Жарнама
Қоғам

ТУМА ТАЛАНТҚА ТАҒЗЫМ

 «Сағынышым – мектебім»

Өткен жұма күні Х.Ерғалиев ауылындағы күйші есімімен аталатын орта мектептен бастау алған «Сағынышым – мектебім» атты үлкен мерейтойлық шараны ұйымдастыруға осыдан 60 жыл бұрын Аманкелді атындағы орта мектепті бітірген ұстаздың шәкірттері ұйытқы болды. 1955 жылы осы ауылда орта мектепті тәмамдаған бүгінде самайларын ақ шалған, жастары сексеннің сеңгіріне таянған ата-әжелер әуелі Қамысқала мешітінде ұлағатты ұстаздарының рухына бағыштап, дұға оқыды. Сосын Ұлы Отан соғысында майдан даласынан оралмай қалған асыл боздақтар есімдері жазылған «Мәңгілік алауға», Ғибатолла Мәсәлімов атындағы орта мектеп ауласы алдындағы ескерткішке гүл дестерлерін қойып, тағзым етті. Мұнан соң айтулы жиынға шақырылған қонақтар мектепте өткен сынып сағаттарына қатысып, оқушылармен кездесті. Мектеп мұражайында болып, оның қорын өздерінде сақталған тың жәдігерлермен толықтырды, мұражай журналына ізгі тілектерін жазып, қолтаңбаларын қалдырды.

Аудан әкімінің орынбасары Мәди Өтеғалиев тума талант иесінің өмірі мен ұстаздық қызметі, өнер жолындағы өнегелі істері туралы жан-жақты баяндады. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» демекші, Ғибатолла күй орындаудың асқан шебері ғана емес, ол кезінде сурет өнеріне де аса ден қойған қылқалам шебері екендігін де оның шәкірттері мойындайды. Дарынды суретші Шаймардан Сариев, Қазақстанның халық әртісі, күйші Әзидолла Есқалиев, белгілі өнер иелері Сағын Жалмышев, Нариман Үлкенбаев, «Республика халық ағарту ісінің үздігі», «Құрмет белгісі» орденінің иегері Алдамберген Хамзин сынды ұстаздарына қарап, бой түзеген де, ой түзеген де шәкірттері жетерлік.

Облыстық білім басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев өткен жылы білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның материалдық- техникалық базасының жылдан-жылға нығайып келе жатқандығын айтты.

 — Облыстық әкімдік пен білім басқармасы бүгінгі ұйымдастырылып отырған шараның жас жеткіншектер үшін үлкен тәрбиелік мәні мен тағылымы мол болғандықтан оған ерекше көңіл бөлуде. Бұл кейінгі жастарға үлкен сабақ боларлық, өнеге аларлық іс. Ардагер аға-апаларымыздың айтқан бата-тілектері мен өсиет сөздері балалардың туған жерге, өз еліне деген патриоттық сезімдерін қалыптастыруға, қиындықтарға мойымай оқу-білімге, өзінің қанат қақтырған ұшқан ұясына деген сезімдерін қалыптастыратынына сенеміз, — деді Берікқали Жоланұлы. Ол мектеп ұжымына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің құттықтау хатын оқып беріп, су жаңа «ГАЗель» автокөлігінің кілтін табыстады.

Мұнан соң Ғибекеңнің шәкірттері – Атырау облысының Құрметті азаматы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, денсаулық сақтау саласының ардагері Задош Құсайыновтар сөз алып, сол бір қиын қыстау замандағы өздерінің оқу-білімге деген ынта-ықыластарын айтып, ойларымен бөлісті, шәкірт кездеріндегі қызғылықты жайттарды еске түсірді.

Жиналғандарды Индер аудандық мәслихатының хатшысы Бағдат Сапаров, Қамысқала ауылдық округінің әкімі Сансызбай Сәменов, аудандық білім бөлімінің басшысы Бақберген Қарабаев құттықтап, ізгі тілектерін жолдады. Махамбет аудандық білім бөлімінің әдіскері болып жұмыс жасайтын Ғибатолланың қызы Болған Мәсәлімова әкесі туралы, оның отбасындағы, бала тәрбиелеудегі адами қырларына тоқталды. Осынау мерейтойды әсерлі, әрі есте қаларлықтай өткізуге ұйытқы болған ұйымдастырушыларға ұрпақтары атынан ризашылығын білдірген ол үздік оқитын шәкірттер мен ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарған әріптестеріне Алғыс хаттар мен ескерткіш сыйлықтарын, мектеп мұражайына әкесінің өміріне қатысты жәдігерлерін тарту етті.

Еңбек ардагері, мектептің 1955 жылғы түлегі Сақтай Бекқалиев өзінің балалық шағы сұрапыл соғыспен тұстас келгендігін, жарытып тамақ ішпей, жұпыны киіммен, оқу құралдары жетімсіз болса да балалардың білімге деген құштарлығы өте жоғары болғандығын, көбінің бұғанасы бекімей жатып, еңбекке араласқандығын еске алды.

Махамбеттегі күйшілер  сайысы

Дүлдүл домбырашыны еске алуға арналған шара Махамбет ауданының орталығындағы «Өнерпаз» мәдениет үйінде жалғасты. Кеште аудан әкімінің орынбасары Мардан Сейітқалиев сөз алып, Махамбетте тұратын Ғибекеңнің жары Ажар әжейді де мерейлі жасымен құттықтап, оған ұлықтау-марапатын көрсетті.

Жиында индерлік мәдениет қызметкері Гүлнәр Қайырлиева, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, ардагер Жанай Беркалиев, бел-гілі күйші Ғатау Ібішев, Ғибекеңмен жұмыстас болған інісі Қата Қабдрахманов және басқалары құттықтау тілектерін жолдап, естеліктерімен бөлісті. Жұртшылық Новобогат балалар саз мектебі жанындағы «Көңіл күйі» сазды аспаптар ансамблі өнерлі өрендерінің орындаушылық шеберліктеріне тәнті болды.

Басқосу күйшіге арналған күй сайысына ұласты. Индер, Махамбет, Исатай аудандарының өнерпаздары махамбеттіктерге көңілді кеш сыйлады. Облыстың бас домбырашысы Ғатау Ібішев қазылық еткен сайыс қорытындысында Исатай ауданындағы Новобогат балалар саз мектебінің мұғалімі, облыстық байқаулардың жеңімпазы Нэля Жақсымбетова бас жүлдені қанжығасына байлады. Бірінші орынды махамбеттік Рамиль Елемесов иеленді. Екі екінші орынды исатайлық Асқар Салихов пен индерлік Серік Нысанов бөлісті. Күй сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне сый-сияпаттар ұсынылды. Ғ.Мәсәлімовтың 90 жылдығына орай ұрпақтары атынан ас берілді.

Бақытжан ЖҰМАТ, Аяпберген САЛИХОВ.

Суреттерді түсірген Ә.ШАРАПИДЕНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button