ЖАҢА ЖАТАҚХАНА – ЖАСТАР ИГІЛІГІНЕ!

Шәкірттердің жүрегіне нұр құйған, үлкен өмірге қанаттандырып отырған облыс орталығындағы бірегей білім ордасы Атырау инженерлік-гуманитарлық институты жаңа ғимаратпен толықты. Осы уақытқа дейін мұнда студенттерді әлеуметтік қолдау, жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі күрделі болып келген еді. Енді аталған оқу ордасы жанынан 180 орындық жаңа жатақхананың құрылысы аяқталып, өзге облыстар мен аудандардан келген студенттер үшін баспана мәселесінің оңтайлы шешілуіне жол ашты.

Қазір мұнда екі мыңнан астам студент он мамандық бойынша жоғары білім алуда. Соның ішінде, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және тағы басқа өңірлерден келген жастар да бар.

Жаңа жатақхана құрылысы екі жыл бұрын басталған. Төрт қабаттан тұратын зәулім әрі жарық ғимаратта студенттерге қажетті барлық жағдай жасалған, жиһаздармен толық жабдықталған. Әрбір қабатта асүйлер мен кір жуу бөлмесі жастар игілігіне қызмет етеді. Жатақхана бөлмелері екі және төрт адамға арналып  салынған. Ғимараттың инфрақұрылымдық мүмкіндігі де жоғары. Демалыс орны, оқу залы, студенттер кеңесі кабинеті де талапқа сай.

Технологияның дамыған заманында студенттерге ғаламтор желісі де ауадай қажет. Институт басшылары мұны да естен шығармаған екен. Алдағы уақытта студенттерге арналған сымсыз ғаламтор желісі де қосылмақшы.

– Жаңа типтегі бұл жатақхана студенттердің сұранысын толық өтейді, – дейді институттың ғылым, халықаралық байланыс және тәрбие ісі жөніндегі проректоры, профессор Киікбай Жаулин бізге берген сұхбатында. – Осы уақытқа дейін институт колледжінің бұрынғы ғимараты 40 орындық жатақхана есебінде пайдаланылып келген. Жатақханаға сұраныс көп, ал, орын аз болды. Енді бұл мәселе түбегейлі шешіліп студенттерге жағдай жасалды. Ең алдымен, шалғай аудандардан келген студенттерді, екіншіден, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларды орналастырамыз.

Институт ректоры, профессор Ерсайын Ихсановтың айтуынша, қазір институттың материалдық-техникалық базасын нығайту – басты міндет. Қазір бес қабатты жаңа оқу ғимаратының құрылысы жүруде. Бұл нысан оқу ордасының бас ғимараты болмақ. Мұны келесі оқу жылында тапсырғалы отыр. Алдағы уақытта институт жанынан 1200 шаршы метрді құрайтын заман талабына сай спорт кешенін салуды да қолға алмақ жоспарлары бар. Бұл жұмыстардың нәтижесі студенттердің сапалы білім алуына септігін тигізері сөзсіз. Өйткені, жақсы білім алу үшін, ең алдымен, студенттерге толық жағдай жасалуы керек. 

Информатика мамандығының IV курс студенті, маңғыстаулық Жадыра Берікбаева:

– Атырауда туыстарым жоқ, ал, пәтер жалдап жатуға қалта көтермейді. Сондықтан, бірінші курстан бері ескі жатақханада тұрып келген едім. Ал,  жаңа ғимараттың іші кең, жарық, жылы. Студенттерге жақсы білім алып, осында тұруға барлық мүмкіндік жасалып отыр, сол себепті, өте қуаныштымын, – дейді.

Радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандығының студенті Арайлым Биғожиева бұған дейін құрбыларымен бірге Авангард мөлтекауданында пәтер жалдап келген. Ай сайынғы төлем 100 мың теңгені құрағанын айтады.

– Өзім Құлсары қаласынанмын. Бес-алты қыз бала қосылып, пәтерақысына ай сайын 16-18 мың теңгеден жиналып төлеуші едік. Адам саны азайса, пәтерақы бұдан да қымбатқа шығып кететін. Ал, жатақханаға айына небәрі үш мың теңге төлемекпіз. Мұны институт әкімшілігінің жастарға жасалған үлкен қамқорлығы деп білемін, – дейді студент қуанышын жасырмай.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Беттің суреттерін түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз