ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ТҰҒЫРЫ, РУХЫ МЕН НАМЫСЫ
Қазақ тіліне тұңғыш рет мемлекеттік мәртебе беріліп, «Қазақ ССР-інің Тілдер туралы» Заңының қабылданғанына 25 жыл толды. Осы орайда күні кеше ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау төріндегі ұлт туралы толғаныстарында: «Тіліміз өркендеп, өсіп келе жатыр дей аламын. Қазір ешқандай қауіп жоқ. Қазақстанда мемлекеттік тілдің болашағы зор» деп қадап айтты. Шынында да, ширек ғасыр уақыт ішінде қаншама өрлеу белестері өтіп, өрелі жеңістерге қол жетті десеңізші. Ал, еліміз тәуелсіздігін алар тұста ана тілімізге мемлекеттік мәртебе әперуде намысты жанып, рухты атойлатқан сындарлы шақтың болғанын бүгінде біреу біліп, біреу білмес.
«Тіл – ұлттың тұғыры, рухы мен намысы» тақырыбында өткен «дөңгелек үстел» басындағы әңгіменің негізгі арқауы да осы болды. Өзекті тақырыптағы ойлы пікір алысуды облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері Исатай Балмағамбетов жүргізіп отырды.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы: Еліміздің Тіл туралы Заңы қабылданып, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына да ширек ғасыр өтіпті. Осыдан төрт күн бұрын облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан осы датаға ерекше мән беріп, сол бір дербес мемлекеттігіміздің тұсаукесер тұсында тіл үшін тартыс майданында өзіндік із қалдырған ұлтжанды азаматтарды арнайы қабылдады. Онда небір салиқалы ой-пікірлердің көмбесі ашылып, түйіні тарқатылғанын көзіміз көрді.
Әрине, бір қарағанда, 25 жыл дегеніңіз аз да, көп те уақыт емес. Біз де бүгін сол бір өткен шақты еске алып, бүгінгіні саралап, келешекке бағдар түзу мақсатында бас қосып отырмыз. Біразыңыздың естеріңізде болар, өткен XX ғасырдың 90-ыншы жылдарының басында бір топ атыраулық зиялы қауым өкілдері айрықша белсенділік танытып, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы жолында жүйелі түрде іс-әрекет жасаған еді қой. Профессорлар – Қадір Жүсіп, марқұм Құсекен Шәукенов, экономист Мәлік Оңғалиев, инженерлер Бақытжан Дәулетов, Марат Ерғалиев, дәрігер Халел Сағын, заңгер Сабыр Ұзақбаев, жұмысшы Ұлықпан Базарғалиев, ақын Гүлнар Шәмшиева, облыстық білім басқармасының жауапты қызметкерлері Қилымғали Қайненов пен Жәмила Хасанова бар бұл ерікті белсенділер қатарында өзімнің де болғанымды қазір қимас бір сезіммен еске аламын.
«Қазақ тілі» қоғамының тұңғыш Жарғысын жасап (бір ғажабы, бұл жобамыз кейін қабылданған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Жарғысымен айна-қатесіз ұқсас болып шықты), жоспарлы түрде жұмыс жасаған сол жанкештілер тобы — біздер алғашқы қадамымызды балабақшаларда қазақ топтарын көбейту мақсатына арнаған едік қой, Қадыр аға! Сол кез есіңізде ме?
Қадыр ЖҮСІП, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы: Оны ұмытуға әсте бола ма, жаным-ау? Бұл – ұлттық тілді дамыту жолында егілген алғашқы дәндер еді ғой. Бұлар кейін қаулап өсіп, кейбір балабақшаларда қазақ топтары, орыс мектептерінде қазақ сыныптары көбейді. Әрине, бұған алғашқы кезде қарсылықтар көп болды. Кейбіреулер біздің фанаттық тұрғыда атқарған сол жұмыстарымыздан «ұлтшылдық» іздеді. «Қалада Қадір Жүсіп бастаған ұлтшылдар балабақшаларды аралап, ұлтшылдық бағытта үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жүр…» деген дақпырттар таратты.
Ұлттық тіл ұлттық намысты қозғайтынын біз сонда білдік. Бірақ, бастаған жолымыздан кейін қайтпадық. Үлкен жиналыстар өткізіп, мемлекеттік тілді жолға қоюға байланысты жұмыстарға немкетті қараған, тіпті мән бермеген басшыларды өткір сынға алдық.
Мен облыстық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының тұңғыш төрағасы болып сайландым. Себебі, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында және басқа ұйымдастыру жиналыстарында осындай қоғамдар құрылу керектігі талап етілген және әр облыста мұндай ұйым жоғары оқу орындарынан басталуы керектігі атап айтылған еді. Бізге сол кездегі институт ректоры, профессор Жамбыл Сәулебекұлы Ақылбаев деген азамат көп көмектесті. Ол институттағы жиналыстарды мемлекеттік тілде өткізуді бастады, барлық кабинет атауларын, көрнекі құралдардың бәрін қазақ тілінде безендірді.
Қоғамның облыстық филиалын бір жылға жуық басқардым. Мемлекеттік тілді дамыту жолында «қазақша сөйлеу керек» деген үгіттің әсері шамалы екенін өмір көрсетті. Тілдің қолдану аясын кеңейту жолында жүйелі де, нақты жұмыс қажет. Кейіннен бұл жағы бәсеңсіп кетті де, тоқсаныншы жылдардың басында қабылданған бағдарлама орындалмай, сөз жүзінде ғана қалды…
Жәмила ХАСАНОВА, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының проректоры, педагогика ғылымдарының докторы: Қадыр ағаның айтуы өте дұрыс. Тәуелсіздігімізді жаңа алған тоқсаныншы жылдардың басында Атырау қаласындағы барлық балабақшалар орыс тілінде, қазақ тіліндегілері мүлдем жоқ болатын, ал оны ашу сол кезде өте киындыққа соқты. «Бұл тіл мемлекеттік тілдің қызметін атқаруға әлі ертерек, оған қарымы жетпейді» деген сылтаумен қазақ ата-аналардың өздері, балабақша меңгерушілері қарсы шығып, қазақ топтарын ашуға қарсы әрекеттер жасады. Көпшілік балабақшалар үлкен ведомстволарға бағынышты болғандықтан, барлық мекемелерді табанымыздан тозып аралап, олардың басшыларымен үгіттеу шараларын жүргіздік. Сол кездегі ат төбеліндей ғана белсенді тобымыздың жанкешті еңбегі ерлікке пара-пар дер едім.
Қилымғали ҚАЙНЕНОВ, облыстық тілдерді дамыту бас-қармасының басшысы: Мен де Қадыр ағамыздың сөзіне толықтай қосыламын. Тіл туралы алғашқы Заңның қалай қабылданғаны, мемлекеттік тілдің қандай тартыспен бекітілгені, бұл жолда қандай қиынды-кедергілер болғаны маған да етене таныс. Өйткені, жаңа Исатай Құндызбайұлы атап өткеніндей, сол кездегі белшеден балшық кешіп, балабақшаларды аралап, түн қатып жүрген белсенді де, жанкешті топтың бір мүшесі мен едім. Бүгінгі «дөңгелек үстелге» қатысушылардың барлығы да біледі: 1989 жылғы 22 қыркүйекте «Қазақ ССР-нің Тілдер туралы» Заңы қабылданған болатын. Кейінірек, тәуелсіздік кезеңінде 1997 жылғы 11 шілдеде жаңа Заң қабылданып, ол әлі күнге дейін қолданыста.
Алайда, біз 1989 жылғы 22 қыркүйектегі заңымен қазақ тіліне тұңғыш рет мемлекеттік мәртебе берілгенін ұмытпауымыз керек. Оның қазақ тілінің өрісін кеңейтіп, сол арқылы рухани ортаны жаңғыртудағы ролі ерекше. Сонымен қатар, халқымызға тән дарқандықпен өзге ұлт-ұлыстардың да тілдерін дамытуға да кеңінен мүмкіндік берген заң болды. Сондықтан, осы айтулы дата сол кезден бастап күні бүгінге дейін «Қазақстан халқы тілдерінің күні» болып мерекеленіп келеді, республикамыздағы тілдік ортаның байлығы мен алуан түрлігін, халқымыздың бірлігін сипаттайтын мейрамға айналды.
Айтқали НҰРҒАЛИЕВ, журналист, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының бұрынғы төрағасы: Желтоқсан көтерілісінен кейін намысы тапталып, рухы жаншылып, жігері құм болған халқымыз үшін бұдан ширек ғасыр бұрын, 1989 жылы «Тілдер туралы» Заңның қабылдануы санада серпілісті қайта туғызып, ұлттық рухты оятып, намыс отын үрледі. «Бір жамандықтың бір жақсылығы» дегендей, ұлт ретінде жоғалтқандарымызды іздеу, кеткен есені қайтару, ана тілін өз тұғырына қондыру жолындағы күрес осы кезден бастау алды. Көкіректегі сәулесі ояу, намыс оты өшпеген, азаматтық рухы жоғары, «жаным – арымның, арым – тілімнің садақасы» деген ұлтжанды азаматтар бас біріктіріп, республикада «Қазақ тілі» қоғамын құрды. Қоғамның облыстардағы бөлімдері мен бастауыш ұйымдары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Осы кезде, жаңа Исатай айтқандай, облысымыздың намысқой азаматтары Қадір Жүсіп ағамыздың маңына топтасып, ана тілімізді асқақтатуға бар күш-жігерлерін салды. Алқалы жиындарды, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу талап етілді. Ғасырлар бойы қатқан тоңды жібіту шын мәнінде қарусыз күресті қажет етті.
1990 жылы облыстық партия комитеті «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының қамытын менің мойныма кигізді. Ондағы мақсат — қалада бастау алған тіл жөніндегі жұмысты аудандарда да жандандыру, оған мен басқарып отырған теледидар мен радионың мүмкіндігін орайлы пайдалану болатын. Солай жасадық та. Радио мен теледидардың күнделікті бағдарламаларында бұл мәселеге «жасыл көше» ашылды. Сөйтіп, «Қазақ тілі» қоғамы облыс көлемінде толыққанды жұмыс істей бастады. Облыстың сол кездегі бірінші басшысының қолдауы нәтижесінде қоғамның күнделікті жұмысымен айналысатын, еңбекақыларын бюджеттен алатын үш қызметкер қызметке алынды. Төрағаның босалқы негіздегі орынбасары қызметін Хабиболла Қуанышқали атқарды. Қоғам өзінің «Мұра» атты төл газетін шығарды. Оның редакторы әуелгіде Әбуғали Ғабдуллин, кейін Исатай Балмағамбетов болды. Ұйымға бас есепшісі штаты, сондай-ақ, облыстық партия комитетінің ғимаратынан жайлы да, кең бөлме барлық жасау-жабдығымен берілді.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ: Әрине, соншалықты қамқорлық пен қолдауға лайық қайтарым да болғаны анық. Соны тарқата айтып өтсеңіз…
Айтқали НҰРҒАЛИЕВ: Тіл жанашырларының ол кездегі іс-әрекеттері тау қопарғандай-ды. Алға қойған мақсатқа жету үшін уақытпен санасқан адам болған жоқ. Белсенді әрекеттің нәтижесінде қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін мектептер саны күрт артты. Орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ сыныптары ашылды. Қазақша тәрбие беретін балабақша көбейді. Елді мекен, жер-су аттарын өзгерту, оларға ежелгі ескі атауларын қайтару қарқынды жүргізілді. Сол кезде атқарылған жұмыстардың ең салмақтысы – қала атауын «Атырау» деп өзгерту. Ол оңай шаруа болған жоқ. «Халық қозғалмай, хан түйесін соймайды» деген, тіл жанашырларының бастауы халықтың қоштауына ұласты. Қаланы «Атырау» деп атау мәселесі қалалық мәслихат отырысында қаралып жатқанда алаңда студенттер «Атыраулап» айқайға басып, атойлап тұрды. Қарсылықтың да барына қарамай, халық талабы қанағаттандырылды.
«Тілдер туралы» заң қабылданған ширек ғасыр ішінде атқарылған жұмыс аз емес. Облыстың басты мінбері қазақша сөйлейді, іс-қағаздары мемлекеттік тілде жүреді. Шүкіршілік. Дейтұрғанмен, ұлттық санадағы серпіліс қол жеткенге місе тұтып қалғандай. Мемлекет құрушы халық бодандық психологиядан арылып болмағандай. Қаладағы орыс тілінде тәрбие беретін балабақша мен мектепке бара қалсаңыз, баласын не немересін жетектеп «шүлдірлеп» жүрген қандастарыңа кездесесің. Бұл, Расул Ғамзатовша айтқанда, «ертең туған тілім жоғалар болса, мен бүгін өлуге даярмын» деп тұрған сананың жоқтығының белгісі емес пе?
Елбасымыз «бізді, біздің болашақ балаларымызды барлық ұлыстардың мәдениеті мен тілін сақтай отырып, ортақ тіл топтастырғанын қалаймын» деп айтып келеді. Осы мақсатқа жету үшін, «баланы жастан…» деп атам қазақ айтқандай, сәбилердің тілін қазақша сындыру шаралары алынуы керек. Қазір балабақшаның түрі көп. Жеке дара тәрбиелейсің бе, жекеменшік бақшаға бересің бе, әлде бюджет қаржысы есебінен жұмыс істейтінін қалайсың ба? — өз еркің. Жоғарыда айтқан түпкі мақсатқа жету үшін бюджет қаржысы есебінен жұмыс істейтін мектепке дейінгі балалар мекемесінде тәрбие жұмысын неге тек мемлекеттік тілде жүргізбеске?! Меніңше, бұл мәселені ел-жұрт түсіністікпен қабылдайды деп ойлаймын.
Абат КЕНЖЕҒАЛИ, облыстық тіл басқармасының 1993-1996 жылдар аралығындағы басшысы, ҚР Мәдениет қайраткері:
-Кеңес үкіметі кезінде ел түгелдей сауаттанды. Сәнді қалалар бой түзеді. Қазақ баласы қайда барып оқимын десе де мүмкіндік жасалды. Бірақ, коммунизм кезінде бір ұлт, яғни кеңестер халқы бой түзейді деген саясат, біздің ұлттың және басқа аз ұлттардың рухани сұранысына толық жауап бере алған жоқ.
Соның бірі – ұлттың тілі. 1957-58 жылдары болуы керек, онда мен оқушымын, сол кездегі Қазақтың Мемлекеттік университет студенті, қазіргі белгілі әдебиетші Болат Бодаубаевтың «Лениншіл жас» газетіне шыққан тіл туралы мақаласы үлкен резонанс туғызған. Соған қарағанда, қазақ тілінің жағдайы біздің оқыған азаматтарды ертерек толғандырған сияқты.
Өткен ғасырдың 80-90 жылдарында ұрандалған «демократия», «жеделдету», «қайта құру» кезінде бұл жұмыстар қызу қолдау тапты. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін ана тілін қолдау ерекше мазмұнға ие болды. Кәсіпорын, мекемелерде, аудан, қалаларда тіл қоғамдары құрылып, жергілікті басқару орындары алдына өткір-өткір мәселелер қоя бастады. 1993 жылдың екінші жартысында ҚР Министрлер кеңесі жанынан Республикалық тіл комитеті, ал облыс, аудандарда тіл басқармалары құрылды. Біздің облыстық тіл басқармасы өз жұмысын 1993 жылғы 11 тамызда бастады.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ: Жаңа сөйлеушілер жер-жерде «Қазақ тілі» қоғамдары құрылғанын да айтып жатыр. Сонда мемлекеттік құрылым нақты қандай істермен айналысты?
Абат КЕНЖЕҒАЛИ: Жұмыс сан-салалы болды. Соның ішінде ономастикалық мәселемен де жедел айналысуға тура келді. Себебі, жер-су аттары тәуелсіздік рухымен тығыз байланысты. Латвияның «Родник» аталынатын әдеби журналының 1993 жылғы 6-санында 1894 жылғы ІІІ — Александр патшаның Ресейдің барлық генерал-губернаторларына құпиялап жіберген нұсқау хаты жарияланған екен. Онда «Елді мекендерге мүмкіндігінше орысша атау берілуге тиіс. Егер ондай мүмкіндік болмаса, онда елді мекендерге жергілікті тілден орыс тіліне аударылған атау беріп, ресми құжаттарда (әскери географиялық карталар, ғылыми мәні бар еңбектер, кеңсе және іс қағаздары, т.б.) калька ретіндегі орысша түрін бекіту керек”, — деп тапсырылған.
Яғни, отарлау саясатын жүргізушілер бодандардың тілін де, дінін де, салт-дәстүрiн де, әдет-ғұрпын да, былайша айтқанда, кірiптар елдің халықтық қасиетін түгелдей ұмыттыру жолында, олардың отандық жер-су аттарын өзгертуді де өздеріне мақсат қылып қойғанын түсіну қиын емес. Жайық өзенін Урал, Алматы, Ақмешіт, Теке қалаларын — Верный, Перовск, Уральск деп өзгерту туралы патша жарлықтарының түпкі мәні де осында жатыр.
Бірақ, жер-су атауларын қалпына келтіру де оңай бола қойған жоқ. Мысалы, Кулагино селосының азаматтары «аты өзгергенмен, заты сол күйде қалады ғой, одан да бізге тамақ керек» деп, сол кездің қиындығын желеу етіп қатты қарсы болған. Енді 15 жылдан кейін сол адамдар өздері бас болып, село атын өзгертуге күш салды. «Адамды заман билемек» деп Абай дұрыс айтқан ғой.
Ол кезде қандай басшы болса да мінберге шығып, қазақ тілінде қағазсыз сөйлей алмайтын. Қаражат та өте қат болды. Тіл басқармаларын артық, керексіз сала ретінде қараушылық та болмай қалған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, тіл саясатын жүргізу қазір, одан бері 20 жыл өтсе де оңай емес десек, ол кездің қиындығы орасан еді. Соған қарамастан, үш жылдай ғана өмір сүрген тіл басқармалары қоғам өмірінде, еліміздің рухани дамуында, ұлтымыздың салт-дәстүрін қайта оралтуда, халықтық қасиетімізді танытуда айтарлықтай із қалдырды.
Қилымғали ҚАЙНЕНОВ: Әбекеңдер салып кеткен сара жол қазір де алға қарай жалғасуда. Елімізде тіл саясатына қаншалықты көңіл бөлініп отырғаны баршаға мәлім. Бұл — Елбасының өзінің назарында тұрған мәселе. Өйткені, тіл дегеніміз – баршаны қамтитын, күрделі де терең ұғым. Ол жай ғана байланыс құралы емес. Бұл – ұлттық сананың, болмыстың негізі, халықтың рухани қуатының темірқазығы, патриоттық тәрбиенің аса маңызды құралы. Ұлттық рухын жоғалтқан ел – өзін жоғалтқан ел. Экономикалық және қаржылық әлеует, табиғи байлықтар, технологиялар, жарақтанған армия – бұның барлығы да ресурс қана. Ал, оларды шын мәнінде халықтың игілігіне жарату үшін оларды жасап, іске асыратын адамдар өзінің елімен, жерімен рухани байланыста болуы – шарт. Міне, осындай сезімді қалыптастыратын да – тіл.
Яғни, мемлекеттік тілді сақтап, дамыту, сындарлы тіл саясатын жүргізу, сайып келгенде, ұлттық қауіпсіздіктің, мемлекеттің тұрақтылығының бір кепілі болып табылады. Сондықтан, Казақстанда тіл мәселесіне мемлекет тарапынан басым көңіл бөлініп келеді. Президентіміздің «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауларындағы маңызды тұстарының бірі де – тіл.
Әрине, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесі ерекше. Ол – қоғамды біріктіруші фактор, тәуелсіздігіміздің басты тірегі. Оны білу – әрбір қазақстандыққа парыз. Бүкіл еліміздегі сияқты, бұл саясат, бұндай ұстаным Атырау облысында да жүзеге асырылып келеді. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін арнайы облыстық іс-шаралар жоспары қабылданып, орындалуда.
Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды тізбелеп жатудың қажеті болмас. Ең бастысы, біздің өңірімізде қазақ тілі шын мәнінде өзінің мемлекеттік тіл функциясын атқарып отыр. Тек мемлекеттік қызмет емес, басқа салада кеңінен қолданылуда. «Аджип ҚКО» компаниясы, «Теңізшевройл» ЖШС, «АНПЗ» ЖШС, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Атырау» магистралды газ құбырлары басқармасы, «Қазтелеком» АҚ облыстық филиалы сияқты ірі кәсіпорындарда да тілдерді дамыту мен қолданудың іс-шаралар жоспары жасақталған.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ: Мемлекетіміз тек қазақ тілін дамытумен шектелмей, өзге де этностардың тілдерін де қамқорлап, шетел тілдерін үйренуге жағдай жасап отыр. Бұның мәні неде?
Қилымғали ҚАЙНЕНОВ: Бүгінгі күні тіл мәселесі тек рухани құбылыс қана емес, геосаяси маңызы бар факторға айналды. Бұл тұрғыда, біздің мемлекетіміз, Елбасы бұл мәселеге салмақпен қарап, байыпты саясат жүргізіп отырғанын атап өту қажет.
Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде дамуы оны мекендеген ұлттардың мәдениетінің, тілдерінің қайта жаңғыруымен қатар жүруінің символикалық мәні зор. Бұл – жай ғана үндестік емес, республикадағы тілдік ортаның бай әлеуетін сақтауды мақсат қылып қойған мемлекеттік саясаттың жемісі. Қоғамның лингвистикалық капиталын байытып, рухани қуатын нығайта түсетін бұндай құбылыс – біздің игілігіміз.
Атырау облысын мысал қылып алайық. Тұрғындарының 92% жергілікті ұлт — қазақтар құрайтын өңірде орыс тілі шетқақпай қалған емес, қай салада да жеткілікті қолданылуда. Соның ішінде, халықтың ақпараттық, мәдени сұранысын қанағаттандыруға жағдай жасалған.
Қазір ағылшын тілін меңгеруге де зор көңіл бөлініп отыр. Өзінің «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында Президентіміз «Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі заманның осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады»,- деген болатын. Бұл – әсіресе, Атырау үшін аса өзекті мәселе. Облысқа шетелдік инвестициялар молынан құйылып, ондаған, жүздеген шетелдік, бірлескен кәсіпорындар қызмет етуде. Оларда жұмыс істеп жатқан жергілікті кадрларға білікті маман ретінде шетелдіктермен бәсекелесу талабы қойылып отыр. Тең бәсекелесіп, басым түсу үшін біздің мамандарымыз озық технологияларды, әдістемелерді, заманауи өндірістегі жұмыс қағидаттарын меңгеруі тиіс. Осының бәріне жол ашатын – ағылшын тілі.
Жәмила ХАСАНОВА: Осы жерде мен де бірер ойымды айта кетсем деймін. Ана тілін үйретуді ең алдымен балабақша мен отбасынан бастаған жөн. Бұл оларда отаншылдық тәрбиенің де бастауы болары хақ. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға білім беру стандарты бойынша қазақ тілін оқыту «Біз мектепке барамыз», «Зерек бала» бағдарламаларында жүзеге асырылады. Заман талабына сай әр мұғалім өз сабағын жаңаша ұйымдастырып, шығармашылық ізденіспен өткізеді. Осы мақсат пен міндеттерді негізге ала отырып, өзге ұлт балаларына қазақ тілін үйретуде тек қана сөздерді қайталау арқылы үйретпей, оларды ойындар мен көрнекіліктер арқылы үйреткен тиімді болып табылады.
«Тәрбие – талбесіктен» дегендей, баланың бойында патриоттық сезімді, ұлтын сүюді, ұлттық салт-дәстүр, мәдениеті мен тілін құрметтеуді отбасындағы, балабақшадағы, мектептегі тәрбие кешенді түрде сіңіруі тиіс. Бұлардың біреуінен де селкеулік кетпеуі маңызды. Сондықтан да, ата-ана – тәрбиеші – мұғалім тізбегі арасындағы сатылы тағылымдық үрдісті қамтамасыз ететін ұлттық нақты бағдарлама жасау керек. Егер соны мақсатты жүзеге асырар болсақ, шын мәнінде ұлтжанды ұрпақ тәрбиелей аламыз деп ойлаймын.
Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының төрағасы: Еліміздегі тіл үшін күрес әрбір қазақтың жадынан шыққан емес. Кеңестік дәуірде де бұл өз жалғасын тауып келеді. Желтоқсан оқиғасынан кейін бұл тіл мәселесі қауырт белең алды. Біздің өңірде де осы кезде тіл жанашырларының қозғалысы етек алып, зиялы қауым аса белсенділік танытты. Олар алғашқы «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымдарын құрып, балабақшалар мен мектептерді қазақ тіліне аударуға, қаланың атауын өзгертуге күш салды.
Біздің қоғамның құрылуы рухани кеңестігімізде еркіндік пен демократиялық үдерістің пайда болып, ұлттың тарихи жадын жаңғыртуға, тілі мен дінін түзетуге, бары мен жоғын түгендеуге қызу кіріскен шағымен тұспа-тұс келді. Қоғамның бүкіл елімізде қолдаушылары мен жақтаушылары мол болып, оның мүшелерінің саны бір миллионнан асты. Ол елімізде өзіндік салмағы бар зор қоғамдық күшке айналды. Ел тәуелсіздігі мен ұлттық рухтан қанаттанған қоғам қызметі республика аумағынан асып, алыс-жақын шет мемлекеттерде өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасын да қамтыды. Осыған байланысты қоғамның 2-ші құрылтайында қоғам халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы болып қайта ұйымдастырылды.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ: Сіздер қоғамдық ұйымсыздар, сонда қазіргі қызмет аясы мемлекеттік құрылымдікінен өзгеше міндет жүктей ме, қалай өзі?
Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ: Атырау өңіріндегі қоғам филиалы облыстағы тілдерді дамыту жөніндегі басқармамен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Тілді насихаттауға, «Тіл туралы» Заңының жүзеге асырылуына және мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тілінің қоғам өмірінің бар саласына дендеп еніп, толыққанды қызмет етуіне ықпал етіп келеміз. Түрлі бастаулар мен тілге қатысты шаралардың ұйымдастырылуына да белсене араласудамыз.
Біздің өңірімізде тілге қатысты проблемалар жоққа тән. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен қолданыс аясын нығайтуда, кеңейтуде көп істер тындырылды. Әлі де жалғасын тауып келеді. Үш тұғырлы тіл саясатында жүзеге асыруға жете көңіл бөлінуде. Сонымен қатар назарымызды тіл жөніндегі мәселелерге дер кезінде аударып, тиісті органдарға оны шешуді ұсынып отырамыз.
Өңірімізде мемлекеттік тілдің аясын кеңейту бағытында алғы шарттар жеткілікті. Тек ынта мен жігер жетіспейді. Еш ұлтты да, ұлысты да бұған кінәлауға болмайды. Тек қазақ өзіміз кінәліміз.
Тағы бір ескерер жай, мемлекеттік басқару жүйесі қазақшаланбай, елімізде мемлекеттік тіл дамымайды, қоғамдық қатынастарда үстемдік құрмайды. Сондықтан, мемлекеттік басқару жүйесіндегі азаматтар тіліміздің өз төрімізде мәңгілік салтанат құруы үшін жұмыстануы қажет-ақ. Сөз жоқ, бала ғана емес, жалпы азамат үшін орны бөлек қасиетті орын – отбасы. Жас сәби дүниесіне ең бірінші әсер ететін де осы — отбасылық тәрбие. Әрине, балабақша мен мектептің де берер тәрбиесін, ықпалын жоққа шығаруға болмайды.
Тіл – ұлттың тұғыры, мемлекетіміздің негізі. Тілі жоғалған мемлекет те жоғаларын ұмытпайық. Біздің қасіретіміз – қазақтардың отбасылық тәрбиеде ана тілімізден айырылып қалуы. Бұрын кеңестік жүйеге жаптық, енді кімнен көреміз? Ең бастысы, ұлттық рухымыз солғын, жалтақтығымыз басым. Соның салдарынан тіліміз төрге оза алмай, әлі де орыс тілінің шылауында келеді.
Еліміздегі 130-дан астам диаспоралардың қайсысы отбасында өз тілінде сөйлемейді? Ешқайсысы да, бәрі де отбасында өз тілінде түсініседі. Тек қазақтар ғана шүлдірлесіп жатқаны. Бұл – ана тіліне, ұлтына деген құрметтің жоқтығы. Бұдан арылмайынша, ел болам деу бекершілік.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ: Иә, бұдан ширек ғасыр бұрынғы атой салған ұлттық рухтың өшпес шоғы жүректерде әлі де маздап тұр. Десек те, осыны біз кейінгі буынға, өскелең ұрпаққа эстафета етіп ұстата алып отырмыз ба? Міне, осы тұрғыда тереңірек ойлануымыз керек сияқты. Сөз жоқ, «үш тұғырлы тіл» саясаты өте дұрыс, жастар өз ана тілінде сөйлеп қана қоймай, қанша тілді үйренсе де артық емес, тіпті бұл қазіргі заманда аса қажет.
Қанша тіл біліп, қанша жұрттың ілімін үйренсек те, артық емес, бірақ, ең бастысы – жастардың бойында отаншылдық сезімнің, ұлттық рухтың әрдайым ояу болуы. Осы орайда толғандыратын жайлар бар. Бір ғана мәселені айтайықшы: Кітап оқу үрдісі қазір мүлдем тоқырады. Бәзбіреулер «жақсы кітап жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртеді, енді біреулер «бар, бірақ, бағасы қымбат» деп жатады. Бәрі де – бос сөз. Жақсы кітаптар бар, бағасы да анабір шашты жұлардай емес. Тек әдеби шығарма оқуға деген ынта, қызығушылық жоқ. Кезінде үлкендердің тыйым салғанына қарамастан, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» атты романын тығыла жүріп оқып едік қой. «Абай жолын» қайталай оқыдық. Қазіргі жастар неге олай емес? Мұның себебін мен өзімше таразылап та көрдім.
Біріншіден, бала кезден кітап оқуға ынта-ықылас оянуы керек. Не үйде, не мектепте осыған ұйтқы болып жатқан жан бар ма? Керісінше, баланы компьютер үйренуге балабақша жасынан баулимыз да, кітап оқуға дағдыландырмаймыз. Өйткені, қазіргі жас мұғалімдердің өздері – кейінгі кітап оқымайтын толқынның өкілдері.
Екіншіден, Бірыңғай ұлттық тестілеу, бәлкім, әлемдік білім бағалау үрдісінде өзін ақтаған тәсіл шығар, бірақ, тап осы әдістің салқыны кітап оқуға анық тиіп тұр. Емтихан алушының алдына барып, ойындағысын бетпе-бет айтып, білім деңгейін таразылатпағасын, қағаздан белгілеп қана оқуға түсу дұрыс әдіс пе? Тіпті, тілі мүлдем кекеш жанның мұғалімдік оқуға жоғары балл алып, түсіп кеткенін көріп, «енді қайтеміз?» деп қиналған ректорды да көргенбіз…
Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ: Өте орынды. Қазақ тілінің байлығы ұшан-теңіз, соны жас ұрпақ санасына сіңіре білу қажет. Оны әлемдегі ешбір тілмен салыстыруға болмайды. Орыс тілінің С.И.Ожегов құрастырған бір ғана томдық түсіндірме сөздігі бар. Онда орыстың 53 мың сөзі берілген. Ал, бізде бүгінгі таңда қазақ әдеби тілінің 15 томдық жаңа сөздігі шығарылып, оған 150 мыңнан астам сөз енгізілді.
Мына құдіретке қараңыз, орыстың «свежий» деген сөзін қазақша аударғанда оның 43 баламасы бар екен. Бұл нені көрсетеді? Қазақ тілінің аса байлығын және әлеуетін аңғартады.
Ең бастысы, сөйлеу мәдениетін қалыптастыратындар – зиялы қауым, БАҚ өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер. Алайда, олардың кейбірінің тілдік қорына қарның ашады. Көркем әдебиет туындыларын, қазақтың шешендік сөздерін оқымаған. Қалай ашынбайсың?
Қазақтың 100 томдық «Бабалар сөзі» шығып жатыр. Бұл – өткен тарихымыз ғана емес, тілдік, шешендік бай мұрамыз. Мұны әрбір қазақ жастанып оқуы қажет. Меніңше, интернет, компьютер, телерадио, кино өмірімізге дендеп енгенімен, мұның бәрі де көркем әдебиетті, кітапты ығыстырып шығара алмайды. Сөйлеу мәдениетін дамытуда бұлардың бәрінің де әсері бар, оны жоққа шығара алмаймын. Бірақ, қазақтан өткен шешен, тілді халық жоқ. Бұны жоғалтуымыз – ұлтымызды жоғалтумен тең.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ: Қорыта айтқанда, бағанадан бергі ой-пікірлердің бәрі де «Тіл – ұлттың жаны» деген аксиомаға айналған сөзге барып тіреледі. Ендеше, әрбір адам тілді кеудесіндегі шыбын жанындай санаса, оның мәңгілік өмір сүруі үшін қолдан келгенінің бәрін де жасауы тиіс. Біз де бүгінгі әңгімемізді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш-ұлы Назарбаевтың Ұлытау төріндегі ұлт және тіл туралы толғаныстарымен түйіндегенді жөн көрдік:
«Болашақ – біздің қолымызда. Болашақ бізге бетін бұрып тұр. Қазақтың саны көбейіп, тілдің ауқымы кеңейіп келеді. Көп облыстарда барлық іс-қағаздары қазақ тілінде жүргізіледі. Оған ешкім кедергі жасамайды. Қазағы көп аудандар қазақша жүргізеді. Оның ішінде қазақша сөйлейтін басқа ұлттың азаматтары қаншама?.. Қазір өз тағдырын Қазақстанмен байланыстыратын адамның бәрі баласына қазақ тілін үйретіп жатыр. Ал, енді тарихын, болашағын қазақпен бірге деп санамайтындар бәрібір кетеді. Оған біз тыйым сала алмаймыз, салып та отырған жоқпыз. Сондықтан, өз халқымыздың сана-сезімін үйретіп, өз тілімізді өзіміз бағалауымыз керек».
Өз тілшіміз.