Той бизнесі: Ысырап пен бәсеке

toj Қоғам

«Үйлену – оңай, үй болу – қиын» деген сөз бар қазақта. Осы қағиданы бүгінгі заманның әуезімен әдіптесе, «үйлену – оңай, той жасау – қиын» екені айдан анық. Неге дейсіз бе? Бар жиған-тергенін тойға шашқан дарқан көңіл қазақпыз десек те, нарық заманында тойды мәнді де сәнді, әрі тиімді етіп өткізу үшін қаржылық мәдениет пен сауаттылыққа баса мән бермеске болмай тұр. Өйткені, қазір бас пайдасын ойлағандар халқымыздың той, қуаныш салтанатын қып-қызыл бизнеске айналдырып үлгеріпті. Ал, бірінен бірі асып түсіп, оза шауып той өткіземін деушілердің әрекетін нағыз дарақылық дер едік.

Көрпеге қарай көсіліп…

«Әулетте көптен күткен той болады» дегеннен-ақ ұйымдастыру жұмыстарын қолға алған атыраулықтың бірі – Тілекші Сабыр. Оның айтуынша, қазір мейрамхананы кемінде жарты жыл бұрын брондап қойған жөн. Ақпан айының ортасында тамызда өтетін тойға мейрамхана табу өте қиын. Той науқанының нағыз қызған шағы болғандықтан, бұл кезде асабалардың да бос уақыты жоқ. Қазір «хит» деген асабаларды тура бір жыл бұрын іздемесе, оларға сұраныс тіптен жоғары, той нарығында өтімділігі кәдімгідей артып тұр. Ал, олардың «қаламақысы» мұнайшылардың бір айлық жалақысынан кем емес.

– Көпке ұнамды асабалардың тамыз айында бос күні жоқ. «Орташа деңгейде басқарады, мейлі осыны алып көрейікші» дегеннің өзі үш-төрт сағаттық жұмысы үшін 400 мың теңге сұрап, «қарындас, тым болмаса 300 мың берсеңіз барамын» дегені жағамызды ұстатты. Сөйтіп, асаба мәселесін шештік, алысқа бармай-ақ ауылдың өнерде жүрген азаматын белгілеп алдық. Бұдан соң «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, ұлттық аспаппен беташар айтатын өнер адамын іздегенім сол-ақ еді, облыстағы белгілі әртістердің бірі 10 минуттық рәсімді атқаруға 300 мың теңге сұрағандағы кейпімді елестете беріңіз, – дейді Тілекші.

Бұл аз десеңіз, «сырға салу» рәсімінен бастап қазақ дәстүрлерін өзінше бұрмалап, бизнеске айналдырып, сонымен табыс тауып отырғандардың да көкесін көресіз. Болашақ келінге сырға саларда оны дөңгелек мамық көрпешеге отырғызу сәнге айналыпты. Алтын сырға мен сақинасын салатын сәукеле пішіндес етіп тігілген кәдесый ойлап шығарылған. Дәмге арналған кәрзеңкелерді көрсеңіз, ертегідегі Алладиннің сиқырлы әлеміне тап болғандайсыз. Бірінен бірі өткен екі-үш қабатты кәрзеңкелер бар екен қазір. Рәсімдердің әдемі өткізілгені жақсы, әрине. Бірақ мұның барлығы той иесі үшін қып-қызыл шығын, керісінше өзгенің қалтасын толтыру. Нәпақа табамын дегендер соның қызығына әбден түсіп алған. Instagram желісінде мұндай аккаунттардың жүздеген түрі кездеседі.

Ал, базардағы «тойбастардың» өзі тұнып тұрған сауда. Көзге ұсақ-түйек болып көрінетін қызылды-жасылды дүниелердің бағасы шарықтап тұр.

Демек оңай олжа, арзан абырой іздегендер той жасауда «жұрттан қалмайық», «шашылсаң қуанышқа шашыл» деген халықтың бәсекелі той нарығын осындай қымбатшылыққа жеткізген сыңайлы. Өйткені, нарықта сұраныс жоқ болса, бизнес те бұлайша қызбас еді. Сондықтан, әр адам той өткізуде қазақтың жөн-жоралғысынан жаңылмай, мәдениетті сақтай отырып, дарақылыққа жол бермегені жөн. Тойдан кейін де өмір барын ұмытпай, әр нәрсені орынды, ұқыпты атқарған абзал болар. Әр шаңырақ қуанышын бөлісерде көрпесіне қарай көсілсе, оны ешкім де сөге қоймас.

Даңғаза той бақыттың кепілі емес

Бұл пікірімізді ел арасында ерекше танымал имам Нұрлан Байжігітұлы да қуаттайды. Дінтанушының айтуынша, екі жасқа дүркіретіп той жасап беру міндетті нәрсе емес және олардың бақытты отбасы болуына тойдың ешқандай да қатысы жоқ.

– Тойшыл халықпыз ғой. Әрине, той, қуаныш болғаны жақсы. «Екі жас бақытты болсын» деп той жасаймыз. Шынында, жас жұбайлардың бақытына оның еш қатысы жоқ. Той Пайғамбарымыздың сүннетіне барып байланады. Қалғаны «ел көрсін, атым шықсын, мен пәленшеден асып түсуім керек» деген дарақы бәсекелестік, бос даңғаза. Әрине, бұл жастардың бақытты отбасы болуына септігін тигізбейді. Керісінше, мұндай дарақылықтан тойдың төңірегінде дау шығады. «Бергендерің дұрыс болмады, бір нәрсені кем тараттың» деген әңгімелер туындайды. Ал, біз бүгінде дастарқан үстіне не қойып, не жейтінімізді де ұмытып қалдық. Тіпті тартуы жоқ, қаражаты болмаған соң кейбір адамдар тойға барудан да қалды, – дейді Нұрлан Байжігітұлы.

Бұған байланысты әлеуметтік желі қолданушылардың пікірі екіге жарылады. Біразы имамның айтқанын жөн санаса, кейбірі «той көп болсын, қазақ тойға шашылсын» деген ойда. Тойдың болғаны, әрине, жақсы. Десек те, оның сән-салтанатын тым шектен шықпай атқарған жөн.

Мәселені нақтылау үшін біз бойдақтардың да пікірін сұраған едік.

– Қазіргі заманда үй болу да, үйлену де қиын. Жылдар бойғы жинағың болмаса үйлену несие мен қарызға әкеліп тірейді. Ал, оның берекесі болмайды. Береке, ырыс болмаған жерде шаңырақ та шайқалады. Сондықтан, мен өз ескегімді өзім есе алмай тұрып, отбасыма ауыртпалық салғым келмейді. Бүгінге дейін бойдақтардың қатарын толықтырып жүргенімнің себебі де осы, – дейді өзін Әсет деп таныстырған атыраулық.

Негізінен, мәселе жеке қаржыны дұрыс басқармаудың салдарынан туындайды. Мұның кесірінен қаржылық тапшылық көріп жүрген жандар да бар. Сондықтан, әр адам қандай іс атқарса да, қолындағы жиған-тергенін дұрыс басқарып, жүйелі жұмсай білгені жөн. Қызылды-жасылды дүниеге әуес болмай, қаражатты тиімді үйлестіру керек. Ал, қаржы жинау үшін сауаттылық қажет екені бесенеден белгілі.

Сонымен қатар, қандай той болса да несие алып, шашылуға болмайды. Бұл пікірді қазір қаржыгерлер де растап жүр. Олардың айтуынша, қоғамға несие бірде-бір пайда келтірмейді. Миллиондаған несиелер – адамды қу тақыр кедейлікке ғана жол сілтейтін фактор. Несиені тек кәсіпкерлер өз кәсібін дамытып, серпін беру үшін ғана алуы керек. Өйткені, несие – кәсіпкерлердің айналым капиталын арттыруға ғана арналған құрал. Қазір көпшілік той жасау үшін де несие алып мәз болады. Бұл қуанатын жағдай емес. Себебі, несие иесі үшін бұл оңайға соқпайды. Бұл жылдар бойы банктерге қарыз болу, шын мәнінде халықтың көз жасы. Сондықтан, адамның жиған-тергенін жүйелі жұмсай білуі – сауаттылықтың мәдениеті.

Тобықтай түйін

Халқымызда «тойдың болғанынан боладысы қызық» деген сөз бар. Қонақтардың есінде сақталатындай ерекше той жасау – жұмсалған қаржы көлемімен емес, ақылмен, есеппен мәнді де сәнді етуге болатынын ұмытпаған абзал. Ендеше, «құны қымбат нәрсеге қолым жетпеді» деп себепсіз жүйке жұқартпай, сары уайымға салынып, жиған-терген қаржы мен энергияны бос шаша салудың орнына өз ойымызды ақылмен ғана басқара білсек, кез-келген қуанышты тамаша етіп өткізуге әбден болады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз