
Уақыт талабы және жаңа мүмкіндіктер
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы Жолдауы – уақыт талабына сай, келешекке бағытталған стратегиялық құжат. Бүгінде әлем күн сайын өзгеріп, жаңа технологиялар бүкіл саланың жұмысын қайта құрып жатыр. Осындай жағдайда Қазақстанның да цифрлық даму үдерісіне белсене қосылуы – заңды құбылыс.
Мемлекет басшысының жасанды интеллектті білім, медицина, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласына енгізу бастамасы – елдің ертеңі үшін үлкен мүмкіндік. Бұл, бір жағынан, халықтың тұрмыс сапасын жақсартса, екінші жағынан, жастарымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Біз кезінде индустрияландыру дәуірін бастан өткеріп, ғылым-білімнің қоғам өмірін қалай өзгертетінін көрдік. Қазіргі цифрлық жаңғыру да сол кезеңдегідей – елді жаңа деңгейге көтеретін қуатты күш.
Жасанды интеллектті қолдану тек экономиканы ғана емес, мемлекеттік басқаруды да жеңілдетеді. Қарапайым халық үшін қызмет көрсету сапасы жақсарып, уақыт үнемделеді. Мысалы, медицинада дер кезінде диагноз қойылып, білім саласында оқушының жеке қабілетіне сай жаңа әдістемелер қалыптасады. Ауыл шаруашылығында өнімділік артып, шығын азаяды. Өндірісте қауіпсіздік күшейіп, жұмыс процесі тиімді болады.
Ардагер журналист ретінде айтарым: жасанды интеллект – жай ғана құрал емес, ол ел дамуына салынған инвестиция. Сондықтан осы мүмкіндікті ел игілігіне жарату – бәріміздің ортақ міндетіміз. Цифрлық технологияны дұрыс игеріп, оны күнделікті өмір мен еңбекке енгізе алсақ, Қазақстанның болашағы да жарқын болмақ.
Таңатар ДӘРЕЛОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
“Құрмет” орденінің иегері