Жарнама
Қоғам

ТЫЛДАҒЫ МАЙДАН

Ұлы Отан соғысының бүкіл барысында майдан мен тылдың бірлігі айқын көрінді. Облысымыздағы іргелі кәсіпорындардың бірі – «Атыраубалық» ашық акционерлік қоғамының (бұрынғы Атырау балық-құты комбинаты) соғыс жылдарындағы ерен еңбегі бұған дәлел бола алады. Әсіресе, сол кездегі жергілікті «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») бетіндегі мақалаларға және облыстық мемлекеттік мұрағат деректеріне (бұрынғы Гурьев облыстық мемлекеттік архиві, ГАГО, 3, 180, 181, 189-қорлар) зерделеп қарасақ, анық көз жеткізгендей боламыз. Барлық еліміздегідей, ең қысқа мерзімде Атырау облысының бүкіл өмірі соғыс жағдайына бейімделіп, тез қайта құрыла бастады. Облыстағы өзіндік еңбек дәстүрі қалыптасқан Атырау балық-құты комбинатындағы жұмыс та соғыс жағдайына байланысты қайта құрылды. Жүздеген ер-азамат қолына қару алып, Отанымызды фашистік Германия басқыншыларынан қорғауға аттанғанда, комбинат жұмысшылары кездескен қиыншылықтарды жеңе отырып, тәулік бойы үйлеріне бармай, аса екпінді жігермен еңбек етті.

Комбинат ұжымы Ұлы Отан соғысы жылдарында «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек етіп, балық өнімдерін майданға үздіксіз жөнелтіп отырды. Елдегі бас көтерер азаматтардың майданға аттануына байланысты еңбек вахтасында жұмыс күшінің жеткіліксіздігін көрген және Отанымызға төнген қауіпті барынша сезінген әйелдер мен жасөспірім балалар комбинатқа жұмысқа келе бастады. Соғыстың алғашқы айларында-ақ комбинатқа үй шаруасындағы 60 әйел жұмысқа келді. Олар дайын өнімдерді вагонға тиеп, өндірістің аса күрделі де, жауапты учаскелерінде болды. Комбинат жұмысшылары тәулік бойы еңбек вахтасында тұрып, күн сайын Отанымыздың қорғаныс қорына екі-үш сағат еңбек етіп отырды.

Комбинат құрамындағы балық-құты зауытының бастауыш партия ұйымы Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде бүкіл саяси-бұқаралық жұмысын соғыс жағдайына сәйкес бейімдеді. Ұйым коммунистері өздерінің жетекшілік рольдерін мейлінше арттырумен қатар, өндірісте тікелей істейтін коммунистердің барлығы бірдей күндік нормаларын артығымен орындады. Балық құтыларын жасайтын цехтағы жұмысшылар Қ.Ақжігітов пен Аблемов үш станокта жұмыс жасап, жоспарларын асыра орындауды қамтамасыз етті. Ал, тоңазыту цехындағы жұмысшы Демесінов айлық жоспарын 127 пайызға жеткізе орындады.

Соғыс жылдарында маманданған жұмысшылардың басым бөлігі майданда болғандықтан, комбинат алдында әйелдер мен жасөспірімдерді оқуға тартып, олардан маман жұмысшылар дайындау міндеті тұрды. Әсіресе, жергілікті қазақ әйелдеріне ерекше мән берілді. 1943 жылы техникалық оқуға 164 адам қабылданды. Ал, жеке оқытуға 34 жасөспірім оқуға тартылса, оның 13-і қыз бала болатын.

Комбинат жұмысшылары жиі-жиі сенбіліктер ұйымдастырып, Қызыл әскерді азық-түлікпен, жылы киімдермен жабдықтауға, жауынгерлердің отбасыларына көмек ұйымдастыруға аса зор ықыласпен кірісті. Осы кезеңдегі жұмысшылардың жігерлі еңбегін балық өңдеуші болып жұмыс жасаған еңбек ардагері, сексен жастың сеңгіріне көтеріліп, дүниеден озған Еңбек Ері Айнаш Байжігітова былайша еске алатын: «Майданға арнап балық өнімдерін көптеп шығарумен қатар, жауынгерлер үшін киім-кешек, қаржы да жинап тапсыратынбыз. Жұмыстың түріне, ауыр-жеңіліне қарамадық. Вагоннан тұз да, көмір де түсіріп жүрдік. Көмірді кейде Қарабатан деген жерден жаяу барып түсіретінбіз».

1941 жылдың күзінде Қызыл әскер үшін жылы киімдер жинау қозғалысы өріс алды. Балық-құты комбинатының ұжымы халқымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін шайқасып жатқан жеңімпаз Қызыл әскер үшін жылы киімдерді көптеп жинап, тапсыруға белсене атсалысты. Соғыс басталғаннан бергі аз уақыт ішінде комбинат ұжымы 24 байпақ, 7 қысқа тон, 10 мақталы шалбар, 12 күртеше, 10 жамылғы, 13 бөрік және т.б. жылы киімдер жинап тапсырды. Ал, 1942 жылы комбинат жұмысшылары соғыстың қатаң сынына қарамастан, 8 бөрік, 5 тері қолғап, 6 қысқы тон, 4 байпақ, 13 жүн шұлық берді. Осы қозғалыстың бастамашысы болған балық-құты зауытының директоры Б.П.Титов, қаңылтыр-құты жасау цехының бастығы А.Көшмұқанов, жұмысшы Калугина басқаларға үлгі көрсетті. Комбинат жұмысшыларының бұл көмегінен Қызыл әскер жауынгерлеріне деген қамқорлықты және жоғары патриоттық сезімді көреміз.

Ұлы Қазан төңкерісінің 25 жылдық мерекесі қарсаңында Жайық-Каспий балықшылары атынан 33 тонна балық, 100 мың балық-құты тағамдары, жүздеген килограмм уылдырық өндіріліп, Сталинград майданындағы жауынгерлерге жіберілді. Бұл көмекке комбинат жұмысшылары өздерінің сүбелі үлестерін қосты. Сонымен бірге, балық-құты комбинатының ұжымы Сталинград майданы кезінде аса зор патриоттық бастама көтеріп, өз еңбек ақыларынан 182,7 мың сом ақшаны «Казахстанский рыбак» деп аталатын танк колоннасын жасауға аударды.

Балық-құты комбинатының ұжымы Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарына қарамастан, майдандағы жауынгерлерге балық тағамдарын кідіріссіз жөнелтіп отырды. 1942 жылы 3 маусымда Жайық-Каспий мемлекеттік балық тресінің колхозшылары қоршаудағы ленинградтықтарға 2 вагон азық-түлік, 10 мың тонна кептірілген балық жөнелткен. Осы жылдың мамыр айында «Атыраубалық» кооперативі мен балық-құты комбинатының ұйымдастыруымен 590 кило сапалы уылдырық дайындалып, майданға жіберілді. Ал, 1943 жылы балық-құты комбинатының ұжымы Жайық-Каспий бассейнінің өндіріс орындарымен бірлесе отырып, жоспардан тыс өндірілген 140 мың центнер балық өнімін КСРО мемлекеттік қорғаныс комитетіне жөнелткен болатын. Осы бір қомақты сыйлықты Орталық майданның қолбасшысы, армия генералы К.К.Рокоссовскийге Қазақстаннан барған делегация құрамында болған, комбинаттың майталман уылдырық жасау шебері Жаңабатыр Сарбөпиев Жайық-Каспий балықшылары атынан тапсырды.

Сондай-ақ, комбинат жұмысшылары Отан қорғау қорын, авиаэскадрилья мен танк колонналарын жасақтауға қаржы жинап, оны мемлекетке тапсырып отырды. Мұны біз Мәскеуге жолданған мына телеграммадан айқын аңғарамыз: «Жаңа 1945 жыл фашист басқыншыларын түпкілікті жеңу жылы болу үшін Жайық-Каспий мемлекеттік балық тресіне қарасты Атырау балық-құты комбинатының жұмысшылары мен интеллигенциясы өздерінің жеке жинақтарынан Қызыл Армияның жеңіс қорына 612 мың сомның мемлекеттік заем облигациясын тапсырады. Бұл біздің Қызыл Армияның гитлерлік Германияны талқандауды жеделдетуге және Берлин үстінде жеңіс туын желбіретуіне көмегіміз болсын!» делінген. Комбинат ұжымы Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы И.В.Сталиннің құттықтауына ие болды. Жауап телеграммада ол: «Қызыл Армияның жеңіс қоры үшін 612 мың сомның мемлекеттік заем облигациясын жинаған Атырау балық-құты комбинатының қызметкерлеріне өзімнің туысқандық сәлемімді және Қызыл Армияның алғысын жолдаймын», — деген болатын. Бұл комбинат жұмысшыларын жаңа еңбек жетістіктеріне жігерлендіре түсті.

Балық-құты комбинатының тарихи жылнамасындағы айтулы оқиғалардың бірі – Ұлы Отан соғысы жылдарында даңқты жерлесіміз, Кеңестер Одағының Батыры марқұм Қ.Смағұловпен өткен кездесу-митингі болатын. Қайырғали Смағұлов 1944 жылы наурыз айында Атырау балық-құты комбинатында болып, комбинат жұмысшыларымен кездесті. Қызыл әскер қатарына шақырылғанға дейін ол Жайық-Каспий тресінің Атырау балық-құты комбинатында жұмыс істеді. Осында жүріп Жастар Одағының қатарына қабылданды. Кездесуге қатынасқан жұмысшылар алдында Қ.Смағұлов: «Бұдан бес жыл бұрын осы клубта сіздер мені Қызыл әскер қатарына аттандырдыңыздар. Сол мезгілде сіздерге «Отан үшін қызмет етемін!» деп ант бергенмін. Қазір сіздердің алдарыңызда осы антымды абыроймен орындадым деп айта аламын», — деген болатын. Осыдан кейін ол комбинат жұмысшыларына өзінің және майдандас жауынгерлерінің ерлік істері туралы әңгімеледі. Қ.Смағұлов сөзінің соңын: «Неміс-фашист басқыншыларын біржолата жойғанға дейін рақымсыз күресемін, ал сіздер майданға көмектесіп, балық өнімдерін неғұрлым мол беріңіздер», — деп аяқтады. Комбинаттың бастауыш жастар ұйымының хатшысы Пряникова комбинат ұйымының бірінші тоқсан жоспарын мерзімінен бұрын орындағанын және тоқсан аяғына дейін 100 мың балық-құтысын жоспардан тыс беретінін хабарлап, батырды құттықтады…

Айдар САБЫРОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button