Жарнама
Қоғам

Ұлт тәрбиесінің бастау бұлағы

Отбасы – қазақтың рухани тұғыры. Ұрпақ тәрбиесінің, ұлттық болмыстың, ізгі құндылықтардың бастау бұлағы. Отбасы күні – осы асыл мұраны жаңғыртуға үндейтін айрықша мереке.

Қазақтың қай кезеңдегі тіршілігіне үңілсек те, отбасы – қоғамның ең басты тірегі саналған. «Атаның өсиеті, ананың ақылы – балаға мұра» деп бекер айтылмаған. Кеңес үкіметі тұсында да, тәуелсіздік алған жылдары да отбасы институты қанша сынақтан өтті. Бірақ қазақы болмысынан, ұрпақ сабақтастығынан айныған емес.

Бүгін қоғамда болып жатқан әлеуметтік-мәдени, экономикалық өзгерістер отбасылық қарым-қатынасқа да әсерін тигізбей қоймады. Жас отбасылардың ажырасу деректері көбейіп, толық емес жанұялардың саны артты. Осы тұста отбасы мәселесіне тек жеке адамның өмірі деп қарамай, бүкіл қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығы тұрғысынан келу маңызды.

Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор Зәмзәгүл Жалмурзина жанұя тек туыстық қарым-қатынастан құралмайтынын айтады.

– Отбасы – бұл бір-бірін қолдайтын, қорғап, түсіне білетін ең сенімді орта. Мен қызметімде әртүрлі тағдырлармен бетпе-бет келіп жүрмін. Атаулы күнде айтқым келетіні – жанұядағы әр мүшенің бір-біріне деген құрметі мен жауапкершілігі өте маңызды. Қазіргі таңда отбасындағы зорлық-зомбылық, бала тәрбиесіне салғырт қарау сияқты өзекті мәселелер де жоқ емес. Бірақ біз отбасы құндылығын қайта жаңғыртып, ата-аналық миссияны терең сезінсек, көптеген қиындықтың алдын алуға болады. Отбасы күні – тек мейрам емес, бұл – ұлттық құндылықты еске түсіру, барды бағалау және қамқорлықты арттыру күні. Әр шаңырақта тыныштық пен түсіністік болса, қоғам да қауіпсіз әрі тұрақты болады. Сондықтан әр отбасында махаббат, құрмет және тәртіп болуы тиіс. Осы үштік – берік шаңырақтың кепілі, — деген пікірімен бөлісті Зәмзәгүл Хиданқызы.

Расында, қазіргі қоғамда отбасылық құндылықтар екінші орынға ысырылып бара жатқандай көрінеді. Жастар материалдық жағдайды басты орынға қойып, рухани үндестікке, ішкі үйлесімге аса мән бермей жүр. Бұл – жанжал мен түсініспеушіліктің негізгі себебі болса керек.

Әрбір ата-ана баласына махаббат пен жауапкершілік үлгісін көрсетсе ғана, мықты ұрпақ қалыптасады. Сондықтан мектептерде тек оқушыға емес, ата-аналарға да отбасылық қатынас мәдениетін үйрету қажет. Себебі бала – ата-ананың айнасы. Ал оның бойындағы мейірім де, мәдениет те, адамгершілік те – отбасынан дариды.

Кішкентай мемлекет – үлкен жауапкершілік

Қазақта «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тәмсіл бар. Осыны ескерсек, баланың отбасынан көрген үлгісі оның өмірлік бағдаршамына айналады. Әкенің мықтылығы мен ананың мейірімі қатар жүретін жанұяда өскен бала – ертеңгі күні елге адал қызмет ететін азамат болары анық.

Махамбет ауданы, Таңдай ауылының тұрғыны, «Батыр ана» иегері Татьяна Жұмашқызы ұрпақ тәрбиесі мен отбасы құндылығы жайлы өз көзқарасын білдірді.

– Отбасындағы мейірім мен тәрбие – баланың ең басты байлығы. Біз, аналар, үйдің жылуын сақтап, ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беруіміз керек. Әр баланың тағдыры анасының алақанынан басталады. Қиындықсыз өмір жоқ. Бірақ өзара сыйластық пен сенім болса, бәрі де еңсеріледі. Мен үшін ең үлкен жетістік – балаларымның бір-біріне қамқор, қоғамға пайдасы бар азамат болып өсуі. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы екенін естен шығармағанымыз жөн, — дейді алтын құрсақты ана.

Татьяна Жұмашқызының айтуынша, отбасының берекесін сақтау үшін материалдық ғана емес, рухани қолдау да маңызды. Ата-ана балаға уақыт бөлуі керек, үй ішіндегі бірлік пен түсіністік – ұзақ ғұмырдың кепілі.

Иә, қоғамның дамуы – отбасының бірлігінен басталады. Мейлі, ол қаладағы көпқабатты үйде болсын, ауылдағы үйде болсын, ең бастысы – ынтымақ пен сыйластық орнаса, сол нағыз бақытты отбасы. Мәдениет те, тіл де, діл де – осы ортада сақталады. Сондықтан мемлекет тарапынан да бұл бағыттағы қолдаулар артып келеді.

Соңғы жылдары «Жас отбасы» бағдарламалары, жас аналар мен әкелерге арналған курстар, әлеуметтік қолдаулар көбейіп келеді. Бірақ бастысы қоғамда отбасыға құрмет артып, оған жауапкершілікпен қарау мәдениеті орнығуы тиіс.

Түйін

Отбасы күні – әр жанұяға шынайы көңіл бөліп, бір-бірін бағалауға себеп болар сәт. Қандай да бір қоғам – алдымен отбасынан тұрады. Ал отбасы мықты болса, мемлекет те қуатты. Ендеше, әр шаңырақтың іргесі берік, ұрпағы берекелі болғай!

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button