ТЕРІС АҒЫМ ТЕКТІ БҰЗАДЫ
Бүгінгі күні Құрманғазы ауданында радикалды ағымға ерушілер саны 157 адам болып отыр. Аудан әкімі Амангелді Барақатовтың айтуынша, жоспарлы жұмыс нәтижесінде осы топ жетегінде жүргендердің бір тобы дәстүрлі исламға бет бұрып отыр. «Бұл ретте арнайы ақпараттық-насихаттық топтар мен ақсақалдар кеңесінің атқарып отырған жұмысы орасан» дейді аудан басшысы.
Саладағы өзекті мәселенің бірі имамдар жалақысын дұрыстау болып табылады. Аталмыш проблема осы ауданда да көрініс тауып отыр. Аудан орталығындағы «Темірәлі» мешіті демеушілер көмегімен жөнделіп жатса, онда қызмет жасайтын имам мен екі көмекшісінің жалақысы әлі күнге дейін толық шешілмей келе жатқан көрінеді.
Кеңес төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан осы мәселенің мән-жайын білген соң: «Мешіт пен қалың бұқараның арасындағы байланыс тіні – имамда. Сондықтан, ең алдымен оның жағдайын жасау қажет. Ертеңгі күні мешіт жөндеуден өтіп, қайтадан жамағатты қабылдайтын болған күнде оның жұмысы имам арқылы ғана жанданады емес пе?» — деп атап өтіп, мәселені таяу уақыттарда шешу жөнінде тапсырма берді.
Осы уақытқа дейін аталған ауданның Асан, Азғыр, Сүйіндік сынды шалғайда жатқан ауылдық округтерінде мешіт жоқтығы да ұдайы айтылып келе жатқан-ды. Аудан басшысынан білгеніміздей, қазіргі таңда аталған ауылдарда демеушілер көмегімен мешіт құрылысы салынып, пайдалануға берілген көрінеді.
Ал, Индер ауданындағы үш мешіттің екеуі қазір жұмыс жасап тұр. Есбол селолық мешітінің құрылыс жұмыстары қасиетті Ораза айының қарсаңында аяқталып, жамағатты қабылдайтын болады деп жоспарланғанымен, кейбір жұмыстарының уақтылы аяқталмауы себепті сәл кейінге шегеріліп отыр. «Айта кетелік, аудан көлемінде ұйымдастырылған шараларға облыс орталығынан келген теологтардың қатынасуы нәтижелілігіне оң ықпал еткенін байқаймыз. Алайда, қазіргі таңда қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 40-тан астам адам теріс ағым жетегінде жүр деген есеппен бізде тізімде тұр. Теологтармен бірлескен түрде олармен кездесуге қол жеткіздік. Ауқымды шаралардың, соның ішінде мешіттерде айтылған уағыздар барысында аталмыш топ өкілдерінің имам мен теолог мамандардың жанына топтаса бастағанын байқап жүрміз» дейді Индер ауданының әкімі Серік Арыстан.
«Облыстағы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы жұмыс – ең басты мәселелердің бірі. Бұл тұрғындарды дәстүрлі емес және жалған діни ағымдардан арашалауға, радикалды діни идеологияның таралуына қарсы күресуге бағытталған оңалту және жалпы насихаттық-үгіт жұмыстарын үздіксіз жүргізуді қажет етеді. Сол себептен, ақпараттық-насихаттық шаралардың маңызы зор» деген облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқаев былтыр 120 мыңға жуық адамды қамтыған әртүрлі форматтағы 1088 іс-шара ұйымдастырылса, биыл жыл басынан бері 75 мың адамды қамтыған 580 іс-шараның жүзеге асқанын атап өтті. Кең көлемдегі ақпараттық-насихаттық жұмыстардың бір саласы ретінде республикада алғаш рет «Хақ жолы» діни драмасының Атырау жерінде қойылғанын айта кеткен жөн болар. Биыл бұл жұмыс көп сериялы фильм түсірумен жалғастырылуда.
Дәстүрлі емес діни ағымдардан жапа шеккендерді оңалту, кеңес беру бағытында Дін істері басқармасының әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының жұмысы да жанданып келеді. «Жыл басынан бері 200-ге жуық адамға консультациялық көмек берілген. Бұның ішінде балалары теріс ағым жетегінде кеткен ата-аналар мен тура жолдан адасқан жандар да бар» дейді сала мамандары.
Басқосуды қорытындылаған кеңес төрағасы Шыңғыс Мұқан атқарылатын жұмыстарды әлі де жандандыра түсу керектігін айтып, тиісті ұйымдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Гүлжан ӘМІРОВА.