ТӨМЕНГІ ҚАБАТ – ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ОРНЫ
Әңгімемізді одан әрі сабақтасақ, 2010 жылы «Нұрсая» мөлтекауданында алғашқы 18 көп қабатты үй пайдалануға берілген-ді. Қазіргі уақытта олардың саны жүзге жетті. Осылайша, жылдан-жылға мұнда жаңа да жайлы қонысқа жайғасып, баспаналы болғандардың саны артты. Олардың көптен күткен армандарының орындалып, бақытқа кенелген сәттерін көріп, жақсылыққа балағанымыз да рас. Әйтсе де, сол заман талабына сай салынып, бірінен соң бірі бой көтерген көп қабатты тұрғын үйлердің төменгі (нөлдік) бөлігінің осы мезгілге дейін бір қажетке пайдаланылып, кәдеге жаратылмастан бос тұруы қалай?
Осы орайда, қала әкімдігі тарапынан біраз қарекеттердің жасалғандығын да жоққа шығармаймыз. Мөлтекаудандағы бірнеше үйдің нөлдік қабатынан мектеп жасына дейінгі балаларға арналған шағын орталықтар ашу ойластырылды. Іші-сырты жөнделіп, жаңғыртудан өткізіліп, айналасы темір шарбақтармен қоршалып та қойылды. Өкінішке орай, сәтті басталған іс соңына жеткізілмеді. Бүгінде сол бірінші кезекте тапсырылған жиырмаға тарта көп қабатты үйдің үшеуінің ғана төменгі қабаты кәсіпкерлік нысандарына жалға беріліп, толығымен игерілген болып шықты. Бұлардың бірінде супермаркет, екіншісінде мейрамхана, бірнеше шағын дүкен, дәріхана мен тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсететін мекеменің кеңсесі орналасқан.
Мұнымен бар мәселе шешілді деп түйіндей салу да негізсіз. Қаншама үй салынып, мөлтекауданның тұтастай бір қалашыққа айналғанына қарамастан, халықтың игілігіне, тұрғындардың қажетіне қызмет көрсететін нысандардың аздығы, тапшылығы аңғарылады.
Шынымен де, иесіз болғандықтан азып-тозып, күйі қашқан бұл нысандарды жөнге келтіріп, аумағын абаттандырып, жеке кәсіпкерлерге берсе, әлдеқайда дұрыс болар еді. Тұрғындардың жанайқайын жеткізіп, алаңдаушылықтарын білдіруі де өте орынды. Осыған орай, «Қаланың тұрғын үйлеріне коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нің басшылығымен хабарласқанбыз.
— Күні бүгінде «Нұрсая» мөлтекауданындағы 29 көп қабатты үйді қамтып отырмыз. Соның 12-сінің нөлдік қабаттарында түрлі бағытта (сауда, тұрмыстық қамту, дәріхана, шаштараз, т.б.) жұмыс жасайтын шағын бизнес нысандары орналасып, халыққа қызмет көрсетуде. Басқаларын да уақыт оздырмай, кәдеге жарату, соған қолдау көрсету жөнінде қалалық әкімдікке бірнеше рет ұсыныспен шықтық, — дейді серіктестік директоры Зұлқаш Нәубетов.
Ал, осы салаға жауапты Атырау қаласы әкімінің орынбасары Амантай Айтбаевтың айтуынша, қазірде қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің балансында «Нұрсаядағы» алты көп қабатты үйдің (№№11, 13, 15, 16, 17 және 20) нөлдік қабаты тұр. Соның ішінен, 11-ші үйдің асты «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нің қарамағына берілген. Сол сияқты, өткен жылдың желтоқсан айында осындағы №13 үйдің нөлдік қабатынан да кулинария цехын, дәріхана, сән салоны мен оқыту орталығын ашу үшін орын бөлінді.
Қалалық қаржы бөлімінің басшысы Шыңғыс Арыстановтың мәлімдеуінше, төменгі қабаттарды әлеуметтік нысандарға бейімдеп, жайғастыру бағытында жасалып жатқан жұмыс аз емес. Келешекте одан да артпақ. Соған қарамастан, проблема да жетерлік. Солардың ең бастысы – төменгі қабаттардың құжаттарының жоқтығы. Демек, алдымен осы мәселені шешу керек.
Дәулетқали АРУЕВ.