
Тұтынушылардың құқықтары қорғалып жүр ме?
«Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Тұтынушылардың құқтарын қорғау, құқықтық сауаттылығын арттыру және сауда қызметін реттеу» мәселесіне арналған “дөңгелек үстел” өтті.

«Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы Балжан Досмұхамбетова тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесінде құқықтық сауаттылықты арттырудың маңызы зор екенін атап өтті.
Іс-шараға Атырау облысы сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті, кәсіпкерлік бөлімі және басқа да қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.
Жиын барысында қатысушылар тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктері, олардың заңдық мүмкіндіктері, сонымен қатар сауда саласындағы өзекті мәселелер жайында пікір алмасты.
Спикерлердің айтуынша, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін кеңестер беру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Сонымен қатар, тұтынушылардың құқықтарының бұзылуы жағдайында оларды қорғау жолдары да талқыланды.
– Қазір тұтынушылардан сапасыз тауарларға, әсіресе, азық-түлік емес өнімдерге қатысты арыз-шағымдар көптеп түсуде. Сол үшін шағымы бар тұтынушыларға айтарым, ең алдымен тауарды сатып алған сауда орнына жүгініп, өз пікіріңізді білдіріңіз. Егер өнім сапасыз болып шықса немесе толыққанды пайдалануға келмейтін кемшіліктері болса, алдымен сатушыға ресми түрде арызданған жөн. Біз осыдан кейін ғана тұтынушының құқығы бұзылғанын ресми түрде бекіте аламыз. Кейбір азаматтар бұл тәртіпті білмей, бірден полицияға жүгініп жатады. Алайда құқық қорғау органдары мұндай арыздарды сауда орнына бағыттамайды. Сондықтан тұтынушыларға айтарымыз, қандай да бір шағым туындаған жағдайда ең алдымен сауда орнына өтініш жасау қажет. Көп жағдайда мәселе сатушымен тікелей байланыс арқылы тез әрі оңтайлы шешілуі де мүмкін, – дейді облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Еркебұлан Тағашов.
Жиын соңында қатысушылар тұтынушылардың мүдделерін қорғау бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп, заңнаманы жетілдіру қажеттігі туралы ортақ пікірге келді.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Суреттер автордікі