Жарнама
Қоғам

Туризм: Қазақстанның жаңа даму бағыты

Туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс. Мемлекет басшысы Қазақстанның Швейцариясы аталып кеткен Бурабай қаласындағы IV Ұлттық құрылтайда осылай деп, жергілікті жердегі республикалық және халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал ететіндігін атап өтті.


Туризм – экономиканың маңызды драйверлерінің бірі. Ол жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірлердің дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар, мәдени алмасуды нығайтып, ұлттық мұраларды сақтауға мүмкіндік береді. Туризм арқылы елге шетелдік инвестициялар тартылады, ал ішкі туризм халықтың өз елін тереңірек тануына жол ашады.
Еліміздегі туризм саласын дамытуға арналған іс-шаралардың нәтижесінде Қазақстанға келетін туристер саны артып, әлемдік рейтингтегі орын алға жылжыды. Бұрын туристік бағыттар тізіміндегі 119 ел ішінде еліміз 52-орынды иеленді. Ал, бұған дейінгі индексте Қазақстан 66-орында еді.
Ресми статистикаға сәйкес, шетелдік меймандардың елімізде орташа болу мерзімі – 4 күн.
Ұлттық банк мәліметінше, алыс шетелден келген туристер Қазақстанға сапары кезінде орта есеппен 1500 АҚШ долларын жұмсайды екен. 2024 жылы шетелдік туристер еліміздің аумағында 1,2 трлн теңгеден астам қаражат жұмсаған.
2019-2024 жылдар аралығында туризм саласында жалпы сомасы 550 млр. теңгеге 605-тен астам инвестициялық жоба іске асырылып, оның ішінде 2024 жылы 87 инвестициялық жоба сәтті аяқталды.
Ірі инвестициялық жобалар ішінен Шымкент қаласындағы «Махамбет» қонақ үйін (жоба құны – 4,9 млрд. теңге), Атырау облысындағы «Keremet Park»отбасылық паркін (3 млрд. теңге), сондай-ақ Алматы облысындағы «Ақ-Жайық» демалыс аймағын (1,8 млрд. теңге) атап өтуге болады. Былтыр мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Neo Nomad деп аталатын жаңа виза түрі енгізілді. Бұл виза заманауи көшпенділерге – саяхаттап, қашықтан жұмыс істейтін шетелдік туристерге арналған.
Neo Nomad визасын алған шетелдік туристердің Қазақстанда бір жылға дейін тұруға мүмкіндігі бар. Осы уақыт ішінде олар шетелдік компанияларда жұмыс істей алады. Бұл туристерге еліміздің мәдениеті мен тұрмысын жақынырақ тануға мүмкіндік беріп қана қоймай, ел экономикасына да пайда әкелмек.
Жалпы Қазақстанның туристік әлеуеті халықаралық аренада табысты насихатталуда. Шетелдік басылымдардың нұсқасы бойынша Қазақстан 2025 жылы саяхаттауға болатын ең үздік елдер санатына енді.
Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту жаһандық индексінде әлемнің үздік 50 елі қатарына кіруді мақсат етіп отыр. Бүгінгі күні еліміз
экотуризм, діни туризмнен бөлек туризмнің басқа да түрлерін дамытуға бағытталған іс-шаралар қолға алынуда.
Жалпы туризм саласын дамыту үшін ең алдымен, инфрақұрылым, климаттық жағдай, ел табиғаты, мемлекеттегі ішкі-сыртқы қауіпсіздік, қызмет көрсету сапасы, туристер сапарының ыңғайлы әрі жеңіл болуына баса назар аударылуы керек.

Айгүл БАҚТЫГЕРЕЙҚЫЗЫ,
Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің
бас сарапшысы

Сурет: kazinform.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button