Жарнама
Қоғам

ТЫЛ – МАЙДАННЫҢ ТІРЕГІ

1939 жылы Үкімет халықтың рухын көтеріп, келешекке деген сенімін арттырып, ел экономикасын дамыту мақсатында Гурьев-Астрахан темір жолын салуға қаулы алады. Темір жол табанын төсеу жұмыстары Гурьев қаласы мен Новобогат, Теңіз аудандарының халқына жүктелді. Ол жылдарда халықтың ынтымақ-бірлігі, еңбекке деген құштарлығы ерекше-тұғын. Ал, бұғанасы бекімеген балалардың еңбекке деген ынта-жігерлері, берілген тапсырмаларды тыңғылықты орындаулары, сол кезде оқушы болсам да, әлі күнге дейін есімде.

Темір жол жұмыстары 1939-1940 жылдары Манаш-Забурын ауылдарында басталып-ақ кетті. Манаш ауылында мұндай аса жауапты жұмысты ұйымдастыру ауылдық кеңестің төрағасы (ол кезде Совет деп атады) Батырбай Бозтаев болса, Забурын ауылында Рахметолла Жүнісбаевқа жүктелген. Ал, аталмыш елді мекендердегі ұйымдастыру алқасы үштіктен құрылды. Олар: Совет, колхоз, мектеп мұғалімдер ұжымдары еді.

Кеңес төрағалары әр ұжымға темір жол табанын төсеу учаскелерін күнбе-күн өлшеп, белгілеп беріп, қатаң бақылауға алып отырады. Ол жылдарда ауылда ешқандай техника жоқ. Жұмыс тек қана адамдардың қолымен, білек күшімен, түйе, өгіз арқылы  атқарылды.

 Осы орайда маған облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің биылғы №1 санында жарияланған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуановпен салиқалы сұхбат  ерекше әсер етті. Себебі, мақалада Гурьев-Астрахан темір жол табанын төсеу жұмыстары мен оған қатысушылар туралы кеңінен баяндалады. Бұл бойымыздағы тұмарымыздай, ойымыздағы иманымыздай сеніп, жаздың аптап ыстығына күйіп, қыстың сары шұнақ аязды суығына тоңып, аш-жалаңаш, қар жамылып, мұз жастанып Жеңіс үшін жанын салып еңбек еткен қажырлы да қайсар тыл еңбеккерлерінің жаралы жүректерін жадыратты.

 Біз — Гурьев-Астрахан темір жол табанын төсеуден бастап, Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін тылдағы қым-қиғаш, сан салалы бейнеті мен мазасы көп жұмыстарды білек күшімен атқарғандармыз. Талай тынымсыз күндерді, ұйқысыз түндерді бастан кешкендерміз.

Сталинград майданын да біздер көрдік деуімізге болады. Себебі, Сталинград біздің ауылдан (Забурыннан) бар болғаны 200-300 шақырымдай жерде-ақ! Жау Сталинград қаласын бойлай кешкі түнде бомбалайды. Ал, біздер ұйықтай алмай, әр тасталған ауыр бомбаларды санап тұратынбыз… Немістердің ұшақтармен алып келіп парашютпен тастап кеткен десанттарын да көрдік… 

Тылдағы еңбек майданының қайраткерлері барлық шаруаны атқарды. Тіпті, Жеңіс үшін майданға ұшақ, танк, т.б. жасау үшін еңбекақыларын да жинап берді. Сталинград майданына танк жасақтау үшін біздің отбасы ағам Зейнолла Есенәлиевтің атымен 100 мың (бір жүз мың) сом ақша тапсырып, 1943 жылдың басында И.В.Сталиннің Алғыс хатымен марапатталды.

Біздер, заманында Гурьев-Астрахан темір жолының табанын төсеуге белсене қатынасқандар мен тылдағы еңбек майданының ардагерлері облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовпен ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуановқа  қайырымдылық қамқорлықтары үшін айтар алғысымыз шексіз. Десек те, Ұлы жеңістің 70 жылдық торқалы тойын атап өту қарсаңында тылдағылар майдангерлермен толықтай теңестірілу керек деп ойлаймын.

Нұр-Мұхаммед ЕСЕНӘЛІҰЛЫ, тыл еңбеккері, Жылыой ауданының Құрметті азаматы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button