ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ
Тоғыз көше – хандардың атында!
Аталмыш басқарма басшысы Баязи Әбдешевтің баяндауынша, Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы сынды даталардың өзектілігін ескере отырып, 47 атаусыз тұрған (сандық) көшелерге соғыс ардагерлерінің есімдері берілді. Сондай-ақ, 9 көше белгілі қазақ хандарының есімдерімен аталды.
Жиын барысында кейбір атаулардың көптігі сынға алынды. Мәселен, аймақта Абай – 39, Махамбет – 33, Жамбыл – 29, Исатай есімдері 27 рет қайталанады. Сол секілді, Құрманғазы аты ол аттас ауданда 8 мәрте айтылады. Атаусыз тұрған, сандық көшелер де көптеп кездеседі. Бұл, әсіресе, Атырау қаласы мен Жылыой ауданы үшін өзекті. Индер мен Махамбет аудандары да цифрмен таңбаланған көшелерден құралақан емес.
Баязи Мәдешұлының айтуынша, қайталанып тұрған көше атауларын алмастыру, оларға лайықты атау табу керек. Қала, аудандардағы тіл бөлімдеріне осы мәселені жан-жақты зерделеу жүктелді. Кей көшелерді ата-әкесінің, туған-таныстарының есімімен атауды сұраушылар жетіп артылады. Олардың барлығын «құп» деп қабылдап алу да дұрыс болмайды. Сондықтан, осы мәселені қала, аудандардағы тіл бөлімдері мұқият саралағаны жөн.
«Жайлы күшке» жүгінген жөн
— Басқарма шағындау болғанымен, мемлекеттік органның арқалап отырған жүгі ауыр. Облысымыздағы жергілікті халықтың басым бөлігі қазақтар болғандықтан, мемлекеттік тіл мәселесінде анабір өткір проблема да жоқ. Дегенмен, бір-бірімен орысша шүйіркелескен тұрғындарды жиі көреміз. Сондықтан, сан қумай, сапаға мән беретін уақыт жетті. Мемлекеттік тіл қуатты болсын десек, ең алдымен, қазақ тілді адамдар мықты болуы керек. Кез-келген ұлттың тілі – сол елдің айнасы. Сондықтан, қазақ тілін көркейтеміз десек, қазақ тілді адамдардың жетістігін насихаттау арқылы қызығушылықты тудыра аламыз. Саясатта «жайлы күш» деген ұғым бар. Демек, мәдениет арқылы «жайлы күшті» жүзеге асыруға болады. Мәселен, жақында, «Алло» деген ән шығып, хитқа айналды. Сөздері де қарапайым, әуені де тез жатталып қалады. Орыс тілді ағайындарымыз сол әнге қызығып, оның аудармасын тауып, қосылып айтады екен. Сондықтан, қазақ тілді білікті, білгір мамандар, суретшілерді көрсетіп, сол арқылы мемлекеттік тілді насихаттағанымыз жөн, — деп атап айтты облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.
Шешендік өнер сыныптары ашылса…
Алқа мәжілісінде ағымдағы жылдың жұмыс жоспары да таныстырылды. Осы ретте облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы ғаламтор кеңістігіндегі қазақ тілі қолданысындағы қателіктермен күресуді және қазақ тілінің беделін сол тілде сөйлейтін адамдардың жұмыстары арқылы көрсетуді ұсынды.
Жиын барысында баяндамашыға «Басқа облыстармен тәжірибе алмасу жүзеге аса ма? Ономастикалық мәселелерде облыстың белді тұлғаларының есімдерін өзге облыстардың көшелеріне беру жөнінде ұсыныстар жасалды ма?» — деген сауал қойылды. Бұл сұраққа жауап берген басқарма басшысы өзге облыстардағы әріптестерімен тығыз байланыстың орнағанын және алдағы уақытта ономастика бойынша, оның ішінде жергілікті танымал тұлғалардың есімдерін өзге облыста ұлығылау мәселесі жоспарда барын жеткізді.
Ал, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп орта білім беру мекемелерінде «Шешендік өнер» сыныптарын ашуды ұсынды. Осы орайда Шыңғыс Жұмабекұлы «Батыс елдерінде шешендік өнер, көшбасшылық қасиеттер, сыни көзқарас және тайм-менеджмент секілді пәндер бар. Біз қазақ тілін, математиканы оқытамыз, шешендік өнерге баулимыз, алайда, оны пайдалануды үйретпейміз. Ал, жаңағы көшбасшылық, сыни көзқарас, тайм-менеджменттер сол алған білімді пайдалануды көбірек үйретеді» деп мағыналы ұсынысқа қолдау білдірді.
Жиын соңында тіл саясатын жүзеге асыруда ерекше ынта-ықыласпен жұмыс жасаған Мақат аудандық мәдениет және тіл бөлімінің бас маманы Салтанат Қожағұлова мен білім беру басқармасының қызметкері Ақкенже Аяпбергенқызы Алғыс хатпен марапатталды.
Мемлекеттік тіл саясатының басты басымдылығы – «Тілдердің үш тұғырлылығы» жобасын жүзеге асыру. Осыған орай, тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізілді.
Соның ішінде 2017 жылға қарай мемлекеттік, ағылшын және орыс тілдерін бірдей меңгерген тұрғындардың үлесін ұлғайту көзделіп отыр.
Шыңғыс МҰҚАН, облыс әкімінің орынбасары:
«Сауатсыз жазба тілі
қалыптасып барады»
«Инстаграм», «Фейсбук» әлеуметтік желілерін қарап отырсақ, комментарий жазатын қазақтардың екі сөзінің бірінде қате кездеседі. Сөйтіп, сауатсыз жазба тілін қалыптастырып отырмыз. Басқарма осындай әлеуметтік желілерде үндеу тастауы керек.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.
Суретті түсірген:
Ерлан АЛТЫБАЕВ.