Жарнама
Қоғам

ТЕМІРТАС ТАҒЫЛЫМЫ

Жасынан қиындыққа мойымаған Елеусін қазіргі Құрманғазы ауданының құмды-шағылында малшы болып, «Батпақшағыл», «Қоңыр шошақ», «Бұрау сор», «Ақжонас» деген жерлерін жаз жайлап, қыс қыстаған екен. Патшалық заманында бұл өңірді 7-уезд деп атапты. Табан ет, маңдай терінің арқасында інісі екеуі ел қатарына қосылып, анамыз Қален екеуі ұрпақ тәрбиелеп өсірді. Біз – ағам Теміртас екеуміз ата-анамыздың берген ұлағатты тәрбиесіне басымызды  иіп, ғұмыр бойына рухтарына тағзым етумен келеміз.

Ағам Теміртас алғаш ауылдағы Талал бастауыш мектебінде оқуын бастаған еді. Кеңестік заманда жаппай сауаттандыруға көңіл бөлініп, әуелі жеті жылдық, кейін он жылдық білім алу міндеттелді. Теміртас та 1956 жылы Молотов колхозының орталығы болған Зормата ауылдық кеңесіне қарасты И.В.Сталин атындағы орта мектепті бітіріп шықты.

Сол тұста мектеп бітірген жастарға «жоғары оқу орнына түсу үшін алдымен екі-үш жыл еңбек етіп, тәжірибеден өту керек» деген талап қойылды. Соған байланысты ағам да ауылда жұмысқа қалды. Сосын  әскер қатарында азаматтық борышын өтеді. 1962 жылы Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында оқып, ғалым-зоотехник мамандығын алып шықты. Сөйтіп, ауылға келіп, еңбекке араласты.

Туған елің үшін аянбай қызмет ету – қандай бақыт десеңізші. Оның үстіне өзінің сүйікті мамандығының иесі атанып, кәсібінің қыры мен сырына терең бойлай білген адам үшін бұдан асқан қуаныш бар ма, сірә! Бар күш-жігерін жұмысына арнаған Теміртас көп ұзамай совхоздың қой фермасының басқарушысы болып тағайындалды.

— Жаз-қыс демей шапқылайтын қым-қуыт күндер енді басталды. Біздің совхоз еділбай қойын асылдандыруға бағыт ұстаған еді. Осы орайдағы жұмысымыз жақсы нәтиже беріп, Киров атындағы совхоздағы мен басқаратын №2 ферма алты рет аудан бойынша «чемпион ферма» атанды, — деп еске алады сол күндерді Темекеңнің өзі.

Еселі еңбек тағы да еленбей қалған жоқ. Жаңашылдығымен, ізденгіштігімен көзге түскен оны аудандық партия-кеңес ұйымдарының нұсқауымен жаңадан ұйымдастырылып жатқан совхоздың бас зоотехнигі етіп қызметке жібереді. Бұдан да бас тартқан жоқ. Оқығаны да, өмірден тоқығаны бар жас маман бұл істе де іскерлігін көрсете бастады.

— Жаңа совхозға келгенде де қиындықтар кездеспей қалған жоқ, — дейді Теміртас Елеусінұлы. – Бәрінің де қисынын тауып, шаруаны жөнге келтірдік. Мұнда істеген тоғыз жылда шаруашылығым абыройлы болды. Бес жылдыққа белгіленген межелерден көрініп, сол кездегі еңбек жетістігінің негізгі белгісі – ауыспалы Қызыл Туды үнемі қолымызда ұстадық…

Темекең отбасында да үлгілі әке атанып, бала тәрбиесіне баса көңіл бөлген жан. Жұбайы Нұржамал Нұрмұханова да жоғары білімді, ізденімпаз мұғалім еді. Екеуі бес ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздарының бәрі де, тіпті кейінгі немерелері де жоғары білім алды. Бәйбішесі 2005  жылы өмірден өткенімен, Теміртас ағам үлкен шаңырақтың ақылшысы болып, ұрпақтарының құрметіне бөленіп отыр. Ол қазір жасы сексенге жақындаса да, баяғы іскерлік тұғырынан тайған жоқ. Зейнеткерлікке шыққаннан бері Еңбекші селолық округіндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.

Бір сүйініштісі сол, оның балаларының бәрі де – еңбексүйгіш және ізденгіш жандар. Сол ізгі қасиет кейінгі немере-шөберелеріне де жұғысты болғай! Өйткені, мұны ауылдастары ылғи да «Теміртас қарттың тағылымы ғой» деп айрықша мақтанышпен айтып отырады.

Мақсот БОСТАНТЕГІ,

ардагер журналист.

Атырау қаласы.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button