«АДАМДАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАУ – АРМАНЫМ…»

дейді еріктілер тобының негізін қалаушы Серікбай  Тұржігітов

«...Үлкен ұлым Бауыржан сал ауруымен ауырады. Жасы 12-де. Өздігінен тамақтана да, жүре де алмайды. Екінші қызым Айшаның жасы 7-де. Ол да сондай деңгейде. «Жүректен – Жүрекке» еріктілер тобы осы жылы маған көп көмек көрсетті.

 

Бірде балаларды Самара қаласына емдетуге құжат жібергенбіз. Үстіміздегі жылдың мамырында Самарадан хабар келді. Екі баламды бірге апара алмасым белгілі. Сондықтан, Айшаны апаруға талпындым. Ол үшін 128 мың рубль көлемінде қаржы керек болды. Менің қолымда ондай ақша болған жоқ. Амалым таусылғандықтан, «Жүректен – Жүрекке» тобына хабарластым. Ізін суытпай олар менімен кездесіп, қолдан келгенше көмектесетіндерін айтып кетті. Сөйтіп, Атыраудан бөлек, Астана, Ақтөбе қалаларында да акция ұйымдастырылды. Нәтижесінде 230 мың теңге көлемінде қолдау келді. Сол үшін топтың барлық мүшелеріне алғыс айтамын.

Осындай қайырымды жастардың елімізде барына өте қуанамын. Дәл осындай қайырымды жандарды өсіріп, тәрбиелеген ата-аналарына алғыс білдіргім келеді. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін ұлы іс» дейді Мина Хайырова есімді Атырау қаласының тұрғыны.

Тағдырдың қатал сынына ұшырап, өмірден түңіліп, амалы таусылған сәтте дәл осы «Жүректен – Жүрекке» деп аталатын жастар қозғалысынан көмек алып, үміт оты қайта тұтанған мұндай жандар облысымызда көптеп табылады. Олардың санын мыңдап есептеп шығуға болады. Көп балалы отбасылар, қарттар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, сырқатты сәбилер, аз қамтылғандар, жалғызбасты аналар… Қоғамның осындай әлжуаз, көмекке зәру тобына дер кезінде қолғабыс етіп, елдің алғысын арқалаған жастардың қозғалысына біз де тәнтіміз.

Жастардың ерікті қозғалысы туралы осыдан екі жыл бұрын әлеуметтік желілер арқылы құлағдар болған едік. Онда жасы жиырмадан енді асқан Серікбай атты талдырмаш жігіттің «Шаңырақ» отбасылық балалар ауылын қажетті тұрмыстық заттармен көмек көрсетуге шақырған бастамасына байланысты желі қолданушыларының жазған посттары таратылып жатты. Сол уақыттан кейін ерікті жастардың ерлік істерін әлеуметтік желілер арқылы сырттай бақылап, тәнті болып келдік. Жақында бүгінгі таңда ел бойынша бірнеше мыңдаған жастарды ізгі істер жолында біріктірген идеяның авторы Серікбай Тұржігітовпен кездесіп, сөйлесудің сәті түсті. Шақыртуымызды жылы қабылдаған Серікбай редакциямызға өзі келді. Байыппен ғана сөйлейтін бозбаланың жас та болса, талай-талай тағдырларға куә болғаны оның жүзінен, терең ойға толы көзінен көрініп тұрды. Мейманымызды қарсы алған соң, бәрінің қалай басталғанын әңгімелеп беруін сұрадық.

«Біздің жұмыс жасай бастағанымызға екі жарым жылға жуық уақыт болды. Ол уақытта мен қазіргі «Тамаша», сол кездегі «Рауан» сауда-ойын кешенінде қалам, дәптер сататын едім. Бірде Мақсот Әбуғалиев атты досым екеуміз «Шаңырақ» отбасылық балалар ауылына барып, онда азық-түлік, күнделікті тұрмыста қолданатын қажетті заттардың жетіспейтінін білдік. Көмектескіміз келді. Бірақ, нені қалай бастайтынымызды білмедік. Сөйтіп, өзіміз жұмыс істейтін «Рауан» сауда-ойын кешенінің басшылығымен келісіп, Атыраудың танымал әнші-бишілерін шақырып, сауда орталығының фойесінде концерт ұйымдастырдық. Шаңырақтық шебер балалардың қолынан шыққан бұйымдарды сатуға шығарып, нәтижесінде екі жүз мың теңгеге жуық қаражат жинадық. Сол қаражатқа сәбилерге қажетті заттарды алып, тапсырдық. Бұл біздің алғашқы жеңісіміз еді. Балалардың жүзіне күлкі үйіріліп, шын жүректерінен алғыс айтып жатқандарын көргенімізде «осы істі жалғастыра түссек» деген құлшыныс пайда болды. Бастапқыда балалар мен қарттар үйіне ғана барып, көмек көрсетсек деген ойымыз болды. Кейін қоғаммен тікелей араласа жүре, мұқтаж жандардың көп екеніне көз жеткіздік» деді пікірлесіміз Серікбай.

«Ендігі өмір жолымды қайырымдылыққа арнаймын» деген Серікбайдың ойын бастапқыда ата-анасы аса қабыл алмағанға ұқсайды. «Жұрт секілді тұрақты жұмысқа тұрып, болашағыңды жасауың керек. Қолыңда қаржың болса бір сәрі. Мұқтаждарға қалай көмек қылмақсың?» деп, сөгіп те, сенімсіздік те танытып жатты. Бірақ, мен жақсылықтың жолы жарқын болатынына сендім. Оның үстіне Таңшолпан Жазықбаева сынды жанымдағы жолдастарым да ойымды қуаттап, қолдау білдіріп, бірігетіндерін айтып жатты. Сөйтіп, қайырымдылық бағыттағы концерттер, жәрмеңкелер ұйымдастыру арқылы мұқтаж жандарға мейлінше көмек көрсетіп келеміз. Бастапқыда мұқтаж жандардың тізімін Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен алып келдік. Бүгінде мақсатты аудитория тізімін орталық «Иманғали» мешітінен алып отырамыз.

Әрине, өзіміз кәсіпкер немесе қалтасы қалың азамат болмағаннан кейін қаржы жинау оңайға түспейді. Біреудің алдына барып, бірдеңе сұраудың өзі де оңай шаруа емес. Біреу түсінеді, біреу балағаттап жатады. Жастарды біріктіріп, қайырымдылық шаралар ұйымдастырудың өзі көп күшті қажет етеді. Бірақ, мұқтаж жандардың біз арқылы көмек алып, қуаныштан жылап, не шаттанып жатқанын көргенде шаршағанымыздың бәрін ұмытып кетеміз» дейді Серікбай.

Бір ерекшелігі, «Жүректен – Жүрекке» еріктілер тобы мүшелері жұрттан жабылып жүріп жылу жинауды әдетке айналдырмаған. Олар көпшілік жиі жиналатын жерлерде гитарамен ән айтып, балалар жағы «воздушный шарик» атап кеткен әуе шарларын сатып, жастардың, жетім балалардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын жәрмеңкеге шығарып, жергілікті өнерпаздарды қатыстырып концерт ұйымдастырып, түрлі бағыттағы спорттық сайыстарды өткізу арқылы маңдай термен тапқан нәпақаны мұқтаж жандардың игілігіне жұмсайды. Қайырымдылық концерттерге мүмкіндігі шектеулі өнерпаздар да қатысып отырады. «Бүгінде біз үш мақсатта жұмыс істейміз. Ең алдымен, жас ұрпақты қоғамдық істерге тарту арқылы тәрбиелеу. Ислам дінін насихаттау. Және мұқтаж жандарға қайырымдылық көмегін көрсету. Шүкір, нәтиже бар. Атырау халқының да қайырымдылыққа деген көзқарасы дұрыс» деген идея авторы Серікбай Тұржігітов газет арқылы облыстың бас имамы Батыржан Мансұровқа, облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқаевқа, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұржан Ермұхановқа, «Ораторлық өнер мектебінің» жетекшісі Нұрлан Азаматовқа, «Идеал» әмбебап маркетінің басшысы Талғат Бекеновке, «Насиха» сауда орталығының басшысы Нариман Рысқұловқа үнемі қолдау білдіретіндері үшін «Жүректен – Жүрекке» еріктілерінің атынан алғыс айтты.

«Құрылғалы бері мыңдаған адамға көмек қолын создық. Соның ішінде ең үлкен жетістігіміз ретінде сал ауруына шалдыққан үш жастағы Амангүлді айтқымыз келеді. Амангүлдің осымен Қырғызстаннан бесінші рет ем алуына жағдай жасадық. Бұрын ол сұлқ жататын. Қазір қолдарына жан бітті. Кішкентай ғана сәбидің өмірге деген құштарлығы оның жүзінен, ширақ қимылынан да көрініп тұр» деп тебіренеді Серікбай.

Сөз соңында пікірлесімізден оны не мәселенің толғандыратынын сұрадық. Ол туғанынан сал ауруына шалдыққан сәбилер санының көбейіп кеткеніне алаңдайтынын айтты. «Адамдар денсаулығына жүре-бара қарайтын сияқты. Экологияның да әсері болуы мүмкін. Бір білетінім, көмекке зәру жандардың саны күн санап көбейіп келеді. Бізді қазір қарттар үйі, «Шаңырақ» балалар ауылы асыға күтіп отыратын болды. Қуана қарсы алады. Осының өзі үлкен жетістік. Дейтұрғанмен, жүрегі қайырымдылыққа жақын тұратын жастарымызға қолдау көбірек керек» дейді «Жүректен – Жүрекке» еріктілер тобының негізін қалаушы Серікбай Тұржігітов.

P.S. Биылға дейін еріктілер қозғалысы ретінде жұмыс істеп келген «Жүректен – Жүрекке» үстіміздегі жылы қоғамдық бірлестік болып құрылды. Оған Әйгерім Жәрдемқызы жетекшілік етеді. Серікбай Тұржігітов пен Мақсот Әбуғалиев сол бірлестіктің орынбасарлары. Атырауда 200-ге жуық мүшелері бар. Атыраудан бастау алған игі іс республикалық деңгейге де көтерілді. Бүгінде еліміздің он бір қаласында бірлестіктің филиалдары жұмыс істейді. Оның құрамындағы мың жарымға жуық жастарымыз ерікті түрде жұмыс істеп, мұқтаж жандарға көмек көрсетуде. Айта кетерлігі, жастармен Vkontakte, facebook әлеуметтік желілері арқылы байланысуға болады. Тағы бір жаңалық, Атырау қаласындағы «Достық үйі» жүрегі «Отаным» деп соққан қайырымды жастар үшін арнайы кабинет бөліпті. «Енді біздің өз кеңсеміз бар. Ата-аналарымыз да риза болып, бата берді» деп қуанады еріктілердің өзі. Бүгінгідей алмағайып заманда орын алып жататын түрлі келеңсіз жайттарға жауап ретінде қайырымдылығымен дараланып жүрген жастарға деген қамқорлығымызды аямасақ екен…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

 «Жүректен – Жүрекке» топ болып құрылған бастапқы кезден бері қызым Амангүл Қуанғалиеваға үздіксіз көмек көрсетіп келеді. Өте ризамын. Олардың әрқайсысының мінездері ашық, жайдары, көмек қолын созуға қашан да дайын тұрады. Жастармен қазір туыстан да артық араласамыз десем, өтірік айтқаным емес.

Жаннұр  ҚУАНҒАЛИЕВА,

Атырау қаласының тұрғыны.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз