Жарнама
Қоғам

ТЕРМОЖАҢҒЫРТУ ТИІМДІЛІГІ НЕДЕ?

Осынау құжатқа енгізілген іс-шаралардың орындалу барысы, атқарылу жайы жуырда Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында «Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы: проблемалары, шешу жолдары мен перспективалары» тақырыбында, тәуелсіз сарапшылар мен түрлі сала мамандарының қатысуымен өткен III Халықаралық конференцияда жан-жақты талқыланды. Аталған бағдарламаның алғашқы кезеңінің қалай жүзеге асырылғандығы жайында Өңірлік даму министрінің орынбасары Серік Нокин баяндады.
2011 жылғы Үкіметтің қаулысымен бекітілген, он жыл мерзімге есептелінген бағдарлама бойынша 2020 жылға дейін барлығы 81 мың шақырым жылу, электр және газбен жабдықтау желілерін жаңғырту жоспарланған. Үш жылда осы құжатқа енгізілген 173 жобаны жүзеге асыруға 34 млрд. теңге қаржы бөлінген. Вице-министрдің айтуынша, мұндағы іске қолбайлау болып, кедергі келтіріп отырған басты проблемалардың бірі – жаңғырту жұмыстарына мемлекеттік емес инвестицияларды тартудың тапшылығы, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестіктің жеткіліксіз дамытылуы болып табылады. Оның үстіне, саладағы негізгі қорлардың моральдық тұрғыдан тозу көрсеткішінің жоғары деңгейде қалуы және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық қорын басқару жүйесінде ашықтықтың жетіспеушілігі, өз кезегінде бұл саланы инвесторларға тартымсыз, әрі қаржы салуға тиімсіз қылып көрсететіні де жасырын емес.
Бүгінгі таңда еліміздің тұрғын үй қорында 110 мыңнан астам көп пәтерлі үй есепке алынған. Шындығына қалғанда, өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап осы нысандарды жөндеу-қалпына келтіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілмеген. Тек қана тұрғындардың жеке қаражаты есебінен ғана ішінара болса да ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылған. Әйткенмен, мұның өзі де ғимараттардың бүтіндей сақталуы мен тиісті нормативтерге сәйкес келуіне мүмкіндік бермеді.
Сол себептен де болса керек, республикамызда тұрғын үй-коммуналды шаруашылық кешенін жаңғыртудың он жылдық бағдарламасы қабылданып, көп пәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарын қайтарымдық негізде, бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру механизмі енгізілді. Осылайша, 2011-2012 жылдардың өзінде тұрғын үй қорын жөндеуге қазына қаражатынан 17,8 млрд. теңге қаралып, жалпы саны 1200 көп қабатты үй жөндеумен қамтылған.
Білгеніміздей, бүгінгі таңда тұрғын үй секторы жылу және электр энергиясын тұтыну көлемі жөнінен Қазақстанда, энергетика мен өндірістік сектордан кейінгі үшінші орында деп есептелінеді. Нақтылай кетсек, қазіргі уақытта тұрғын ғимараттар электр қуатының 13,5 және жылу қуатының 24 пайызын тұтынады екен. Бағдарлама шеңберінде бюджет қаражаты есебінен мыңнан астам тұрғын үй мен 150-дей әлеуметтік нысанға қатысты жүргізілген энергоаудит қорытындылары жыл сайын елімізде (соның ішінде өңірімізде де) жылудың орасан көп мөлшердегі ысырабына жол берілетіндігін, осылайша, мұның энергоүнемдеу әлеуетінің көтерілуіне кері әсерін тигізетіндігін анықтаған.
Соған байланысты көп қабатты үйлерде жылуды тұтынудың автоматтандырылған жүйесі орнатылып, қабырғалары жылы орамдармен қапталып, терезелері пластикке алмастырылған, төбе жабындылары мен шатырлары да ретке келтірілген. Осындай шараларды жүзеге асыру арқылы, тұтастай алғанда, тұрғын үйлердің жылу-техникалық жағдайын жақсартып, жылдың салқын мезгілдерінде пәтер бөлмелерінде орташа температураны қалыпты ұстап тұруға болатындығы дәлелденген. Бір жағынан мұның тұтынылатын жылу үшін төленетін ақы көлемін кемітуге де елеулі ықпалын тигізетіндігі даусыз.
Бұл жерде республика көлемінде қабылданған бағдарламаның біздің облысымызда да жоспарлы түрде жүзеге асырылып, нақты нәтижелерін бере бастағандығын айта кеткеніміз жөн. Алғашқы екі жылда облыс орталығында бірнеше көп қабатты тұрғын үй аталған бағдарлама аясында терможаңғыртудан өткізілді. Осы мақсатта салалық министрліктің жанынан «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамы, соған сәйкес аймақтарда облыстық филиалдары құрылды. Аталған құрылымдардың мұрындық болуымен және жергілікті атқарушы билік органдарының (облыстық, қалалық әкімдіктер) қолдауымен қазіргі уақытқа дейін айтарлықтай шаруалар атқарылды. Әсіресе, пайдалануға берілгеніне ондаған жылдар өткен, тозығы жеткен көп қабатты тұрғын үйлердің жылу, су жүйелерінен бастап, жертөлелері мен төбе шатырлары құрғатылып, жаңартылғаны, соның ішінде, тұтынылған энергияны үнемдеуге мүмкіндік беретін жалпыүйлік есептегіш құрылғылардың орнатылуы тиісінше тиімділігін көрсетті.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button