ТЕЛЕХАБАР ТАРАТУҒА ДА ТӘРТІП КЕРЕК
Ең бастысы, жыл сайын қатары көбейіп отырған қаламыздағы қонақүй кешендерінде қаптаған шетелдік жерсеріктік операторлардың иелігіндегі телеарналар бағдарламаларының заңсыз негізде, ешқандай рұқсатсыз таратылатындығы әңгімеге арқау болып отыр. Әрине, бұндай бассыздыққа жол беруге әсте болмайтындығы да белгілі.
Жақында аймақ әкімдігінде облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының қолдауымен, прокуратура, әділет департаменті, басқа да құқық қорғау құрылымдары басшыларының, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өткен басқосудың басты тақырыбы да осы еді. Онда «Қазтелерадио» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Дархан Хұсынов күн тәртібіндегі мәселеге қатысты хабарлама жасады.
— Әрине, қазіргі уақытта шетелдік операторлардың жерсеріктік қабылдағыштарын (антенна) пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салу мүмкін емес. Өйткені, мемлекеттердің жерүсті шекараларындағыдан гөрі, спутниктік сигналдардың таралу аймағы анағұрлым ауқымды, кең болып келеді. Бұл бір жағынан тұтынушылардың да, операторлардың да мүмкіндіктерін арттыра түсері сөзсіз, — деп сабақтады сөзін Дархан Шапхатұлы.
Әйткенмен, кім-кімнің де қолға алған жұмысын, соның ішінде кәсіпкерлік қызметін өз бизнесін жүргізіп жатқан елдің заңдылықтары мен қабылданған қағидалары негізінде жүзеге асырғаны жөн екендігі де даусыз. Осы тұрғыдан келгенде, қайсыбір операторлар мемлекеттік тіркеуден өтіп, есепке тұрып, жарнама, тілдер, телерадио хабарларын тарату туралы заңдарды, техникалық регламенттер мен абоненттерге қызмет көрсету ережелерін бұлжытпай орындап, қатаң сақтайды. Ал, бірқатар шетелдік жерсеріктік операторлар болса қандай да бір үлестерін қоспай, экономикалық шығындарын (соның ішінде ел бюджетіне тиесілі салықтық аударылымдарын төлемей) шығармай-ақ, қазақстандық телерадиохабарларын тарату нарығының беделін сыпырып алуға дағдыланған. Сондықтан да, арнайы рұқсат етілген құжаты — лицензиясы бар операторларға қарағанда, бұны тең жағдайдағы бәсекелестік деп айтудың өзі қиын.
Тәуелсіз сарапшылардың пікірлеріне қарағанда, жыл сайын шетелдік операторлардың таратуымен қазақстандық бюджеттен тыс, көзге көрінбей кетіп жатқан қаржының сомасы миллиардтап саналады. Шынтуайтында, дұрыс жолымен жүргенде осыншама қомақты қаржы өзіміздегі отандық телеарналардың қызметін жетілдіруге, одан қалды, қызметкерлердің еңбекақысын көбейтіп, көтеруге, сайып келгенде, бюджетке түсетін салық пен басқа міндетті төлемдерді толықтыруға жұмсалар еді.
Ашығын айту керек, бүгінгі таңда бейнелі түрде «сұр тәрелкелер» деп аталатын, заңсыз таратылатын шетелдік хабарларды тамашалауға дағдыланған отандастарымыз Қазақстанның ақпараттық кеңістігінен мүлдем ажырап, оқшауланып қалған. Себебі, сол шетелдік операторлар ұсынатын телепакеттерге қазақстандық телеарналардың бірде-бірі қосылмаған. Оның есесіне отандық жерсеріктік және кабельдік хабар тарату операторлары қазақстандық та, шетелдік те телеарналардың бағдарламаларын тұрақты түрде трансляциялаумен келеді.
Қалай дегенде де, еліміз аумағында қызметтерін жүргізіп жатқан операторлардың барлығы да 14 отандық телеарнаның хабарларын таратып, тұтынушыларына жеткізіп отыруға міндетті. Бұл – Үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілген қағида, орындалуға тиісті талап. Тақырыпты тарқатқан облыстық телерадиохабарларын тарату орталығының жетекшісі Дархан Хұсыновтың айтпақ ойы да, басқосуды ашып, жүргізген кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиеваның қорытынды сөзі де, оларды қостаған әріптестер пікірінің түйіні де осыған саяды.
Дәулетқали АРУЕВ.