ТОЛҚЫНДА ТУЫП, ОТ КЕШКЕН…
Өзінің өмірі туралы жазбаларында анасының өзінен бұрын он екі құрсақ көтергенін, тұңғыш ұлынан кейінгі перзенттерінің бәрі қыз бала болғандықтан, ақынға аяғы ауыр болып жүрген кезінде де: «Сен де бір қыз боларсың», — деп өз ішін өзі шымшып жүретінін баяндайды. Он үшінші болып дүниеге келген перзенттерінің ұл болғанына жүректері жарыла қуанған ата-ана оған Әбуғали ибн Сина деген есімді беріпті. Бұл – дауылға, аласапыранға толы 1905 жылдың 15 қазаны еді. Кейіннен елдің бәрі Әбу деп атап кеткен екен. Өзінен кейін дүниеге інісі Харес келгенін мақтанышпен айтатын. Жастайынан әкеден жетім қалып, ағасы дүние салғаннан кейін, жесір анасы мен қысқа аяқты бауырларын асырап-сақтау міндеті он бір жастан енді асқан, қабырғасы қатпаған ұлға жүктеледі. Сөйтіп, ең алғаш ақбалықшыларға қосылып, теңізге «қазаншы бала» болып аттанады. Алғашқы сапарында теңізде ығып кетіп, сең үстінде көрген қиындығы мен бейнеті, кейіннен шеккен азапты да тауқыметті тағдыры «Толқында туғандар» романында баяндалған. Сол хикаяттағы Дауыл бейнесі – жазушының прототипі. Каспий теңізіне бала жасынан бауыр басып, теңіздің таудай толқындарымен алысып, арпалысып өскендіктен, оған теңіз атырабы, асау толқыны өте қымбат. Теңізшілердің қыл үстінде тұрған тағдыры, батыл да қайсарлығы, қандай қиын кезде де жолдасын жолға тастамай, азапты да, қуанышты да тең бөлісетіні кітапта керемет баяндалған. Теңіз тақырыбын дәл Әбу Сәрсенбаевтай терең де тартымды етіп жазған жазушы қазақта жоқ. Өйткені, оның кітапта жазғанының бәрі басынан өткерген оқиғалар.
«Капитан ұлы» повесіндегі Болатхан да жазушының өз бейнесі деп түсінген жөн. Бұғанасы бекімеген Болатханның Каспий теңізінің жал-жал толқындарымен өз тағдырын байланыстыруы тебіреністі түрде суреттеледі. «Теңіз әуендері» романында да Каспий теңізі, жүрек жұтқан балықшылар өмірі бейнелі түрде нақышталған. Ол – дүние жүзіндегі марианистер қоғамының мүшесі. Дүние жүзінде жүзден аса марианист – жазушы болса, соның бірегейі – біздің кейіпкеріміз.
Құрманғазы ауданы, Ботақан ауылында туған ол жетімдік өмірдің қамытын кие жүріп, оқуға, білім алуға талаптанады. Теңізшілердің арасында орыстар да болды. Солардан орыс тілін үйреніп, алғаш рет орыс тілінде хат таниды. Астрахандағы кеңес-партия мектебін бітіргеннен кейін, сол кездегі білім комиссары Нұғман Манаевтың соңынан Алматыға аттанады. Сөйтіп, Алматыдағы жоғары коммунистік ауыл шаруашылығы мектебінде оқиды.
Қазақ әдебиетіне 30-шы жылдары келген ол бейбіт өмірде «Жүрек сыйы» (1938), «Ант» (1939) жыр жинақтарымен ақындық карымын танытты. Өз заманына үн қоса білген ақын «Ақмаралдың жүрегі» (1940) атты алғашқы поэмасына Қазан революциясына дейінгі қазақ әйелінің қиын тағдырын арқау еткен.
Фашистік Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасап, соғыс басталған кезде «Қазақтың мемлекеттік біріккен баспаларында» директор, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған Әбу Сәрсенбаев 1942 жылы әскерге алынады. Ташкент қаласындағы жоғары педагогикалық мектеп жанынан ашылған қысқа мерзімді әскери курсты бітіргеннен кейін 1943 жылы майданға аттанады.
Соғыс жылдарында «Советский воин», яғни, «Совет жауынгері» деген он бес одақтас республиканың тілінде шығатын газет болған. Сол газеттің тілшісі болып, бір қолында – қаруы, екінші қолында – қаламы, от пен оқтың ортасында жүреді. «Совет жауынгері» газеті майдан даласында жанын шүберекке түйіп, жанқиярлықпен кеудесін оққа төсеген батырлар ерлігін паш еткен. Әбу Сәрсенбаев қазақтың өрімдей ұлдарының батырлығын, қайтпас қайсарлығын жазып, барша жұртқа әйгілеуден танбады. Өзі де соғыс өртінің құшағында жүріп, әрбір қазақ баласы үшін қабырғасы қайыса аза тұтты, қолынан келген көмегін аямады. «Қазақтың жап-жас ұлдары майдан даласында сонау батырлар жырындағы Қобыланды, Алпамыстардың ұрпағы екенін дәлелдеді», — деген жолдар сөзіміздің айқын дәлелі болатыны кәміл.
Ол Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың, Төлеген Тоқтаровтың, Рамазан Елебековтың ерлік өлімі туралы қинала отырып жазды. Батырлардың ерлігін асқақтата көрсетті.
Қазақтың талантты ұлдарының бірі, публицист-жазушы Баубек Бұлқышевпен майданда жүріп жазысқан хаттары – эпистолярлық стильдегі аса көрнекті мұра, қазақ әдебиетіне қосылған өлшеусіз еңбек. Башқұрт жазушысы Мұстай Кәріммен де сол жылдары табысып, айнымас дос болып кеткен. Ол – күнделік жазудың асқан шебері. Өмір бойына күнделік жазған ол, соғыс кезінде де сол әдетін тастамаған. Қойын дәптеріне адам өмірін жұтып жатқан тажалдың әрбір күні, әр оқиғасы тізбектеліп отырған. Совет жауынгерлері азат еткен Еуропа елдері территориясына кірген сәттердегі көңіл-күйі, сол елдің тарихы мен архитектуралық ескерткіштері саяхатшының көзімен суреттелгені тәнті етеді. Мәселен, Австрияның астанасы Вена қаласының пайда болу шежіресінен бастап, онда дүниеге келген дарынды ақындар мен жазушылар, музыканттар туралы, елдің сәулет өнері туралы кеңінен толғайды. Немесе, Венгрия жері азат етілгенде «Венгрия – Шандор Петефидің отаны. Ол – біздің Махамбет рухтас ақын» деген жазбалар түсіпті. Осыдан-ақ оның үлкен интеллектуалдық ақыл-ойы, айрықша таланты, даралығы көрінеді емес пе?!
Елге 1946 жылы оралған Әбу аға Қазақ мемлекеттік оқу-педагогикалық баспасының директоры, Жазушылар Одағында кеңесші болып еңбек етеді.
«Туған өлке» (1948), «Махаббат жыры» (1949), «Отан таңы» атты кітаптары Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы еңбек каһармандарының бейнесін жасауға арналған. Шығармашылығында Отан қорғау, патриоттық тақырыптың алатын орны ерекше. «Ақша бұлт» (1947) жыр жинағына ақын майданда жазған жырларын топтаса, әр жылдарда жарық көрген «Сенің бақытыңды қорғағандар» (1950), «Офицер күнделігі» (1960), «Жауынгер монологі» (1972), «Батырлардың ізімен» (1974) прозалык кітаптарында Ұлы Отан соғысы тақырыбы, замандастарының батырлығы, азаматтық тұлғасы бейнеленді. «Намыс ұлы» (1943), «Шие ағашы» (1943) поэмаларында отандастарының ерлігін, патриоттығын жырлады.
Ұрпақты бейбіт өмірдің қадірін түсінуге шақырып, майдан даласында көз жұмған боздақтардың ерлігі туралы көркем очерктер жазды. Олар жоғарыда аты аталған кітаптарға енген. Мәселен, «Жұлдызсыз батыр» очеркінің кейіпкері – екі аяғын соғыс даласында қалдырып, елге оралған Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Кудряшов ауылында тұрған Құсайын Өтешқалиев.
«Жауынгер монологі» кітабында «Қираған қамал» деген тамаша очерк те бар. Сол очеркте: «…Бұл шайқаста батыр зеңбірекшілер Иванов пен Қ.Нұрпейісов екеуі қос-қостан неміс танкісін қиратты…» — деген жерін оқып отырып, сол бір өрімдей қазақ ұлдарының ерлігіне деген мақтаныш сезімі оянады.
Жазушы соғыстан кейінгі жылдары да өзінің етене тақырыбы теңізді жазудан танбады. Каспий теңізшілерінің ауыр еңбегіне, адам төзгісіз қиыншылықтарға төтеп берген дауылға толы өміріне арналған «Теңіз әуендері» (1969) романының орны ерекше.
Ақынның 5 томдық шығармалар жинағы (1980-85), «Ұстаздар мен тұстастар» (1986) дастандар топтамасы, «Қасиетті махаббат» (1987) кітаптары жарық көрді. Ол «Арбасу» (Қ. Жұмалиевпен бірігіп, 1948), «Теңіз махаббаты» (1975) пьесаларының, сондай-ақ А.Пушкин, М.Лермонтов, Ш.Петефи, т. б. көптеген жырларын қазақ тіліне аударды. Октябрь Революциясы, I дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталды. «Халық жазушысы» атанды.
«Кеше елге қатер төнгенде, Ол жауға қарсы шапты, Денесін оқ пәршелесе де, Ел намысын қорғап қалды. Ол арыстанша алысты». Бұл жолдарды оның «Жұлдызсыз батыр» атанған жерлесіміз Құсайын Өтешқалиевке арналған «Сен құрметте оны» өлеңінен алдық.
Шындығында да, өз өміріне қауіп төніп тұрғанын ұмытып, елі мен жерін қорғап қалған батырлардың есімін ұмытпай, келешек ғасырларға жеткізу – бүгінгі ұрпақтың парызы. Әбу Сәрсенбаев өзінің өлмес мұрасы арқылы бізге соны ұқтырып тұрғандай.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына сәйкес келген 110 жылдық мерейтойын қазақ әдебиетінің абызы атанған майдангер ақын-жазушының туған жері ұмытпайтынына сенімдіміз.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.