Жарнама
Қоғам

Түн ішіндегі дүрбелеңнің нақты себебі белгілі болды

ҚАРАША АЙЫНЫҢ 13-ІНЕН 14-ІНЕ ҚАРАҒАН ТҮНІ АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ №18 ҚОСАЛҚЫ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНАН ӨРТ ШЫҒЫП, БІР МЕЗГІЛДЕ БІРНЕШЕ ШАҒЫНАУДАН, МЕКТЕПТЕР МЕН БАЛАБАҚШАЛАР, БАСҚА ДА БІРҚАТАР ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗДЫ НЫСАНДАР ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛДЫ. БҰҒАН АУА РАЙЫНЫҢ ҚОЛАЙСЫЗДЫҒЫ МЕН ТАБИҒАТТЫҢ ТОСЫН МІНЕЗ ТАНЫТУЫ СЕБЕПШІ БОЛҒАН. КЕШЕ ӨҢІРЛІК КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСПАСӨЗ АЛАҢЫНДА ӨТКЕН БРИФИНГТЕ ОҚЫС ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ, ОНЫҢ ЗАРДАБЫН ЖОЮ МАҚСАТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР БАЯНДАЛДЫ.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Серік Нысанбаевтың айтуынша, оқыс оқиғаның салдарынан Геолог, Жұлдыз, Бірлік, Томарлы, Контейнер, Вокзал маңы шағынаудандары электр қуатынсыз қалған. Жағдайды жеке бақылауына алған облыс әкімі Серік Шәпкеновтың тапсырмасы бойынша «Атырау–Жарық» АҚ және қалалық әкімдіктің авариялық қызметтері апатты жағдайдың салдарын жою және электр энергиясын беруді қалпына келтіру бағытында жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Дүйсенбі күні таңертең Вокзал маңы шағынауданында электр қуаты қалпына келтірілді. Басқа нысандар бойынша да осындай жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.

screenshot 13 3

– Бұдан бұрын Береке шағынауданында орналасқан №18 қосалқы электр станциясынан өрт шыққан болатын. Осы кезде аталған станциядан тұтынушыларға әуе желісі арқылы ток таратып тұрған КРУН-10 кВ кабельді каналының бойында қызыл жалын байқалған. Соған байланысты осындағы В-110 кВ Т-1 және Т-2 трансформаторлары шұғыл қуат көзінен ажыратылды. Оқиға орнына өрт сөндірушілер де жеделдете жетіп, тілсіз жауды ауыздықтауға кірісті. Жарты сағаттың ішінде өрт толықтай сөндірілді. Апатты қалпына келтіру бригадасы барған кезде сырттан ылғал өтіп, басқалай да жағдайлардың әсерінен емес, өрттің стансаның ішінен тұтанып, кабельдердің үзілуі, дәлірек айтқанда ақауға ұшырауы салдарынан болғандығына көз жетті. Желінің басым бөлігінің бүтін, яғни пайдалануға жарамды екені анықталды. Оның үстіне, нысанның айналасы су ішке құйылмайтындай етіп бетондалған, — деді «Атырау–Жарық» АҚ-ның тете президенті Мейірбек Ғұбашев.

Оның айтуынша, апатты жағдайды қалпына келтіруге барлығы 5 бригада, 40-тан астам адам мен арнаулы техника жұмылдырылып отыр. Кабельдің ақауға ұшыраған бөлігін ауыстырып, жаңартуға қажетті материал да жеткілікті екен.

– Әрине, өз тарапымыздан абоненттердің ұзақ уақыт жарықсыз, жылусыз қалмауы үшін жұмыстанғанымызбен, қаладағы электр желілері мен қосалқы, сондай-ақ кешенді электр станцияларының бәрі бірдей біздің кәсіпорынның теңгеріміне кірмейтінін немесе бағынышты емес екенін ескерсек, бұл жағдай өзекті проблеманың түпкілікті шешімін таппауына кері әсерін тигізіп отыр. Бүгінгі таңда шаһардағы 400-ге жуық подстанция мен трансформатор «Атырау–Жарықтың» қарамағында болса және осыншасы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгерімінде.

Ал, басым бөлігі, дәлірек айтқанда, 1300-ге жуық нысан кәсіпкерлік субъектілеріне қарайды, солардың меншігінде. Сондықтан да, олардың бәрінде бірдей талапқа сай техникалық күтім жасалып, жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, желі бойында ақаулар пайда болып, әлгіндей жағдайдың орын алуына себепші болады. Қай жерден болғанын анықтау үшін желінің бойын түгел тексеріп шығуға тура келеді, ал ол көп уақытты алады. Біреудің меншігіндегі нысан болғандықтан олардың есігін рұқсатсыз ашып, баса-көктеп кіруге қақымыз жоқ. Бұл жағдай бұған дейін де талай мәрте айтылған болатын. Өкінішке қарай, «баяғы жартас бір жартас» күйінде қалуда, — деді Мейірбек Уахитұлы.

Бұл күндері қаланың Жұмыскер, Өркен шағынаудандарындағы бірқатар көшелер, бірнеше мектеп пен мектепке дейінгі балалар мекемесінде де жарық өшті. Осы себепті балалар сабақтарын онлайн режимде оқуға мәжбүр болды. Электр энергиясының үзілуінен интернет жүйесі де іске қосылмай, біраз қиындық келтіруде.

Брифингке қатысқан Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза Шаңгереева аптаның бастапқы күндері 1062 балабақша тәрбиеленушісі үйлерінде болса, жоғарыда аталған мектептерде оқитын 10307 мектеп оқушысы сабағын онлайн режимде өткізіп жатқанын айтты. Жарықтың сөнуінен барлығы 8671 жеке және 715 заңды тұлға қараңғы жерде отыруға мәжбүр болып отыр. Ал, мұндай жағдайдың бірінші рет емес, бірнеше мәрте орын алып, жыл сайын дерлік қайталанып келе жатқанын ескерсек, шешімді шарасын алмаса, оның жалғаса бермесіне кім кепіл?

Д.ЛАТИФҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button