ТӨРТ МЕКТЕПКЕ – ТӨРТ АВТОБУС
Балалардың тасымалын ұйымдастыру мақсатында алынған көліктердің кілтін қала әкімі Нұрлыбек Ожаев білім шаңырақтарының басшыларына табыс етті. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар тұратын орын білім мекемесінен үш шақырым қашықтықта орналасса, онда балаларға күнделікті ақысыз тасымал қамтамасыз етілуі тиіс. Осындай негіздегі Үкіметтің қаулысына сәйкес, өңірімізде балалар тасымалын ұйымдастыру жыл сайын жүйелі жүзеге асып келеді.
Шаһар басшысының айтуынша, мектептерде оқу жылының алғашқы айында мектеп құрылысының аяқталуы немесе білім шаңырақтарындағы тасымал жайы жөнінен ешқандай мәселе болмауы керек.
Айта кетейік, апатты жағдайда болған қаладағы №18 және Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің қабырғасы қайта қаланып, жұмыстары аяқталды. Аталған білім шаңырақтары 1 қыркүйекте пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, қалада 16 мың 300 сәби балабақша кезегінде тұр. Осы мақсатта биылғы жаңа оқу жылында Көкарна ауылында, Жұмыскер кенттік округінде, Бірлік ауылында және Нұрсая мөлтекауданында 280 орынға арналған балабақшаның құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілгелі отыр.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ,
Суретті түсірген
Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.