ТЕРГЕУ СУДЬЯСЫ

ол немен айналысады? 

Еліміздің жаңа қылмыстық-процестік заңнамасына биылдан бастап енгізілген тергеу судьясының жұмысы нәтижелі жүріп жатыр деп айтуға болады. Нақтылай кетсек, бірінші сатыдағы сот судьясы ретінде айқындалған тергеу судьясы, негізінен, прокурорлармен бірге Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғауды қадағалайды. Ол күзетпен ұстауға санкция беру, үй қамаққа отырғызу, медициналық мекемеге күшпен қамау және тағы басқа шаралардың заңдылығын тексеріп, ауыр және аса ауыр қылмыстардан бөлек істер бойынша кепілзаттың көлемін анықтай алады. Қысқасы, тергеу процесі кезіндегі заңдық негіздер мен құқықтардың сақталуын жүзеге асыруы тиіс тергеу судьясы бірінші сатыдағы сот судьяларының жиналысында осы сот судьяларының қатарынан сайланады.

Сот алдына барғанда кейбіреулердің бұған дейінгі берген жауабынан бас тартып, «зорлық-зомбылық көрдім» деген желеуді алға тартатын жағдайлар кездесетіні жасырын емес. Осындай деректерді азайтып, істің сотқа «таза» баруын қамтамасыз ету – осы тергеу судьяларының міндеті болмақ. Атырау облыстық прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасының бастығы Ж.Көбегеновтің мәліметіне сүйенсек, 2014 жылы азаматтарды қинаумен байланысты 8 қылмыстық іс тергеліп, оның 3-еуі сотқа жолданса, 4-еуі ақтайтын негіздермен өндірістен қысқартылып, 1-еуі басқа органға жолданған.

2015 жылдың тоғыз айында арнайы прокурорлар азаматтарды қинаумен байланысты үш қылмыстық істі тергеп, олардың барлығы да ақтайтын негіздермен қысқартылған, жалған арыз берген екі тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу реттілігімен ішкі істер органдарына жолданыпты.

Құралай ҚУАТОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз