Балалардың жазғы демалысы мен бос уақыттарын тиімді өткізу үшін Атырау қаласында «Туған жер» туристік-өлкетану бағытындағы лагерь жұмысын бастады. Экскурсиялық және дене шынықтыру-сауықтыру, табиғатты қорғау бағытын қамтамасыз ететін демалыс орны Тұрғындар қалашығы мөлтекауданындағы жағажай маңында орналасқан.
Жуырда ғана ашылған лагерь жұмысы жыл бойы ұйымдастырылады. Бір кезеңі он балаға арналған. Мерзімі төрт сағаттан он күнді қамтиды. Балғындар таңертеңгілік жаттығудан соң Жайық жағасында серуендейді. Жағажайда демалып, балшық пен саздан мүсіндер жасайды. Түрлі спорттық шараларға қатысады. Сурет салып, шахмат ойнауды үйренеді. Қолөнерге баулу да бар. Демалушы өрендерге жеңіл-желпі тамақтану ұсынылады. Сондай-ақ, Елбасының «Болашақа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өлкетану бағытындағы жұмыстар да қолға алынды.
– Облыс орталығындағы ескерткіштерді таныстыру жүзеге асуда. Алдағы уақытта өңірдің киелі жерлер географиясына кіретін орындарын аралатып, саяхаттау жоспарланды. Бүлдіршіндердің туристік техникаларды үйренуіне көңіл бөлінуде. Қазір табиғат аясында шатыр құруды меңгерді. Ендігі уақытта далада от жағудың қыр-сыры көрсетіледі. Қауіпсіздік үшін мұнда қажетті жағдайлар жасалды. Демалушылармен барлығы алты қызметкер қоян-қолтық қызмет етеді, — дейді лагерь жетекшісі Гүлжан Елешова.
Айта кету керек, туристік лагерьдің бір кезеңінің құны бір балаға 15 мың теңгені құрайды. Қазіргі уақытта облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының қолдауымен көп балалы, аз қамтылған отбасыларының бүлдіршіндері жаз қызығын тамашалауда.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ