Телефоныңызға қаншалықты тәуелдісіз?
Ертеңгілік балабақшаға асығып, таксиге отырғанбыз. Университет маңындағы көшелердің біріне бұрылғанымыз сол еді, жүргізуші аяқ астынан көлік тежегішін басып қалғаны. Есікті аша сала, өрімдей қызға айқай салғаны тағы бар. Санаулы секундтар ішінде не болғанын ұғына алмай, аң-таңбыз.
– Құлағыңда наушник. Жолдан өтіп жатқаныңнан да хабарың жоқ.
Абайласаңшы, айналайын-ау!
«Е-е, енді түсінікті болды!» дедік біз.
Бір құлағын ғана ашып, аңтарыла қараған күйі, иығын қиқаң еткізді де жас қыз үзілген әуенді қайта жалғап, жөніне кете барды…
Таяуда Ватсап желісі арқылы, тас жол үстінде көлікке қағылып, сұлқ жатқан екі оқушы қыздың суреті мен «осының бәріне наушник тағу кінәлі, балаларыңызды қадағалаңыздар» деген егде апайдың дауысы жазылған хабарлама елді біраз дүрліктірген болатын. Әңгіме арасында «бұл Атыраудағы үшінші мектептің оқушылары екен» деген де мәлімет болды. Абырой болғанда, бұл дәлелденбеген ақпарат екені анықталды.
Жалпы, ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, соңғы жылдары телефонға телміргендердің қатысуымен бол-ған жолдағы көлік апаттары жиілеген. Қызығы сол, екі тараптың да кінәлі тұстары – тең. Яғни, телефонын шұқылап, бейғам жүрген жолаушы да, заңды тиым салынғанына қарамастан, рөлде отырған күйі әлеуметтік желіні ақтарып, «онлайн» отыратын жүргізуші де кінәлі болған жағдайлар жиі орын алған.
Әйтеуір, бір бөлек әлемге арбалғандар. Қазіргі қала көшелеріндегі адамдарға қарап отырып, осылай деуге болады. Смартфонына сәт сайын үңіліп, қызыл-жасыл әлемнің шырмауынан шыға алмайтындар да тым жиілеп барады. Тіпті, түн ортасында оянсақ та, жастық астындағы телефонымызға жармаса кететініміз тағы бар. Таңғы асты ішіп отырсақ та, бір қолымызға ұстайтынымыз сол. Үйден шығар сәтте де, құлақжіпті іле салып, ешкіммен ісіміз жоқ кейіпке енеміз. Алаңдатарлық-ақ жайт.
Жуырда жазасын қатаң түрдегі колонияда өтеген АҚШ азаматы жарты ғасырға жуық уақыттан кейін бостандыққа шыққанында, басқа ештеңе емес, жіп тәрізді сымды құлағына іле сала, құлтемірлер секілді жүре беретін жандарға қатты таңырқап, мәдени шок болған екен. Жалпы, бұл үрдіс біздің қоғамда ғана емес, әлемдік «ауруға» айналған. Тіпті, бұл келеңсіздікпен күрес жүргізу жолдары қарастырылуда. Мәселен, Қытай қалаларының бірінде телефон экранына телмірушілердің тым артқанына алаңдағандар қауіптің алдын алу мақсатында, смартфонсыз жүре алмайтындар үшін арнайы жолақ салған. Ал, Сеул көшелерінде ұялы телефонның зардаптары жөнінде ескертпе белгілер орнатылған. Бұл секілді жайттар Еуропа елде-рінде де жиі кездеседі.
Қалай десек те, смартфон – бүгінгі күн үшін аса қажетті құрал. Ол – сәт сайын жаңарып отыратын жаңалықтар легінен қалмаудың бір жолы, ақпарат алмасудың көзі, дос-туыстарыңмен хабарласудың тетігі. Осындай қажеттіліктермен қоса, оның тағы бір маңызды тұсы да бар. Ол – іш пыстырмайтын құрал. Патша көңіліңнің қалауын тап бас та, керегіңді ал. Гәп осы жерде. Тек керегіңді алу, белгілі бір межеден аспау. Көп ретте біз осы қағидатты естен шығарып алып жататынымыз өкінішті.
Сіз не дейсіз?
Венера Мутағалиқызы, отбасылық психолог:
– Әр бала отбасында тәрбиеленетіндіктен, негізгі күш ата-анаға түседі, яғни, ол өз іс-әрекеттері арқылы балаларына үлгі болуы тиіс. Телефонды пайдалану тәртібін қадағаласа, бала да соны бойына сіңіріп өседі.
Негізі, бұл – өте күрделі мәселе. Өйткені, біз осы күні бесіктегі балаға да телефонды ұстата салатын болдық. «Әйтпесе, алданбайды» деп, өз-өзімізді алдаймыз. Үлкен адамдарды айтпағанда, жас ағзаға бұл өте зиян. Ұйқысыздық, мазасыздық, психикалық ауытқу, ұмытшақтық, эмоцияның азаюы секілді проблемаларға бастайды. Тіпті, телефонға телмірген бала алдындағы астың дәм-түсін де сезбеуі әбден мүмкін.
Сондықтан, сіз балаңызды үнемі бақылап отыруыңыз қажет. Ең бастысы, ұялы телефонды байланыс құралы ре-тінде ғана қарауы қажеттігін санасына сіңіруге тырысыңыз. Онымен дос ретінде сөйлесіп, жиі-жиі телефонын тексеріп, әлеуметтік желілердегі жазбаларын, достарын да қадағалап отырғаныңыз жөн.
Нұргүл ІЗБАСАРҚЫЗЫ, көп балалы ана:
– Балаларыма телефон алып беруге мәжбүрмін. «Қатарларымнан кем қаламын, анау айфон ұстады, мынау инста-грамда көп лайк жинады» деген сөздері үшін емес, қауіпсіздігі үшін. Яғни, мен үйден шыға алмайтын болғандықтан, үш балам да сабаққа өздері барып-келеді. Қазіргі заманның талабы да осы. Баланың әр қадамын қадағалап отыруға тиістіміз.
Видеоканалдарға жас мөлшері бойынша шектеу қойып, әлеуметтік желілерге кіруіне тиым саламын. Бірақ, байқа-уымша, төртінші, екінші сыныпта оқитын өзге құрбылары белсенді, инстаграм, вконтакта секілді желілерге тіркелген. Ал, бұл оларға қажет пе? Ата-аналар осыны қатаң қадағаласа екен деймін.
Міне, қызық!
Әлеуметтік сауалнамалар көрсеткендей 18 бен 24 жас аралығындағы жастардың 74 пайызы смартфонын жастығының астына қойып ұйықтайды. Ал, жартысына жуығын зерттегенде, ұйқыларының бұзылғаны анықталған. Смартфонның экранына жиі және ұзақ қарау адамның табиғи циклының өзгеруіне әкеп соғады. 10 адамның 5-і түнде телефонына келген хабарламаны көру үшін ұйқысын қиып, оны қолына алады. Сонымен қатар, жазған хабарламаға жауап қандай болар екен деген ой да біразға дейін ұйқының келуін кешеуілдетеді.
P.S. Наурыз айындағы бес күндік демалыста телефоным бұзылып қалды. Ал-ғашында, ауру адамша, әлемдегі бар қызықтан құр қалғандай, күй кешкенім рас. Бірақ, екінші күні ептеп үйрене бастадым. Ал, үшінші күні шын мәніндегі демалыстың рахатын сезіндім. «Мейрамда құттықтамады» деп, ренжіген адамдардың өкпе-назы болмаса, смартфонға телмірусіз де күн кешуге болатынына көз жеткіздік.
Ал, сіз телефоныңызға қаншалықты тәуелдісіз?..
Гүлжан ӘМІРОВА