
Діни білім жетілдіруді қажет етеді
Ғасырлар бойы дін қоғам мен мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз етудің пәрменді құралы болып келді. Еліміздегі дінаралық келісімділікті үйлесімді дамыту өз кезегінде білімді де білікті мамандарды дайындаумен тығыз байланысты. Осыған орай «Дін мәселелері бойынша білікті мамандар даярлау» жобасы аясында өңірде ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арналған оқыту семинарлары мен тренингтері іске асырылды.
Атырау қаласының «Ақ желкен» бизнес орталығының мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ-ның қолдауымен және «Рухани жаңғыру» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен дін мәселері бойынша білікті мамандарды дайындауға бағытталған іс-шара өтті. Жиынға дін зерттеу орталығының, мешіттердің, орта және жоғары оқу орындарының мамандары, имамдары, психологтары мен теологтары қатысты.
Басқосуда дін мәселелері бойынша түсіндіру тобының мүшелері – «Діни бірлестіктермен байланыс және діни экстремизмге қарсы насихат жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Бақытгүл Шопанова және дінтану маманы Төлеген Талдыбаев баяндама оқыды. «Халыққа ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізудегі менталдылықты таңдау» тақырыбы аясында қатысушыларға қоршаған ортамен тиімді қарым-қатынас құру, жақсы түсінісу үшін олардың салт-дәстүрін, дінін және өмір сүру салтын ескерудің маңыздылығы да айтылды. Сонымен бірге осы тақырыпқа сай практикалық жағдайлар айтылып, әртүрлі өмірлік мысалдар келтірілді.
«Әлеуметтік желіде жат ағым идеологиясын айқындау техникасы мен БАҚ-пен жұмыс жасау негіздері» тақырыбымен қатысушыларға қазіргі ғаламтор арқылы зиянды контенттің манипуляция, радикалды көзқарастар, эмоциялық әсер ету сияқты негізгі белгілері қарастырылды. Ал дәрістің екінші бөлімінде «Жаңа заманда ақпараттың таралу көздері мен принциптері. Ақпарат көздерін іріктеу тәсілдері» тақырыбына сай ақпараттық оқыту өрісін қалыптастыру бойынша қажетті ақпаратты жинақтау мен іріктеу практикалары жүргізілді. Сондай-ақ ақпарат көздерін талдау, оның шынайылығын тексеру және жасырын мақсаттарды анықтау әдістері көрсетілді. Семинарлар мен тренингтер барысында қатысушылар тарапынан дәріскерлерге сұрақтар қойылып, тұжырымды жауаптар алынды.
Еркеназ ҚАЛИЖАН