Тұтынушы құқығы қалай қорғалады?
Сауда және интеграция министрлігінің Атырау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сауда қызметін реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағыттарында жұмыс жасайды. Осы саладағы заңдылықтардың тиісті талаптарға сай сақталып, орындалуын қадағалайды.
Департамент басшысының міндетін атқарушы Әлем Уәлиевтің айтуынша, жыл басынан бері облыс тұрғындарынан немесе тұтынушылардан 270-ке жуық арыз-шағым түскен. Оның 114-і қанағаттандырылған, 82-сіне жазбаша түсінік берілген. Сондай-ақ, 49-ы тиісті мемлекеттік органдарға қайта жолданып, 13 адам арызын кері қайтарып алған, ал қалған 9 арыз департаментте қаралып жатыр екен.
Тұтынушылардың арыздарын мұқият қарап, мәселенің мән-жайын анықтап, құқықтарын қорғаудың нәтижесінде жалпы сомасы 4 млн. теңгеге жуық қаражат иесіне кері қайтарылған. Оған қоса арыздарға байланысты қосымша бес тексеріс тағайындалып, қорытындысында заң бұзушылық пен кемшілікке жол берген төрт лауазымды тұлғаға «ескерту» түріндегі әкімшілік жаза қолданылыпты. Біреуіне қатысты қысқартылған тәртіппен 51 750 теңге көлемінде айыппұл салынған.
– Департамент тарапынан тұтынушыларды ақпараттандыру, құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатындағы іс-шаралар кесте-жоспар негізінде жүйелі жүргізіліп келеді. Облыс орталығы мен аудандарда тұтынушының сауда нысандарындағы құқықтары мен қызмет көрсетушінің міндеттері көрсетілген жадынамалар шығарылып, көрнекі жерлерге ілінді. Мұның өзі қызметіміздің бұқаралық сипатын арттырып, ауқымын ұлғайтуға зор мүмкіндік жасады. Тағы бір айта кетерлігі, тұтынушылардың ұжымдық өтініші бойынша департамент тарапынан 4 талап арыз сотқа жолданды. Олар да оң шешімін табады деген сенімдемін, — деді Әлем Жеңісұлы.
Дәулетқали АРУЕВ