Жарнама
Қоғам

ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДАР ТАПШЫ

Бір ғана Атырау аймағында жетекші сала мамандарын дайындайтын қаншама оқу орындары бар, оны бітірген түлектер қайда орналасып жатыр? Біз осы және өзге де сауалдарға жауап алу бағытында сол оқу орындарына бас сұққан едік.

Атырау мұнай және газ институты мұнай факультетінің деканы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Есенгелді Арыстанәлиев былтыр облыста студенттердің 72 пайызы, Қазақстан бойынша 65 пайызы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқандығын айтады.

— Мысалы, Ақтөбеде аталған салада оқыған түлектердің 30 пайызы ғана қызметке тұрған. Түлектердің болашағына жағдай жасау мақсатында жылма-жыл жәрмеңке ұйымдастырып отырамыз. Ол үшін алдын ала 80-90 шамалы мекеме-ұйымдарға хабарлап қоямыз. Олардың былтыр 40-ы қатынасса, оның ішінде өзіміздің АМӨЗ, «Қаз-мұнайгаз», «ТШО», «Аджип», «Каспиймұнайгаз», «Атырау-Жарық» сияқты ұйымдар үлкен белсенділік танытты. Тіпті, студенттердің мемлекеттік емтиханында комиссия құрамына да сол компания өкілдері қатысып, өздеріне ұнаған жүздеген түлекке ұсыныс жасады. Мекеме тарапынан әңгімелесуге шақырылған бес баланың біреуі бір орынға тағайындалып, 2-3 айлық келісім-шартқа отырады. Биыл бізге Шымкент, Жамбыл, Астана, Ақтау қалаларынан да 90 студент қабылданды.

Оқу ақысы министрлік тарапынан төленетін «Академиялық мобильділік» бағдарламасы бойынша студенттеріміздің бір жыл шетелде оқуға, керісінше шетелдіктердің біздерде оқуына мүмкіндік бар. Осы орайда былтыр 6 бала Польшада оқып келсе, Ресей, Түркіменстан, Өзбекстан, Қытай елдерінен 11 бала оқу орнымызға тартылды.

Бізде көбіне мұнайшылардың балалары оқиды, себебі олар ата-аналарының табысынан хабардар, әлеуметтік жағынан қорғалатынын жақсы біледі. Сондықтан, бүгінде жалақысы мардымсыз метролог, эколог мамандар жетіспейді. 30 адамға сұраныс түссе, тек 10-ы ғана өз иесін тауып жатады, — дейді ол.

Ал, кәсіпкерлердің түлектерді қызметке алу жайына келсек, олардың жас маманға қояр талабы өте жоғары, бірақ болашағынан зор үміт күттіретін жастар үшін оқу ақысын төлеуге әзір. Қазір сондай бағытта мұнай факультетінде 47 бала оқып жатыр. Ал, халықаралық сертификат алу үшін арнайы 7-8 сағаттық ақылы курстарға жазылуға болады.

Осы ретте біз Атырау мұнай және газ технологиялық колледжінің директоры Бекболат Ихсановты да сөзге тарттық.

— Жасыратын несі бар, қазір ақылы техникалық оқу орындары көп, алайда, ондағы жастардың кейін жұмысқа орналасуы екіталай. Жастардың өзіне салсақ, олар бірден жоғары сатыда, табысы қомақты жерлерде жұмыс жасағысы келеді. Ал, шындығына келгенде, әр салалық қызмет қарапайым жұмысшыдан басталады.

Бұл оқу орны жөнінде көп жастар біле бермейді. Жақында бір ата-ана келіп, «тегін оқытатын оқу орны бар екен ғой» деп таңданып, баласын осында беретінін айтып кеткен.

Оқу мерзімі – 2 жыл он ай. 11 сыныпты бітіргендер үшін он айлық қысқа мерзімді оқыту түрі де қарастырылған. Қазір негізгі деген 4 мамандық бойынша болашақ техник, мұнайшылар дайындалуда. Атап айтқанда, мұнай-газ өндіру операторы, бақылау, өлшеу аспаптары және автоматика, темір ұстасы, электр-газ дәнекерлеуші, бұрғылау қондырғысының мамандары оқытылады. Одан басқа тоқ және газбен пісіруші, мұнай және газды барлау және пайдалану скважиналарын бұрғылаушысының көмекшісі, бұрғылау қондырғысының машинисі мамандары да оқытылады. Алдағы уақытта мұнай саласына байланысты талапкерлеріміздің біліктілігін арттыру мақсатында техник-механик, мұнай-газ қайта өңдеу технологиясы, т.б. қосымша мамандықтарды ашу көзделуде.

Ал, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің еңбек ресурстары басқармасының маманы Айнұр Жаулина қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, жас мамандарды даярлау мәселесіне жете мән берілетінін айтады.

— Осы жылдың өткен 9 айында өндірісте еңбек ететін қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында 793 адам оқытылды. Осы аралықта түрлі кәсіби шеберлік курстары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, өндірістік технологиялар, интеграциялық менеджмент жүйесіндегі ішкі координаторлар мен энергоаудит мамандарын дайындау, дьюар ыдыстарын қолдану қауіпсіздігі мен тасымалдау бойынша оқыту курстары өткізіліп тұрады.

Оқыту курстарының барлығы да өндірістік маңызы зор өзекті тақырыптарды қамтиды. Олардың қатарында механик, шебер, ұсталарға арналған технологиялық құрылғыларды жөндеу әдістемесі және техникалық қызмет көрсету, мекемені электрмен жабдықтау, микропроцессорлық техниканы автоматизациялау, жылу электр орталығындағы қазандық, турбина тиімділігін арттырудың инновациялық әдістері, суды дайындау және тазалаудың қазіргі заманғы технологияларын оқыту сияқты басқа да көптеген курстар бар, — дейді ол.

Сонымен қатар, тәжірибе алмасу мақсатында қызметкерлер ТМД елдерінің салалас мекемелерінде мұнай өңдеу технологиясы бойынша оқу орталықтарына жіберіліп, технологиялық процестерді басқарудың қазіргі әдістері мен оларды бақылауды үйреніп қайтқан екен. Алдағы уақытта болашақ жас үміткерлерге арнап та тәжірибелік оқыту курстары ұйымдастырылады деп жоспарланған. Ал, қызметкерлер түрлі курстар мен семинарларға қатысу арқылы білімдерін шыңдап, оны жұмыс бабында қолдануларына мүмкіндіктері бар. Бұл өз кезегінде еңбек сапасының артуына себеп болары сөзсіз.

Атырау политехникалық колледжіндегі түлектер жайын директордың оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Күләш Борановадан білдік. Оның айтуынша, колледж ресертификация рәсімінен өткен, яғни мұнда да мемлекеттік сертификат табысталады. Халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, колледж оқу үрдісіне оқытудың дуальды жүйесін енгізді. Мұнда бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ тәрбиелеу негізінде Ресей, Германия, АҚШ, Сингапур мемлекеттерінің көптеген ұйымдарымен серіктестік қарым-қатынастар жасалды. Биылдан бастап колледжде электронды оқыту жүйесі енгізілді.

— Колледж жоспарында кәсіпорындармен келісімдер жасасу алдыңғы кезекте тұр. Студенттердің кәсіптік тәжірибесін ұйымдастыру және бітіруші түлектерді еңбекке орналастыру, өндірістік оқу шеберлері мен арнаулы пән мұғалімдерін сынақтан өткізу үшін көптеген мекемелермен жұмыстар жүргізу жоспарланды. Мекемемен жасалған кейбір келісім-шарттарда қысқа мерзімді курстарда кәсіпорын тапсырысы бойынша мамандардың білімін көтеру, қайта даярлау жұмыстары да көзделген, — дейді Күләш Баянқызы.

Әрине, жыл сайын елімізде мыңдаған маман дайындалуда. Бірақ, сөйте тұра шетелден кәсіби мамандар неге шақырылады деген сұраққа көптеген оқу орындары басшылары жауап бере алмады. Біздіңше, бәрі де маманның сапасына келіп тірелері сөзсіз.

Елдің жалпы ішкі өніміндегі облыс үлесі 10,8 пайыздан 13,2 пайызға өссе, 2014 жылы жалпы өңірлік өнімнің өсуін 4 021 млрд. теңгеге дейін жетеді деп болжам жасалуда. Олай болса, техника тілін білетін мамандар қашан да сұраныста. Ендеше, санға емес, сапаға назар аударатын уақыт болған сияқты.

Амандық Сағынтайұлы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button