
Төрт қабырғаға қамалған бала…
Міне, жаздың да бел ортасы ауып, тамыздың табалдырығы жақындап келеді. Алайда қала көшелерінде, көп қабатты үй аулаларында бос сенделіп жүрген балаларды көргенде еріксіз ойға қаласың: “Бұл бала неге лагерьге бармады екен?”, “Ауылда ата-әжесі жоқ па екен?”. Қайда барса да кең даланың еркіндігін көрмей, тас қабырғалар арасынан шықпай жүрген балалардың қазіргі күйі көңілге кірбің ұялатады.
Ауылдан алыстаған ұрпақ
«Жазда атамның ауылына барып едім қыдырып…» деп басталатын өлең жолдары бүгінде талай бала үшін беймәлім ұғымға айналып бара жатқандай. Өйткені қазір ауылға бару – екінің бірінің еншісіндегі дүние емес. Кең даланың төсінде асыр салып, таза ауамен тыныстау түгілі, кейбір балалар тіпті ауылдың не екенін білмей өсіп келеді. Бұл – бүгінгі қоғамның ащы шындығы.
Қалада тұратын кейбір ата-аналар балаларын ауылдан гөрі шетелге немесе өзге үлкен қалаларға қыдыртуды жөн санайды. Алайда бұл да көпшіліктің қолынан келе бермейтін іс. Мәселен, біз тілдескен Аяулым есімді жас ана өзінің баласын басқа қалада тұратын туысының үйіне де жібере алмай отырғанын айтады.
– Қазақтың дархан қонақжайлығы баяғыдай емес. Ағайын-туыс та бұрынғыдай ашық емес. Балаларымызды «ел мен жер танысын» деп өзге өңірлердегі лагерьлерге жібергіміз келеді, бірақ олардың бағасы удай қымбат. Мұны қарапайым отбасылардың қалтасы көтере бермейді,-дейді ол.
Шынында қазіргі қоғамда материалдық жағдай бірінші орынға шыққаны жасырын емес. Туыстық қатынас әлсіреп, бала тәрбиесі екінші кезекке ысырылып бара жатқандай. Ал жазғы демалыста балалардың уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі жылдан-жылға өзектілігін арттыра түсуде.
Ендеше, биыл қанша оқушы жазғы лагерьмен қамтылды? Жарнамасы жер жарған «баланы дамытатын» орталықтардың шынайы мүмкіндігі қандай, баланың демалысын мағыналы өткізуге арналған өзге қандай жолдар бар? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын іздеп көрдік.
Қазіргі жастардың басым бөлігі демалыс күндерін телефон мен компьютерге телміріп өткізетіні жасырын емес. Таңнан кешке дейін смартфон экранына үңілген баланың психологиялық күйі де, денсаулығы да сыр береді. Көз шаршайды, омыртқа қисаяды, қозғалыс азаяды. Ең өкініштісі бала виртуалды әлемге тәуелді бола бастайды. Ал мұндай жағдайда жазғы лагерь – баланы шынайы өмірге қайта оралтатын таптырмас мүмкіндік.
Мұнда бала телефоннан алыстап, табиғатпен тілдеседі, жаңа достар тауып, командамен жұмыс істеуді, өзін-өзі басқаруды үйренеді. Шеберлік сыныптары, спорттық жарыстар, шығармашылық кештер, мұның бәрі баланың өзін танып, жан-жақты дамуына жағдай жасайды. Ең бастысы гаджетсіз өмірдің де қызықты, әсерлі болатынын өз көзімен көреді.
Лагерь күні көңілді
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Светлана Аманшиеваның айтуынша, биыл өңірде 134 мыңнан астам оқушы жазғы демалыс лагерьлерімен қамтылуда. Балалар облыс аумағындағы тынығу орындарында ғана емес, көршілес елдердегі сауықтыру орталықтарында да демалып жатыр екен. Оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруда жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен қатар, өңірдегі өндірістік компаниялардың демеушілік көмегі де айтарлықтай рөл атқаруда.
Мәселен, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балалары Ресейдің Железноводск қаласына қарасты Иноземцево ауылындағы «Қазақстан геологі» емдеу пансионатында тынығуда. Табиғаты таңғажайып, Бештау тауының етегінде орналасқан бұл орын – саф ауасымен, минералды суымен және орманды алқаптарымен шипалы демалыс ұсынады. Пансионат аумағында орналасқан «Славяновская» атты минералды судың көзі балалар денсаулығын нығайтудың бір құралы ретінде кеңінен қолданылуда.
Биылғы жазғы маусымның басты жаңалықтарының бірі лагерьлерді басқарудың орталықтандырылған жүйеге көшуі болды. Енді «Қазақстан геологі» пансионаты облыс көлеміндегі бірқатар демалыс орындарының жұмысын үйлестіреді. Соның бірі – Индер ауданындағы Елтай ауылында орналасқан «Жас өркен» лагері. Маусым айының 12-сінен бастап бұл тынығу орнында 504 бала демалып үлгерсе, алдағы уақытта тағы 9 кезең бойынша 1000-нан аса оқушыны қабылдау жоспарланып отыр. Пансионат басшысының міндетін атқарушы Шолпан Есқалиева бұрын бұл лагерьде тек аудан балалары демалса, енді облыстың әр түкпірінен келген өрендерге есік айқара ашық екенін айтты.
Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылында орналасқан «Арай» балалар лагері де биыл жаңарып, қайта жаңғыртылған кейіпте келушілерді қабылдай бастады. №2 арнайы мектеп-интернатының ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, енді заманауи лагерь ретінде пайдалануға берілуде.
Облыстық білім беру басқармасынының мәліметінше, балаларға еліміздің өзге облыстарындағы демалыс орындарына да жолдамалар беріліп, оларды жаңа ортаға бейімдеуге, көкжиектерін кеңейтуге нақты жағдай жасалуда.
Талантты ашатын тегін үйірмелер
«Бұл күнде тегін үйірме табыла ма?» деп ойлауыңыз мүмкін. Дегенмен қаладағы облыстық Абай атындағы шығармашылық орталығы дәл осындай мүмкіндік беруде. Мұнда оқушыларға арналған тегін үйірмелер жүйелі түрде ұйымдастырылып, түрлі бағыттар бойынша жұмыс жасап жатыр.
Орталық директорының уақытша міндетін атқарушы Гүлнар Нығметқызының айтуынша, 2025–2026 оқу жылында орталыққа тіркелген оқушылар саны 4773-ке жеткен. Қазір шығармашылық орталық алты негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді екен. Атап айтсақ, шығармашылық бағыт оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, тіл байлығын дамытуға бағытталған үйірмелерді қамтиды. Өнер бағыты балалардың шығармашылық қабілетін арттырып, музыка мен сахна өнеріне баулиды. Технология бағыты ІТ-сынып, ардуино, 3D модельдеу, экология, анатомия, лего құрастыру және ағашпен жұмыс сияқты заманауи үйірмелерді ұсынады. Көркем-эстетикалық бағыт би, сурет салу, қолөнер мен ағаш бұйымдарын жасау арқылы эстетикалық талғамды қалыптастырады. Биологиялық бағыт табиғатты тануға, гүл және көкөніс өсіруге баулиды. Ал логикалық ойындар бағыты шахмат, тоғызқұмалақ, бестемше секілді ойындар арқылы оқушылардың ойлау қабілетін дамытады.
Барлық үйірмелер екі ауысымда да оқушылар үшін қолжетімді. Сонымен қатар жаңа оқу жылында шешендік өнер, драма, гитара сынды қосымша үйірмелер ашу жоспарланып отыр.
Жақсы кітап – жан азығы
Балалардың бос уақытын тиімді пайдаланудың тағы бір ұтымды жолы – кітап оқу. Иә, бұл бұрыннан белгілі әрі пайдалы іс. Бірақ бүгінде балалардың арасында кітапқа құмарлық азайып, оның орнын смартфон мен планшет секілді гаджеттер басып барады. Спортпен айналысып жүрген жеткіншектерді жиі кездестіреміз, ал еркін ойлы, шешен сөйлейтін, тілдік қоры бай кітапсүйер баланы табу қиындап барады.
Кейде қоғамдағы бірсарынды, жаттанды тілек, ойсыз сөйлеу, шаблонға айналған құттықтаулардың көбеюі де кітап оқымаған ұрпақтың белең алуынан басталғанын аңғарамыз. «Туған күнің құтты болсын, бақытты бол, бақыттың ішінде бәрі бар» деген бірізділік — тіл байлығының жұтаңдығының айғағы.
Облыстық балалар кітапханасы осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Кітапхана директоры Перизат Өтеуғалиеваның айтуынша, бүгінде кітапхана қорында 130 мыңға жуық кітап бар. Мұнда көркем әдебиеттен бастап, балалар әдебиеті, танымдық, энциклопедиялық, тіпті сирек кездесетін басылымдар да сақталған. Соңғы жылдары жас оқырмандардың саны артып, бүгінде 15 мыңнан аса бала кітапханаға тұрақты түрде келіп тұрады.
– Біз балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін түрлі форматтағы шараларды ұйымдастырып келеміз. Әсіресе, мектеп табалдырығын енді аттаған 1-сынып оқушыларына арнайы «Ашық есік» күнін өткізіп, оларды кітапхана әлемімен таныстырамыз. Сондай-ақ балалар оқыған кітабы бойынша сурет салып, өз ойын бейнелеу арқылы еркін ойлауға, шығармашылықпен жұмыс істеуге бейімделеді. Бұл – бала қиялын дамытуда маңызды құрал,-дейді кітапхана басшысы.
Кітапхана жанынан жұмыс істейтін «Жас қаламгер» клубы, «Жас ісмер» үйірмесі, «Балдәурен» қуыршақ театры – баланың қызығушылығына қарай еркін дамуына жол ашатын алаңдар. Сонымен қатар «Туған өлкем – Атырау», «Ғажайып әлем – ол өлең», «Дәстүр мен ғұрып», «Ертегілер әлемі» секілді жобалар да балалардың ұлттық құндылықтар мен мәдениетке деген сүйіспеншілігін арттыруда.
Кітапханашылардың айтуынша, кейбір ата-аналар баласын кітаппен таныстыру үшін өздері ертіп әкелсе, кейбір балалар мектеп тапсырмасының жетегінде амалсыздан келеді. Сондықтан кітапхана ұжымы баланың ішкі уәжін оятып, өз еркімен оқуға деген құлшынысын арттыруды ең басты міндет санайды.
P.S. Сабақтан тыс үш ай – баланың білімін толықтырып, болмысын байытуға берілген үлкен мүмкіндік. Егер осы жазғы демалысты тек бос жүріспен өткізіп, күні бойы төрт қабырғаға қамылып, телефон шұқылаумен немесе көше жағалаумен шектелсе, онда үш айлық алтын уақыт текке кетеді.
Ал керісінше, осы мезгілді бала кітап оқып, жаңа бір істі үйреніп, өнер мен спортқа жақын болып, еңбекке араласып, жақсылықтың мəнін ұғып өткізсе, онда бұл демалыс – оның болашағына салынған мықты іргетас болмақ.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Атырау облысы оқушыларының 2025 жылғы жазғы демалысы
Қамтылатын оқушы саны — 134 812
Жалпы қамтылу үлесі — 93%
Мектеп жанындағы лагерьлер
• Жалпы лагерь саны: 727
• Тамақпен: 167
• Бейіндік: 560
• Қамтылған бала саны:
120 мыңға жуық