Туристік нысандар мен жол салуға бюджеттен қаржы қарастырылмаған
Біздің өлке тек «қара алтын» мен «қызыл балықтың» отаны ғана емес. Мұнда таңғажайып тарихи және табиғи орындар да жетерлік.
Мәселен, Махамбет ауданында Сарайшық қаласы орта ғасырдан сыр шертсе, Жылыойда Иманқара үңгірі, Ақкегершін бор тауы мен Ақмешіт қорымы әлі күнге дейін құпиясын ішіне сақтап тұр. Ал, Аралтөбе мен Миялыдан «Алтын адам» мен «Темір адам» қол бұлғап тұрғандай. Сол сияқты, Қиғаш өзені бойындағы қайталанбас лотос гүлдері қараған көздің жауын алады. Сондай-ақ, Индердегі Тұздыкөлдің қасиетті қара балшығы талай жанды ауруынан айықтырғаны белгілі. Тек бір өкініштісі, аталған аумақтарға барып-келу оңайға түспей тұр… Себебі, жол жоқ. Иә, мұнайы ағылған мекеннің жолдары жабылған. Неге? Біз мұны облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабековтен сұрастырып көрген едік.
– Мойындаймыз, жолдың жоқтығымен инфрақұрылым жүйесінің жүргізілмеуі туризм саласын тығырыққа тіреп тұр. Оның үстіне, туристік орындар қала мен аудан орталығынан шалғай жатыр. Бірақ, туристік нысандар мен жол салуға бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Бұрын «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша мемлекет есебінен жол салынатын еді, қазір бұл да жоқ. Сондықтан, енді инфрақұрылым жүйесіне түгендеу жүргізіп жатырмыз. Яғни, қанша шақырым жол, қоқыс жәшігі , электр бағанасы, т.б. қажет, соны есептейміз. Содан кейін ғана ақша бөлу мәселесін көтереміз, — дейді Нұрбол Мейрамұлы.