Жарнама
Қоғам

Тығырықтан шығудың жолы қайсы?!

От пен су – тілсіз жау. Бұлар тосыннан келеді. Бейқам елге тап бергенде, не істеріңді білмей, өзіңнің табиғи апаттың алдында әлсіз, тіпті қарсы қыларға әрекетсіз екеніңді сезінесің. Биылғы қыс ортасында төпеп жауған қалың қардың асты сірескен мұз еді. Жаңбырдан соңғы қатты аяздың ақыры солай болды. Арқада да, елдің күншығыс өңірінде де табиғаттың дүлей мінезінің қалай болғанын бармасақ та, телеарна  хабарлары мен әлеуметтік желіге салынған бейнежазбалардан көрдік.

Табиғаттың тосын мінезі

Сөйтсек, бұл жай нәрсе екен. Күн жылынып, көктем күш ала берген шақта еліміздің он аймағын тасқын су алғанда көрдік қой, айтпай, аңдатпай келген қасіреттің не екенін. Ең ауыр да азабы – дәрменсіздігіңді сезіну екен-ау!.. Бүкіл үй-күйінен айырылып, бар баққан малы суға кеткен елдің еңірегенде етегі жасқа толды. Не деген қиын, тұла бойды түршіктіретін көріністер еді. Күн жылынып кетсе, аяғы жаман болуы мүмкін деген сөздер қалың, қақаған қыс ортасында ел аузында айтылған еді. Осының барлығын біле отырып, «неге қамсыздық таныттық екен?» деген ой мазалайды. Иә, ауызбен айтып жеткізгісіз қасіреттен құтқармаса да, соның салдарын азайтып, жеңілдетудің әрекетін істеп, қамдастыруға әбден болар еді-ау деймін мен де…

Біздің батысты да су алды. Ішінде Атырау аймағы да бар. Ақтөбе жақтан еселеп келіп, үстіне қосылып жатқан судың екпіні қатты болды. Көз алдымызда халқы тірлігін жасап, ұрпағын өрбітіп отырған Құлсарымыз су астында қалды. Ел аман, жұрт тынышта жиырма сегіз мың тұрғынын жан-жаққа алып шығып, орналастырдық.

Мұндайда «бастан құлақ садаға» деуші еді аталар мен апаларымыз. «Мал өлсе – өлсін, дүние күйсе – күйсін, басымыз аман болсын» демеуші ме еді?! Алтын басымыз аман ғой әйтеуір. Ниетімізден жазып, жаңылмасақ мал да бітер, тұрғызылатын ғажайып үйлеріміз де болар.

Расында, халқымыз қандай қайғы-қасіретті басынан кешпеді? Қынадай қырылды. Мұның бәрін кешегі ғасырларға ұласқан тарихымыздан жақсы білеміз. Қазіргі басымызға үйірілген тасқын судың қасіреті де соның бірі болып, тағдырымызға тап келді. Жеке басымызды емес, тұтас елімізді алаңдатқан ауыртпалық болды бұл.

 Осындай сәтте бабаларымыз «көппен көрген ұлы той» деп, сабырға шақырып, салиқалы сөз айтатын. Қайтейін енді, сондай сөзді арнап айтып, жазуға мен де мәжбүрмін…

«Неге қамданбадық, бақытсыздықты болдырмай айналып өтудің әрекетін жасап, іс қылмадық?!» деген сауал менің де санамды инеше сұққылап, мазалайды. Ойланамын, толғанып еріксіз өткен күндерге үңілемін.

Бөлекбай ағаның әсерлі әңгімесі

…Иә, мен ол кезде мектеп жасындағы бала едім. Үлкендерге үйірсек болып өстім. Әкемді іздеп келіп, әңгіме-дүкен құратын кісілер көп. Солардың бірі біздің Құрманқұл би бабамыздан барып табысатын аталас ағамыз Бөлекбай Сағынғалиев еді.

Бөлекбай ағамыз қазақ еліне ғана емес, Кеңес одағына есімі танылған белгілі тұлға болатын. Еңбек жолын он алты жасында Доссордағы кеніште мұнайшы болып бастайды. Өте зерек, ұғымтал, іске тиянақты қасиеттерімен дараланады. Сол ағамыздың есте сақтау қабілетіне қайран қалушы едім.

Бұл мыңнан біреуде ғана кезігетін Алланың сыйы шығар. Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы мұнай және газ университетін қатарластарының алды болып бітіреді. «Ембімұнай» бірлестігіне келіп, жоғары білімді маман ретінде қызметін жалғастырады. Араға әлденеше жыл салып Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің өндіріс бөліміне қызметке шақырылады. Содан сектор меңгерушісі қызметінен 1971 жыл «Ембімұнай» бірлестігінің бас директоры болып оралады.

Ол үнемі жеріміздің асты тұнған байлық екенін жиі әңгімелейтін. «Оны біз де бітіре алмаймыз, сендер де тауыса алмайсыңдар, ол болашақтың еншісіне кететін елдің байлығы» дейтін. Соны игерудің жаңа көздерін ашумен де айналысты. Ұзақ та табанды түрде зерттеу жүргізудің нәтижесінде Теңіз кенішін ашқанын қалай жаны жадырап жеткізгені күні бүгінгідей көз алдымызда. Бірақ, оны қалай игеру мәселесіне келгенде тығырыққа тірелетін. Бәрі мол қаржыға байланысты ғой. Оның көзі – Мәскеуде. Үкімет басшыларымен келісе, кеңесе отырып сол уақытта КСРО министрлер кеңесін басқарған Алексей Косыгиннің алдына баруға жиналып жүрді.

– Мен болашағы зор бағдарлама жасадым. Енді соны Мәскеудегілердің алдында дәлелдеп, көздерін жеткізе алсам, Теңіздің мұнайын игеруге кең жол ашылады,-деген еді. – Алайда мұның пайдасымен қоса айналадағы елге тигізетін зияны да аз болмайды-ау.

– Неге? — дейміз біз.

– Ауа ластанады. Айналаға улы газдар көп тарайды. Экологиялық зардаптары аз емес,-дейтін ол.

– Одан қалай сақтануға болады? — деп сұраймыз біз. 

– Экономикасы, мәдениеті дамыған Америка секілді елдердегідей амалдау керек. Олар игеріліп жатқан мұнай көздеріне таяу маңда елді мекен жасамайды. Мұнайшылар ауасы таза, керекті бар тұрмыстық жағдайлары жасалған жерлерден қатынап жұмыс істейді. Бізге де солай ету қажет.

– Гурьевтің ертеңі бұлыңғыр, қалай болатынын анық айта алмаймын. Ойда, теңіз түбінде орналасқанын (Қарабатан, АМӨЗ–автор) айтпағанда, әйтеуір бір кезеңде су астында қалу қаупі бар. Ал, Теңіз кен орнына жақын жерде орналасқан Құлсары, Қаратон, Сарықамыс, Қосшағыл, тағы басқа елді мекендерде экология жайы қиын болады. Сондықтан қазірден бастап осы елді мекендерді өсірмей, шектеу керек.

– Сонда қаламыз қай жақта болады? — деп тықақтаймыз.

– Жер табиғаты биіктеу, мәселен Махамбеттен жоғары жаққа, Жайықты жағалай тұрғызылатын қала құрылысын осы бастан қолға ала берсе болады. Жасыл желектендіруге мүмкіндігі мол өңір әрі Теңіз кенішінен жырақта орналасқан. Мұнайшылар Мәскеудегідей электричкамен қатынап жұмыс істейді, қауіпсіз, — дейтін ағамыз.

Шынымды айтсам, сол кезде әңгіменің арғы жағына тереңдеп бойлай алмайтын бала едім. Өмірдің қара қазанында қайнап, есейдім. Бөлекбай ағаның сөздерін ой сарабына салсам, оның мағынасы тереңде екен. Діттеген мақсатына жету үшін А.Н.Косыгиннің алдында сағаттап отырып, «Теңіз кенішін ашсақ, еліміздің экономикасын еселеп арттыруға жол ашылады» деген ойын дәлелдеп жеткізе білді. Жобалаған жоспарлы ісін жүзеге асыруға білек сыбана кірісті. Сол еңбегі тәуелсіздік жылдарында америкалық бірлескен кәсіпорын «Теңізшевройлға» ұласты.

Бүгінде компанияның кен орнында өткенді еске салатын Бөлекбай Сағынғалиевтің ескерткіші тұр. Оны көрген жұрттың дені айтулы тұлғаның құрметіне орнатылған ескерткіш деп қана қарайтын шығар. Ал, менің құлағыма асыл ағаның елді сақтандыратын сөздері жаңғырып келгендей болады. Оның үстіне су апаты дүйім елдің үрейін ұшырып, үйі мен тұрған жерінен безе қашқызғаны маған да ауыр тиді. 

– Теңіз кенішін игеруге қол жеткіздік. Бірақ, мұнайшылар тұратын жер алыста болса екен деген ойымды өткізе алмадым. Осыны есіме алған сайын ішім удай ашып, өртене жаздаймын. Мемлекетке мұнай қаншалықты керек болса, онда жұмыс істейтін адамдардың денсаулығы одан да қымбат болуы керек еді.

Сондай-ақ, Атыраудағы құрылысты азайтып, болашағы бар қаланы Индер жақтан тұрғызу туралы айтқан ойларым да жоғарыдағылардың көкейіне жетпеді. Мына Құлсары, Қосшағыл, Сарықамыс, Қаратон және басқа да елді мекендер өндірістен аулақ жерге көшірілсе жөн-ақ болар еді, — деп өкінішін сыртқа шығарып, өзгелерге сабақ болатын лебізін ақтарыла айтып еді.

Ел Индерді тау дейді. Тау емес, биік жер ғой. Тасқын су жетпейтін аймақ. Жайықтың екі жағының бір шақырымдай аралықтағы табиғаты ғажап. Еккен нәрсенің бәрі көктеп шығады. Мына тосыннан келген тасқын судың тасқыны ойландырды. Сондықтан Бөлекбай ағаның айтқандарын негізге алып, болашақ қала құрылысын сол жақтан қолға алған жөн секілді.

Ел ырысы – ынтымақ пен бірлік

Тағы бір ескеретін нәрсе, мұнайшылардың жатын орын жайы. Ол кеніштен аулақ болмаса, қайғылы оқиғалар бүгінгідей жалғаса береді. Бөлекбай аға осы жағын алдын ала сезіп, өмірінің соңына дейін мұнайшылар тұратын елді мекеннің өндірістен алыста болуын айтумен өтті. «Ештен кеш жақсы» демекші, сол мәселені ертеңнен бастап қолға алсақ та болар еді.

Биылғы қыстың елге әкелген қиындығы көп болды. Алайда, кімді жазғырарсың? Сондықтан ақылға тоқтап, сабырға келген жөн. Енді осы тығырықтан тез шығудың амалын ойластыру керек. Алапат өрт болса, аталарымыз артының жақсы болғанын тілейтін. Мұндайда ашу-ыза, айқай-шудың келтіретін кесірі көп болады. Дұрысы – елдің бір-біріне деген жанашыр сезімі, ынтымақ, бірлігі. Осындай жағдайда ғана жаманшылық оңай ысырылып, жақсылық жақындай түседі.

Жалғасқали ДҮТМАҒАНБЕТОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button