«Тума» базарынан қашан құтыламыз?»
Атырау қаласының тұрғындарын толғандырған бұл мәселе шұғыл шешімін күтеді. Шаһардың ескі әуежай аумағында орналасқан «Тума» мал базарын қаладан тыс жерге көшіру жөніндегі әңгіменің басталғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Алайда, күні бүгінге бұл мәселе «баяғы жартас бір жартас…» күйінде қалуда.
Сөзіміз дәлелді болу үшін осы мәселеге алаңдаушылық білдірген бір топ қала тұрғынының үніне құлақ түріп көрсек. «Бұл бір биыл ғана емес, біраздан бері мазалап келе жатқан мәселе. Шынымен де «Тума» базары бір кездері шаһардың бір шеті саналғанымен, бұл күнде қаланың қақ ортасында қалған. Ауласында мал сойылып, қан-жын төгіліп, бас пен сирақ үйтілгендіктен базардан шыққан жағымсыз иіс қолқаны қауып, осы маңдағы тұрғындардың қалыпты тірлігі мен демалысына қолайсыздық туғызуда. Әсіресе, сол бағыттан жел соққан күндері еркін тыныс алудың өзі қиын. Мұны сан мәрте көтеріп, мұңымызды айтып, шағымданғанымызбен, оған назар аударып, көңіл бөліп жатқан қала әкімі көрінбейді. Базарды қаланың сыртына көшіру жайлы әңгіменің қозғалғалы да көп мезгіл өтті. Әзірге нақты нәтижені көре алмай отырмыз» дейді солардың бірі Жәнібек Сардаров.
Ал оның сөзін қостаған қала тұрғыны Қуаныш Нұрмұхановтың айтуынша, базардың айналасында бұралқы иттер толып жүреді. Өйткені, мұндағы саудагерлер оларға күнделікті қалдықты беріп, жаман үйретіп қойған. Қарындары тоқ болса да, арасында адамға шабатындары да кездеседі. Бұл әсіресе, балаларға қауіпті болып тұр. Алдыңғыларының әңгімесін жалғаған Нұрбек Қонысов пен Жақсылық Іздебаев та солардың сөздерін қостады. Қайткенде тездетіп, «Тума» базарын бұл жерден көшіру керек. Әйтпесе, жағдай ушығып, жағдай күрдедене түсетін тәрізді.
Осыған орай әңгімеге араласқан қала әкімдігі баспасөз қызметініің жетекшісі Ғасырбек Төлегеннің түсіндіруінше, қанша жерден айтылғанына қарамастан, осы мезгілге базарда бірде-бір ветеринариялық және санитариялық талаптарды бұзу дерегі тіркеліп, адам денсаулығы мен өміріне қауіп тудыратын жағдай орын алмаған. «Тума» әу баста белгіленген кәсіпкерлік қызмет түрімен, яғни малды сойып, сатумен айналысып келді. Алайда, әлеуметтік желілерде жарияланған тұрғындардың наразылғын назарға алған қала әкімі болашақта оны әлеуметтік бағытта жұмыс жайтын нысанға айналдыру көзделіп отырғанын жеткзді. Осы тұрғыда базар орналасқан жер телімінің иесімен сөйлесіп, мән-жайды түсінді. Ойға алған жобаны жүзеге асыру үшін телімді мемлекет меншігіне қайтару талап етілетінін қаперіне берді. Ал «Тума» базары келешекте қаланың шеткерірек аймағына көшірілетін болады. Қазіргі уақытта мұның жоба-жоспары жасақталып, тиісті тараптармен келісіліп, тиянақталу үстінде.
Дәулетқали АРУЕВ