұйымдастырушылық, жетекшілік, сондай-ақ көшбасшылық орны мен рөлі айқын көрінуі тиіс.

Бір сөзбен түйіндегенде, қай салада болмасын Ұлттық құрылтайдың ардагерлер ұйымдарына жүктеген міндеттері аз емес, атқарар жұмыстары одан да көп. Мұны күн тәртібіндегі мәселені талқылауға қатысқандар да атап өтті. Олардың қатарында Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова, Индер және Құрманғазы аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары Сүйеу Халықов пен Ержан Ғайнетов, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Шахман Нағымов, облыстық әжелер алқасының төрайымы Злиха Дүйсекенова, Атырау облысының Құрметті азаматы Мәдина Ғабдысәлімова және басқалар болды.

Облыстық кеңестің құрамына өзгерістер енгізілді. Соңы марапаттау рәсіміне ұласты.

Дәулетқали АРУЕВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button