Жарнама
Қоғам

Туған күніңмен, Киелім! Жанымдай сені сүйемін!

Саған қарап бой түзедік

Төсінде Сарыарқаның бой түзеп ең,
Бар Алаш саған қарап ой түзеген.
Ішінде мен де бармын сол Алаштың,
Өзіңді мақтан тұтпас ойсыз емен.

Асқақтап Хан шатыры, Бәйтерегің,
Тұрасың елестетіп ертегі елін.
Осыны тіріліп кеп көрер ме еді,
Ішінде өскен бабам жертөленің.

Ішетін мөлдірінен құмар қанып,
Ағады ерке Есіл сылаң қағып.
Елорда еңсесі тік көтерілген,
Елімнің тіршілігін тұрар бағып.

Мешіттер күмбезін күн аймалаған,
Айналаң жасыл желек қаумалаған.
Сергітіп келген жанды жібереді,
Есілден есетұғын саумал ауаң.

Өзің ең ертеңіме сенім берген,
Кешегі Сәкендердің көзін көрген.
Торқалы тойың тағы құтты болсын,
Жасай бер, төр Астанам еліңменен!
Тарас НАУРЫЗӘЛІ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі,
Атырау қаласы.

Арманның аңызы ақиқат

Мен…
О бастан аппақ арман ем!
(Сезбеген шығар да сол шақта болған ел…)
Бауырлап атқанда Бозоқтың ақ таңы,
Сезетін!
Болашақ болмыстың елесін көретін арда бел.

Тарихтың көне жанары болып
Есіл мен Нұра арнасы,
Жосылып сонау Жібек жолының жалғасы,
Қараөткел қаққан қазықта қалды сол шақта
Бір күні келер «Тұғырлы таңның» таңбасы.

Серт еткем сонда:
«Арқаның төсінде туымды көкке іліп,
Тұранда тыныштық түйесін шөктіріп,
Жаһанның жанарын өзіне байлар, — деп, —
Қазақтай ұрпағың, киелі Көктүрік!»

Содан соң өткеннің көз жасын
Қайралған кегіммен құрғаттым.
Санамда солдырып қайғының соңғысын,
Дүбірлі той кешкен таңменен бірге аттым,
«Сарыарқа» күй болып болмысым.

…Бүгінге жеткізіп, сан ғасыр, жыл өтті.
Тірімін!
Мың жылдық тамырым дір етті!
…Астана – арманның аңызы ақиқат.
Ақиқат осындай – Алаш жүректі!
Ажар ЕРБОЛҒАН.
Астана қаласы.

Астана

Астанам! Ару қалам, асқақ ордам,
Қалың жұрт, қазағыма қорған болған.
Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым,
Бермеген ел намысын жатқа қолдан.

Бозоғым, бозбеткейлім баққа оранған,
Тарихтың қойнауынан тапқан олжам.
Баянды бақытымның бастауындай,
Айналдың Астанаға аппақ арман.

Жар болып Жаббар Ие жалғыз ғана,
Ғасырға аяқ бастық ал біз жаңа.
Сұрланып сырт айналған суық көздер,
Қарайды әлі саған сәл қызғана.

Көш келді Қараөткелге өр тұлғалы,
Кеңесін ерлерімнің ел тыңдады.
Тұлғасы бой көтерді Хан Кененің,
Жарасып жарқ-жұрқ еткен ер-тұрманы.
Қалқаман САРИН,
Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты.
Астана қаласы.

Төбемдегі жарық күн

О, киелі ел, төбемдегі асыл күн,
Сен жайлы ойлап ұйықтай алмай жатырмын.
Қанды тырнақ кешіп өткен ғасырдың
Уысынан Азияның төріне
Алшысынан түсіп қалған асығым.

Көк байрағың көк аспанда қалқыған,
Бар қазаққа айбын болған алтын ән.
Күллі әлемнің махаббатын тәнті ғып,
Сүйреп келген бойымдағы тамшы қан.

Сен болған соң тебіренген ақынмын,
Сен болған соң асып айтар батылмын.
Талай мәрте асауыңмен алысып,
Қолым сынды, жең ішінде жасырдым.

Қақпан қиған балтырымның жарасын,
Үрлеп жазған пақырмын.
Кеудемдегі құлын жүрек шырқырап,
Сені сүйіп жатырмын.

О, киелі ел, төбемдегі жарық күн,
Мен өзіңсіз мүсәпірмін, ғаріппін.
Жаттың балы таңдайыма тұз татып,
Сенде жұтқан қара суға қарықпын.

Жауың үшін кеуде тосар алыппын,
Қасиетті тек-тамырды таныппын.
Енесіне ентелеген құлындай,
Тепкілесең еті ауырмас халықпын.
Тек тұтылма, алаш жұрты, жарық күн,
Сен тұтылсаң, маған осы – анық мұң.
Гүлісхан ДОМАЛАЙҚЫЗЫ,
оралман.
Астана қаласы.

Дастанындай ерліктің

Есілдің жағасында жайраңдаған,
Көркіңе көз тоймайтын қайран қалам.
Бұл қала – асыл қала, арман қала,
Анамдай ыстық құшақ жайған маған.

Бейнелеп ел тілегін,
Мәуелі бәйтерегім.
Ерліктің дастанындай,
Бақыттың бастауындай,
Астана – арман қалам,
Астанам, сәлем саған!

Үміттің жалауындай желбіреген,
Сағыныш моншағындай мөлдіреген.
Көк туым қуат беріп арманыма,
Көктемнің шуағындай елжіреген.

Батырдың тұлғасындай,
Сұлудың сымбатындай,
Бірлік пен берекенің,
Қайнары мерекенің,
Астанам – арман қалам,
Бабалар қасиетін тоғыстырған.
Бақ қонған, қыдыр дарып кең өлкеме,
Сен бейне жүрегімсің соғып тұрған.
Ән-күй боп тербетілген,
Айналдым келбетіңнен.
Астанам – арман қалам,
Астанам, сәлем саған!
Айгүл НҰРЫШҚЫЗЫ,
Бейжің, ҚХР.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button