
Уақыттың талабы ма, қоғамның қасіреті ме?
Еңбек майданына жарамды, бірақ жұмыссыз жүрген жандардың қатары жылдан-жылға көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Біреу ертеңгі күніне сенімсіз, енді бірі – дипломы сандық түбінде сарғайып, «жұмыс жоқ» деген сөзге күйініп жүрген жайы бар. Мұның аты – жұмыссыздық. Бірақ бұл жай ғана термин емес, бұл – мыңдаған адамның тағдырына, тұтас қоғамның тынысына әсер ететін салмақты мәселе.

Экономистер жұмыссыздықты цифрлармен өлшейді. Бірақ «байтал түгілі, бас қайғы» жұмыссыз жүрген адамдардың бас ауруы сандармен шектелмейді. Бұл тек статистика емес, бұл – ел ертеңінің экономикалық және әлеуметтік келбеті.
Қарап отырсақ, жұмыссыздықтың түрлері де әртүрлі. Бірі – жұмыс орнын өзі тастап, жаңа ізденіс жолына түскен, енді бірі – заман ағымына ілесе алмай, мамандығы сұраныссыз қалғандар. Үшінші топ бар, олар – дағдарыс кезеңінің құрбандары. Өндіріс тоқтап, мекеме қысқарып, еріксіз үйде қалғандар. Тағы бір тобы – қағаз жүзінде бар, бірақ іс жүзінде пайдасы шамалы жұмыс істейтіндер, яғни жасырын жұмыссыздар.
Арасында жастар да бар, зейнетке жақындағандар да аз емес. Бірі – енді ғана өмірге қадам басса, бірі – бүкіл өмірін бір салаға арнап, енді еңбек нарығынан тыс қалған. Мәселен Қайрат есімді қала тұрғыны кезінде теміржол саласында учаске басшысы болып еңбек еткен екен. Белгілі бір жағдайлармен жұмыссыз жүргеніне он жылға жуықтапты.
– Мен теміржол саласында ұзақ жыл еңбек еттім. Соңғы қызметім – учаске бастығы. Бірақ 2014 жылы жұмыссыз қалдым. Содан бері өз мамандығым бойынша жұмыс табу мүмкін болмады. Жасың 50-ден асқаннан кейін, көп мекеме сені жұмысқа алуға құлықты емес. Осылайша он жылдан бері түрлі уақытша жұмыстар істеп күнелтіп келемін. Мемлекеттік бағдарламалар бар, бірақ нақты қолдау жетіспейді. Мен сияқты тәжірибелі мамандар әлі де елге, экономикаға қажет деп ойлаймын. Тек мүмкіндік берілсе екен… – дейді ол.
Қалай десек те ел ішіндегі жұмыссыздық мәселесі әлі өзекті. Әсіресе пандемиядан кейінгі жылдарда еңбек нарығы бір сілкінді. Бизнес тұралады, кейбір кәсіпорындар жабылудың алдында қалды. Бүгінде олар әупірімдеп ілгерілеп келеді, ең қарапайым халық күнкөріс үшін күрестің жаңа түріне бейімделуге мәжбүр болды.
Басталып, бірақ жалғаспаған бастамалар
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған соңғы деректерге көз жүгіртейік. Биылғы 1 сәуірге дейінгі кезеңде қала және аудан орталықтарындағы мансап орталықтарына 20 215 адам жұмыс мәселесімен жүгінген. Бұл – жай ғана көрсеткіш емес, бұл – 20 мың тағдыр.
Солардың 12 758-і әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылып, бюджеттен 732,2 млн. теңге қаражат жұмсалған. Ал нақты 6 678 адам жұмысқа орналасқан, оның тек 1 690-ы ғана тұрақты жұмысқа орналасса, қалғаны – уақытша немесе субсидияланған жұмыс орындарына тартылған. Қоғамдық жұмыстарға жіберілгендердің саны – 2 629, бұл – жүйелі еңбек пе? Уақытша «жыртықты жамау» емес пе деген заңды сауал туындайды.
Бұл мәліметтердің өзі-ақ бізге мына шындықты айқын көрсетіп отыр –жұмыссыздықпен күрес бар, бірақ түпкілікті шешім әлі де алыс.
Көбінесе жастар мен әйелдер, ауыл тұрғындары еңбек нарығынан шет қалып отыр. Мәселен, онлайн-оқыту жүйесі арқылы кәсіби білім алған 1 526 адамның 1 266-сы ауылдан, 784-і әйел, 469-ы жастар. Бұл мәліметтер ауыл мен жастар арасындағы кәсіби білімге деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Алайда оқыған адам жұмыс таба ала ма? Мәселен, биыл қысқа мерзімді курстар арқылы сұранысқа ие мамандықтарға 73 адамды оқыту жоспарланып, оның өзі әлі басталу кезеңінде. Бұл еңбек нарығының жылдам өзгеріп жатқан сұранысына кешігіп жауап беру емес пе? Сол секілді, ТШО-ның қолдауымен техникалық мамандықтар бойынша оқуға жіберілген 125 адамның 30-ы оқуды орта жолда тастап кеткен. Неліктен? Бұл жерде адамның ішкі мотивациясы, оқу мазмұнының сапасы немесе болашақтағы жұмысқа деген сенімсіздігі жатуы мүмкін.
Кәсіпкерлік негіздеріне бағытталған «Бастау-Бизнес» жобасымен оқуға жіберілген 482 адамның 338-і оқуын аяқтап, оның 36-сы ғана нақты жұмыспен қамтылған. 5 адам жеке кәсіпкер болып тіркелген. Бұл көрсеткіш те көңіл көншітпейді: кәсіп ашуға ниеттілер көп, бірақ істі жүйелі жүргізуге мүмкіндік, білім, қолдау жетіспейді.
Гранттар беру бағдарламасы аясында биыл 230 адамға 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз гранттар беру көзделіп отыр. Бірақ нақты талап пен сұраныс ашық болмаса, бұл қаражат та «қолда барда алтынның қадірі жоқ» күй кешуі мүмкін-ау.
Жас мамандардың жағдайы қалай?
Ресми мәліметтерді келтірсек, осы жылдың алғашқы тоқсанында елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраған. Бұл – шамамен 450 мыңға жуық адам. Бірақ бұл – тек тіркелген жұмыссыздар ғана. Ал тіркелмеген, жұмыс іздеуден үмітін үзгендер ше? Уақытша табыс тауып жүрген фрилансерлер, «көлеңкелі» экономикада күнелтіп жүргендер ше? Бұл сұрақтардың нақты жауабы статистика сыртында қалып отыр.
Жұмыссыздық – әсіресе жастар арасында ерекше белең алуда. Жоғары оқу орнын тәмамдап, дипломын енді алған жас маман еңбек нарығына шыққанда алдынан көптеген кедергі кездеседі: жұмыс тәжірибесі керек, бәсекелестік жоғары, ал жалақысы – мардымсыз. Осылайша, жастық жігермен қанат қаққан үміт біртіндеп сөне бастайды. Бұл – қоғам үшін де, ел болашағы үшін де қауіпті үрдіс.
Жұмыссыздық деңгейі әр өңірде әрқалай. Шалғай аудандарда жұмыс орындары шектеулі, жалақы төмен, ал мүмкіндіктер – жоқтың қасы. Осы себепті халықтың ішкі көші-қоны артты, ауылдан қалаға ағылғандар көбейді. Өзін Дана Аяш деп таныстырған қызылқоғалық тұрғынның дипломының сандықтың түбінде жатқанына жыл толыпты.
– Мен ветеринария мамандығы бойынша тәмамдадым. Ауылда мал шаруашылығы бар болғанымен, дипломмен жұмыс табу қиын. Кей жерлерде орын жоқ десе, кейбірінде тәжірибе сұрайды. Жеке клиника ашуға жағдай жоқ. Мамандығым бойынша еңбек еткім келеді, бірақ нақты мүмкіндік болмаған соң арманың жай ғана қағазда қалғандай күй кешеді екенсің. Жас мамандарға қолдау нақты іспен көрсетілсе, — деген өтінішін айтты ол.
Жастарға жұмыс табу қиын
Елімізде жұмыссыздық деңгейі неге төмендемей отыр? Оның түп-тамыры неде? Осындай сұрақтарымызды облыстық мәслихат депутаты Қайырбек Баймұратовқа қойып, пікірін білмек болдық. Оның айтуына қарағанда, мұның себебі көп.
– Қазақстан экономикасы мұнай мен табиғи ресурстарға тәуелді. Бұл саланың құлдырауы немесе құбылмалылығы еңбек нарығына тура әсер етеді. Ал өндіріс пен қызмет көрсету салалары әлі де толық дамымаған, сондықтан жаңа жұмыс орындары жеткіліксіз. Сонымен қатар, білім мен нарық сұранысының сәйкессіздігі. Жоғары оқу орындары әзірлейтін мамандықтар мен еңбек нарығының талаптары арасында алшақтық бар. Жастар белгілі бір мамандық бойынша диплом алады, бірақ сол салаға жұмыс табу қиынға соғады. Бұл – еліміздегі жұмыссыздықтың құрылымдық сипатын айқын көрсетеді. тағы бір себебі, аймақтардағы теңсіздік. Ірі қалалар мен өнеркәсіптік орталықтарға қарағанда, ауылдық жерлер мен шалғай аймақтарда жұмыс орындарының тапшылығы өте көп. Халықтың көп бөлігі еңбекке жарамды болғанымен, қолжетімді еңбек нарығы жоқ, — дей келе қолдаудың жеткіліксіздігі, қаржыландыру мәселелері, бюрократиялық кедергілер шағын және орта бизнеске кесірін тигізетінін, айналып келгенде бұл саланың дамымауы да жұмыссыздықтың көбеюіне әсер ететінін айтты.
Жұмыссыздықтың әлеуметтік салдары да жетерлік
Жұмыссыздық – бұл қаржылық қиындық қана емес, ол адамның рухани күйіне әсер етіп, еңсесін түсіреді. Жұмыссыз адамдар арасында депрессия, үмітсіздік, тіпті отбасы ішіндегі шиеленістер жиі кездеседі. Ең өкініштісі – жастар арасында әлеуметтік белсенділік төмендеп, кейбірі құқық бұзушылыққа бейім болады. Жұмыссыздықтың ұзаққа созылуы қоғамда наразылық сезімін оятады, бұл тұрақтылыққа қауіп төндіреді.
Осы жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануы – бастама ретінде қуанышты. Бірақ бұл бастама нақты нәтиже беруі үшін ол жай шаралармен шектеліп қалмаса игі. Мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне 180 онлайн курс ұсынылыпты – әрине, көңіл қуантады, бірақ оны оқып шыққан бала ертең нақты қайда барып жұмыс істейді? Бұл сұрақ әлі ашық күйінде қалып отыр.
Электрондық еңбек биржасы арқылы өндірістік тәжірибе алу мүмкіндігі енгізілгені де құптарлық іс. Бірақ өндірістік тәжірибеден өткен жасқа кейін жұмыс орнын ұсынбасақ, тағы да сол айналып келетін тығырыққа тап болмаймыз ба?
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан алған мәліметке сүйенсек, жыл басынан сәуір айына дейін облыста 10 жәрмеңке өтіп, 1 319 адам қатысқан. Нәтижесінде 188 адам тұрақты жұмысқа орналасыпты. Бұл – шамамен 14%. Қалғандары неге жұмыс таппады? Мұның себебі неде, әлде талапкерлердің біліктілігі жеткіліксіз бе? Өткізіліп жатқан Ашық есік күндері формалды шараға айналып кетпесе екен. Түптеп келгенде, еңбекке баулу нақты мүмкіндікпен ұштасқанда ғана нәтижелі болады.
Келешекке көзқарас: Жобалар мен жоспарлар
Аталған басқарманың бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиева бүгінде облыс бойынша 2025–2029 жылдары 29 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл жобалар аясында 20,5 мың жұмыс орны құрылуы тиіс. Мысалы, полиэтилен зауыты (500 орын), газ өңдеу зауыты (600 орын), вагон жасау зауыты (500 орын) сияқты ауқымды жобалар аймақ экономикасына серпін бермек.
Бірақ бұл орындарға кім барады? Қай саладағы маман керек? Бұл сұрақтарға жауап табылмаса, инвесторлар келгенде дайын маман таба алмай, сырттан іздеуге мәжбүр болады. Ал бұл – ішкі жұмыссыздықты жоя алмайды.
Еңбек – елдің еңсесі
Жұмыссыздықпен күрес – қоғамның бар саласына қатысы бар кешенді міндет. Мемлекет нақты бағдарлама ұсынады, бірақ оны орындау – жергілікті билікке, қоғамға, әр азаматтың өзіне байланысты.
Қазір бізге керек басты қағида – адами капиталға инвестиция салу. Әрбір адамға нақты, ұзақ мерзімді, сапалы жұмыс орнын ұсыну. Жастарды, ауыл тұрғындарын, әйелдерді еңбек нарығына толық тарту. Әйтпесе, сандар өзгереді, бірақ жағдай сол қалпында қалуы мүмкін.
Еңбек – елді көтереді. Ал жұмыссыздық – қоғамды тоздырады. Таңдау – өз қолымызда.
Рита ӨТЕУҒАЛИ