Жарнама
Қоғам

Үйдегі сөз түзелмей, түздегі іс оңалмайды

Әжелер мектебі қоғамда қайта жаңғыра бастады. Киелі Түркістан облысынан бастауын алған әжелер форумы Атырауда жалғасты.

   Аудан, қаладағы 60-қа жуық ақжаулықтың басын біріктірген «Әжелер –ұлт ұйытқысы, ұрпақ жүрегі» шарасында өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, қазақ халқының ұлт пен жастар тәрбиесінде ой салып, ұмытылып бара жатқан әдеп-ғұрыптарымызды жаңарту, ұлтжанды, бауырмал, мейірімді ұрпақ тәрбиелеу мәселелерін көтерді.

   Расында қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиеcі мен ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін асыл әжелердің орны әрқашан ерекше. «Қарты бар үйдің —  қазынасы бар» дегендей, ата мен әже — ел тұлғаларын өсіретін ұлттық мектеп. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов айтып өткеніндей, форум ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, сонымен қатар отбасылық тәрбиені нығайтуға бағытталған маңызды оқиғаға айналып отыр.

     Шараның шымылдығын түрген облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов әжелер форумының біркүндік іс-шара еместігін, ұзақ мерзімді қамтитын қазақ ұлтының салт-дәстүрін насихаттайтын стратегиялық жоба екендігіне тоқталды.

   – Тарихтан белгілі, «Қарты бар үйдің — қазынасы бар» деп тәпсірлейтін қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиеcі мен ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін ақжаулықты әжелердің орны мен рөлі қашанда ерек. Ата мен әже – елдің тұтқасын ұстайтын өскелең ұл — қызды тұлға етіп өсіретін ұлттық мектеп іспетті. Бұл форумның маңызы өте зор. Өйткені, әжелер ұлтымыздың ұйытқысы, жастарға халқымыздың құндылықтарын, салт-дәстүрін, тәрбиесін жеткізетін үлкен институт. Шын мәнінде әже тәрбиесін көрген бала ұлтжанды, бауырмал, мейірімді болып өседі. Сондықтан да әжелерді ұлықтасақ, құрмет көрсетсек, болашақта ақ жаулықты аналарымыздың жолын жалғай аламыз,  — деген әкімнің орынбасары соңғы кездері отбасының екіге бөлініп, ажырасудың асқынып бара жатқанын да жасырмады.

  Жесірін жалғызсыратпай, жетімін жылатпаған ата-бабаларымыз жанұя мен оны сақтап қалуды елдіктің негізі ретінде ұғынған. Алайда, бүгінгі ұрпақ бабалар аманатына селқос қарайтындай. Қоғамда отбасы деген үлкен құндылықтың мәні қалмай бара жатқаны байқалады.

    Әлеуметтік желінің әлегі аз болмай тұр. Форумда қазақ  әже тәрбиесінен бұрын әлеуметтік желінің тәрбиесімен өсіп келе жатқан ұрпақ туралы да сөз болды.   

 ­–  Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деген екен. Қазақ қырық жыл қырғын болса да ұрпағына ұлағатты тәрбие бере алған. Елін қорғаған батырдың ерлігі мен өрлігін өнеге еткен. Елім жейтін ер, қылықты қыз тәрбиелеген.

   Сол себепті ата мен әженің тәрбиесін бойына сіңіріп өскен бала сөздің қадірін ұғынады. Кішкентай қарадомалақтарын жандарынан бір елі қалдырмайтын. Оның да тәрбиелік мәні бар. Үнемі үлкендермен бірге жүрген бала олардың өнегелі әңгімелерін, тарихтан шерткен сырларын, ән-жырларын, шежірелерін тыңдап өседі. Осылайша бала ерте жастан-ақ бабалар жүрген жолға қанығады. Өз елінің, ата-бабасының тарихынан хабардар болады.

    Ұлы даланың дана қарттарының жанында жетілген ұл да, қыз да қай кезде де рухани дүниесі бай, ұлттық намысы жоғары, көргенді, көпшіл болып өсетіні анық. Ал бүгінде қазақ сол ғасырлар бойғы ұлы құндылықтан ажырап барады. Ұрпағымызды әлеуметтік желі тәрбиелеп, әже әңгімелерінің орнын теледидар мен ғаламтор алмастырды. Бұл – бүгінгі қоғамның дерті,  деді Мұрат Сақтайұлы.

    Іс-шара барысында Ардагерлер кеңесінің әжелер алқаларымен біріккен жұмыстары да сөз болды. Ол туралы Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаев баяндады. Ал, Индер аудандық әжелер алқасының төрайымы Бақыт Қарекешова өз сөзінде жастарды тәрбиелеудегі аға буын рөлінің маңыздылығын атап өтті.

  Форумда сөз сөйлеген басқа да қатысушылар мұндай іс-шаралар ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, жастарды шабыттандыратынын алға тартты.

   Әрі қарай облыстық ардагерлер кеңесі  жанындағы әжелер алқасының төрайымына Злиха Дүйсекенованың кандидатурасы ұсынылып, қолдау тапты.  Батыс Қазақстан облысынан келіп жеткен «Аялы әже» эстафетасының «Әже – ұлт ұйытқысы» мүсіні облыстық әжелер алқасының төрайымы Злиха Дүйсекеноваға тапсырылды.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button