
Үй – ескі. Заң – жаңа: салмақ кімге түспек?
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына енгізілген өзгерістер 15 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Енді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы жаңа заңнама аясында жұмыс істемекші. Бұл өзгерістер, әсіресе, кеңестік кезеңде салынған көп қабатты үйлердің тұрғындарына ауыр тиюі мүмкін. Өйткені Атырау қаласындағы көп қабатты үйлердің 80 пайызы 2000 жылға дейін салынған. Бүгінде мұндай ескі үйлерде негізінен зейнеткерлер мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар тұрады. Ал жағдайы түзелгендер әлдеқашан жаңа үйлерге көшті немесе өздері үй салып алды.
Бұл мәселе мемлекет басшысының бұған дейінгі Жолдауларында да айтылған. Басқа жиындарда да бірнеше мәрте сөз болды. Соған қарамастан, шешімі табылмаған проблемаға қатысты кейбір мәселелерге қыркүйектің 8-індегі халыққа Жолдауында да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тоқталды.
Шынында мәселе – күрделі. Осыған байланысты Атырау қаласындағы «ТКШ басқарушы, сервистік компаниялардың және басқа нысандарының бірлестігі» заңды тұлғалар қауымдастығының атқарушы директоры Гүлнар Салихованың пікірін сұраған едік. Оның айтуынша, қазіргі қолданыстағы тариф – халықтың қалтасына салмақ, ал компаниялар үшін шығын.
– Қазір халық үшін жағдай шынымен қиын болып тұр. Көп қабатты үйлерге коммуналдық қызмет көрсетуші құрылымдар, бұрынғыша айтқанда пәтер иелері кооперативтері тұрғындарға түсіндірме хат жіберіп, жаңа өзгерістен хабардар етті. Бәрі дүрлігіп, наразылық білдіріп жатыр. Әсіресе ескі үйлерде тұратындарға, зейнеткерлер мен күнкөрісі ортадан төмен отбасыларға ауыр тиюі мүмкін. Жаңа Заңға сәйкес, енді әр үйдің жеке есепшоты ашылады. Бұрын бірнеше үйдің ақшасын жинап, ортақ қажеттілікке жұмсаса, енді жиналған қаражат тек сол үйдің өзіне ғана пайдаланылуы тиіс. Жуырда Президент Жолдауында осы мәселенің қайтадан көтеріліп, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктелуі – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды қадам. Бұл бастамалардың алдағы уақытта жүйелі түрде орындалуы және заңнамадағы өзгерістердің нақты іске асуы өте маңызды, — дейді Гүлнар Сапарғалиқызы.
Заңға енгізілген жаңа өзгерістер бойынша бұл салада ағымдағы, жинақтаушы және резервтік төлем түрлері де енгізіліпті. Енді әр үй үшін бөлек шот ашылады. Төлем кешіктірілсе, айыппұл салынып, шоттар бұғатталады, тіпті мүлік тәркіленуі де мүмкін. Қауымдастық басшысы сол үшін тұрғындарға ескерту қағаздары таратылып, құлаққағыс жасалып жатқанын айтады.
Ал, үй басқарушы компанияға көрсеткен қызметі үшін тарифтің қазіргі мөлшері 1 шаршы метр үшін – 45 теңге. Бұл көрсеткіш 2020 жылдан бері өзгерген жоқ. Алайда бес жылда баға да, жалақы да, қызмет құны да өсті.
– 2020 жылы ең төменгі жалақы 42 500 теңге болса, қазір 85 мыңға жетті. Бірақ біз әлі де бұрынғы тарифпен жұмыс істеп келеміз. Практикалық тұрғыда компаниялар банкрот болуға жақын, — деп ашынады қауымдастық жетекшісі.
Оның айтуынша, тариф құнын өсіру мәселесін жыл сайын созбаққа салмай, заң аясында минималды деңгейде автоматты түрде индексациялау қажет. Бірақ бұған жергілікті Мәслихаттың келісер түрі көрінбейді.
– Жаңа түзетулерге сәйкес тарифті ең төменгі есептік көрсеткішке байлап, жыл сайын автоматты түрде индексация жасау қарастырылған. Бұл – біз үшін үлкен жеңілдік, — дейді ол.
Жаңа Заңның тағы бір талабы – әр үйге міндетті түрде жинақтық шот ашу. Бұл талап орындалмаса, басқарушы компанияларға 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
– Тіпті шоттар бұғатталып, мүлік тәркіленуі мүмкін. Сондықтан 15 қыркүйектен бастап шоттар ашылып, 1 қазаннан бастап тұрғындарға жаңа төлемақы – шаршы метріне 19 теңге 66 тиын есептеледі. Бұл сома жалпы жиналыстың шешімімен көбейтілуі мүмкін, бірақ азаймайды, — дейді атқарушы директор.
Ал, енді Атырау қаласындағы пәтерге көрсетілетін коммуналдық қызмет құнын орташа есептеп көрейік. Қазір облыс орталығында салынып жатқан көп қабатты үйлердегі бір бөлмелі пәтердің орташа ауданы – 36 шаршы метр. Егер осы мөлшермен алғанда, дәл қазір бір бөлмелі пәтердің иесі көрсетілген қызмет үшін айына небәрі 707 теңге 76 тиын төлейді.
– Бұл ақша үйді күтіп-ұстауға жұмсалған ең қарапайым шығындарды да өтей алмайды. Тазалықшы мен аула сыпырушының жалақысы, сантехник, электрик, есепші, кассир, тіпті электр жарығы мен суға төленетін ақы – бәрі осы мардымсыз қаржыдан төленеді. Ал толыққанды қызмет көрсету үшін тариф кемінде 180-200 теңге болуы тиіс. Бұл – біздің есеп, — деп түсіндірді Г.Салихова.
Заңға сәйкес, ай сайынғы төлемдерге жертөледегі құбырлар, кіреберісті (подъезд) жуу, ауланы тазалау, ауыз суды бақылау сияқты қызметтер кіреді. Ал күрделі жөндеу бөлек қарастырылады.
– Кейде тұрғындар шатырды жөндетіп, жұмсалған ақшаны тек өз пәтерінен ғана шегеруді талап етеді. Бұл заңсыз. Үй шатырын жөндеуге шыққан шығынды үй тұрғындары бөліп төлеуі тиіс. Себебі, кондоминиум бойынша үй ортақ мүлік болып саналады, — дейді ол.
Гүлнар Сапарғалиқызы – тұрғын үйлерді күтіп ұстауға жауапты «Ақжол-Темір» ЖШС-ін басқарып отырған тәжірибелі маман. Ол басқаратын серіктестікте 15-ке жуық адам жұмыс істейді. Олардың қызметі былайғы күндерді айтпағанда, мереке күндері де тоқтамайды. Олардың еңбекақысы тұрғындардың төлемақысынан төленеді. Мемлекеттен берілетін бір тиын субсидия жоқ.
– Кейбір үйлер бөлек шығып, жиналыста пайдалану шығынының бағасын айына 90 теңге етіп бекітіп, үстіне қосымша жинақ шотын ашып жатыр. Бұл – «қаражат ашық әрі мақсатты пайдаланылсын» деген жаңа заңның талабы. Әрине, енгізілген өзгеріс – дұрыс қадам, тұрғындардың жауапкершілігін арттырады. Бірақ көп қабатты ескі үйлер үшін бұл өте ауыр. Олар онсыз да тозығы жеткен, күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан мемлекет тарапынан кемінде 50 пайыздық қолдау қажет, — дейді қауымдастықтың атқарушы директоры.
Биыл 23 маусымда Парламент Сенаты қабылдаған түзетулердің мәні де осында. Енді үйді басқару нысанын пәтер иелерінің 51 пайызы анықтайды. Тұрғын үйді күтіп ұстауға жауапты компаниялар мен бірлестіктер заңды мәртебе алды, қайта тіркеуден өтеді. Әрбір көп қабатты үйдің жеке шоты болуы міндетті. Тұрғын үй инспекциясының ролі де күшейтілді. Ол үйлерді басқаруды тексеріп, стандарттардың сақталуын қадағалайды.
Алайда тариф мәселесі шешілмейінше, үй басқарушы компанияның қызметі шығынға ұшырай береді. Бұл туралы қауымдастық басшысы қала әкіміне жолдаған хатында да ашық жазған.
– 2020 жылдан бері үй басқарушы компаниялардың қызметі үшін тариф қайта қаралған жоқ. Ал бұл аралықта барлық шығындар өсті. Біз қалалық мәслихат пен атқарушы органдардың араласуын сұраймыз. Егер тариф бекітілмесе, Президентке жүгінуге, министрлікке өтініш жолдауға мәжбүр боламыз, — дейді Г.Салихова.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне хабарласып, саладағы өзгерістерге байланысты пікір білдіруін сұрағанбыз. Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары Заң күшіне енбейінше пікір білдіре алмайтынын айтты.
Атыраудағы тұрғын үй басқарушы компаниялардың жанайқайы ескі үйлердің мәселесі мен жаңа Заңның талаптарынан туындап отыр. Бір жағынан, тұрғындар үшін қосымша төлем ауыртпалық болып тұр. Екіншіден, төмен тарифпен жұмыс істейтін компаниялар банкроттықтың аз-ақ алдында. Бұл жердегі басты сұрақ – мемлекет әлеуметтік жағынан әлсіз санаттағы азаматтарды қолдай ала ма, әлде бүкіл салмақ отбасы бюджетінде қала бере ме? Егер қолдау болмаса, жаңа Заңның игілігінен бұрын, оның ауыртпалығы молырақ сезілері сөзсіз.
Алмас ҚАБДОЛ