БІЛІМНІҢ НЕГІЗІ – КІТАПТА

ендеше, әрбір баланың оған деген
қызығушылығын барынша ояту керек  

рухани тәрбие құралы 

Оқушыларды кітап оқуға машықтандыратын әлемде жақсы тәжірибе бар екен. Солардың бірі - «Бір қала - бір кітап» акциясы. Бұл шара кезінде қала тұрғындары бір айда бір жақсы кітапты оқып шығады екен. Өте жақсы бастама. Осындай шараны біріншіден, құптап, тоқсан сайын ерінбей, жалықпай ұйымдастыру қажет-ақ.

 Мамандардың айтуынша, мектеп оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, мемлекеттік қызметкерлер қажеттің бәрін қолма-қол интернеттен алады. Ұлттық академиялық кітапхана қызметкерлерінің деректеріне сүйенсек, 12 мың әдеби, ғылыми, басқа да кітаптардың электронды нұсқалары жасалған. Қазір жетілген жаңа технологиялар нәтижесінде «дыбыстық кітаптар» шыға бастады. Сондықтан, мұндай әдебиеттерді оқытуды бастауыш сынып оқушыларынан бастаған ұтымды деп есептеймін.

 

Бұрын оқушылардың 90 пайызы еркін тақырыпты шығарма жазатын. Ал, қазір ше? Ондай іздену байқалмайды. Ауызша айтуға да, жазуға да, жаттауға да баса көңіл бөлінбей, тест «иә, жоқ» деген жауапқа дағдыланып кеткен. Соның салдарынан оқушыларымыз жазбаша да, ауызша да, жаза да, ойланып айтып та, ойын мәдениетті жеткізе алмайтын жайда қалып отыр. Сондықтан, ҚР Білім және ғылым министрлігі осы осы мәселені шешудің, ана тілін ардақтаудың жолдарын қарастыру, оқулықтарды жетілдіру қажет-ақ деп есептеймін.

 

Ұлттық  рухты  оятып…

 

Ендігі бір ұсынысым, әрбір сыныпқа берілетін білім деңгейіне қарай оқу бағдарламасын, оқулықтарды қайта қарау керек. Соңғы жаңалықтарды, ғылым, білім саласындағы, техника, экономикалық-әлеуметтік салалардағы, тәуелсіздігіміз, жаңа Астанамызға – 15 жыл, еліміздің танымастай өзгеруі, т.б. сан салалы жетістіктеріміз оқу бағдарламасы мен оқулықтарға әрбір сынып бойынша еніп, тәрбие мәселесі бірінші кезекте тұруы тиіс деп санаймын.

 

Баланы жан-жақты білімді, білікті ұстаз ғана оқытуы керек деп ойлаймын. Әдеби оқулықтарға ел қорғаған ұлылар – хандар, батырлар, шешендер, Қазыбек, Әйтеке, Төле билер, жыраулар, лиро-эпостық жырлар, т.б. әрбір сынып бағдарламасына көптеп енуі керек. Жатқа оқу, шығарма жазу, оқу конференциялары, шығармашылық кештер өткізуді ойластырған жөн.

 

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік, қазақтан шыққан батырлар, Б.Момышұлы туралы жазылған шығармалар және өзінің «Ұшқан ұя», «Ел басына күн туса…», тағы басқа шығармалары жаппай оқулыққа енуі керек.

 

Орыс жазушыларының да жақсы туындылары оқулыққа енуі тиіс. А.Фадеевтің «Жас гвардиясы», Қ.Симоновтың «Күндер мен түндер» романы, М.Шолоховтың «Отан үшін от кешкендер» романдары жоғары сынып хрестоматиясынан орын алғаны жөн. К.Симонов – әскери тілші, жазушы. Бар арпалысты басынан кешірді. Патриоттық тақырыпта  көп жазды.

 

Бұнымен қатар, тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбектері де бағдарламадан ойып тұрып орын алуы тиіс. Ол 2005 жылы жарық көрген «Жеңісті жақындатқан жандар» кітабында баяндалған. Қаһарман мұғалімдердің ел басына күн туған кездердегі ерен еңбегі оқушыларға үлгі болып ұсынылуы абырой әпереді.

 

Келесі спорт, дене шынықтыру мәселелері жөнінде Н.Назарбаев халықтың 30 пайызын спортпен шұғылдануға тарту бойынша тапсырма берген болатын. Спортты жолға қою, онымен шұғылдануға жағдай жасау, үздіктерді мадақтау, марапаттау да бағдарламаға, оқулыққа енгені дұрыс.

 

Қазақ грамматикасындағы жаттығу мысалдардың бәрі қазір ескірді, жаңарту міндеті тұр. Ал, бұрын мысалдардың барлығы осындай бағалы, патриоттық мәтіндерден алынатын, үй тапсырмасын да сондай жақсы кітаптардан алу талап етілетін. Сол үрдісті жандандыру қажет. Бұл да кітапқа оқушының қызығушылығын, кітапты таңдап оқуға деген талабын тудырады деп ойлаймын.

 

Келесі пікірім, бағдарлама мен оқулыққа бұрынғы материалдарға қосымша төмендегі шығармаларды қосса, нұр үстіне нұр болар еді деген ойдамын:

 

Ғалым Қ.Жұмалиевтың «Жайсаң жандар» естелігін оқулық бағдарламасына енгізсе деген ұсынысым бар. Себебі, мұнда  қазақтың болашағы үшін күрескен, сол үшін жанын пида еткен адамдар туралы жазылған. Жастарға алар мол тағылым бар.

 

Сонымен қатар, мұндай құнды естеліктер Мырзатай Жолдасбековте де жеткілікті, бұларды да оқулыққа енгізу керек.

 

Ендігі бір шебер де, көрнекті жазушы – Оралхан Бөкей. Шығармалары құнды, иірімі мол, тілі көркем, сөздері қонымды, өткір. Оралхан шығармалары туралы әйгілі жазушы Шерхан Мұртаза: «Оралхан кітаптары өмір сүріп келеді, өмір сүре береді. Олар жасқа – ақыл, кәріге қуат береді. Бақытқа – бақыт қосады. Бақытсызға – медет болады», – деп жоғары баға берген.

 

тағылымы  мол, таралымы  неге  аз?

 

8-cыныпқа арналған қазақ әдебиетіне 80-ші жылдары қосымша материалдар беріліп жүрді. Алайда, хрестоматияда берілмегендіктен, мұғалімдер бөлек кітапшаға көңіл бөлмей, үйден оқуға тапсырыс беретін. Оның оқылуын бақылау да, жинақтау да қиынға соқты. Сондықтан, оқулық, хрестоматия, қосымша материалдарды әр сынып бойынша бір кітапқа хрестоматия етіп біріктірген жөн.

 

Мектеп бағдарламасына «Қазақ батырлары» кітабын енгізуді жөн санаймын. Кітаптағы соғыс батырларын оқушыларға үлгі, өнеге етіп оқытуға, жаттатуға, бағалатуға үлкен мүмкіндік бар емес пе? Бала «мен де сондай батыр боламын, ол үшін үздік оқимын, соғыс техникасын жетік меңгеремін, елімді, жерімді қорғаймын» деп ержетпей ме?

 

2005 жылы ұжымдық авторлармен «Жеңісті жақындатқан жандар» кітабы жарық көрді. Мұның да таралымы аз, көбейту міндеті тұр. Мұнда соғыс пен тыл қаһармандарының жанқиярлық ерліктері халыққа паш етілген. 

 

 Қорыта айтқанда, әрбір сынып бойынша берілген міндетті әдеби шығармаларды оқуды қадағалап, қызықтырып, жүйеге енгізу бір-екі жылда оқушылардың кітап оқуға деген ынта-жігері арттырады. Оқушыларды жаңа сатыға көтереді деп сенемін.

 

Ғилым МЕҢДІҒАЛИЕВ,

 

еңбек ардагері, Халық ағарту ісінің үздігі,

 

Балықшы кенті.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз