ТЕБІРЕНТКЕН ТЕРЕҢ ТУЫНДЫ
Шынында да, ата-бабаларымыз бүгінгі жарқын тұрмысты, тиімділігі мол вахталық әдісті көре алмай, бақилық болды. Мұнай – біздің басты экспорттық тауарымыз. Автор сол «қара алтынның» әлемдік рыноктағы бағасының құбылуын сарапқа сала отырып, Ұлттық қорға түсетін табысты қалай дәл есептеген, валютамыздың жиынтығы осы жылдың соңында 110 млрд. долларды құрайды екен. 1993 жылдан бері өлкеміздегі әртүрлі әлеуметтік жобаларға 875 млн. АҚШ доллары жұмсалыпты. Тек мұнай өндіру ғана емес, балабақша, мектеп, спорт, туристік сапар, ауыл-елді көгалдандыруларды да ұмыт қалдырмаған. Әдет-ғұрып, салт-сана, халықтық қағидаларды алдыңғы орынға қойып келеді екен. «Мен қазақша білемін» деген сайыстар, түрлі жарыстардың өзі неге тұрады?!
Иә, жақсы, жарасымды істерді байқаған қазақ «қайырын берсін» деп жатады ғой, Исатайдың соған лайықтап тақырып атауын «Қара алтынның» қайыры жайлы қайырмалар» деп атауы қандай жарасымды, ойы мен пайымы дәл қабысқан. Сексеннің сеңгіріне шыққан ағаңды әбден разы еттің, айрықша толқыдым, тебірендім.
Тәуелсіздік алғанға дейін Кеңес үкіметі адымымызды аштырмады, семіз ет те, басқасы да Мәскеуге кетті, не өндірдің, өзің өңдемейсің – бәрін де Мәскеуге асырасың, бәрі есімізде, ет комбинатына тапсырған малдың еті Ресейге жөнелтіледі де, бауыздау қаны Атырауда қалып, шұжық (кровяная колбаса) жасалып, елге сатылатын. Мұнай да сол. Осы тұрғыдан алғанда мына жазба құнды, мәнді еңбек екен. Авторын тарих, философия, саясаттану ғылымдарының докторы (кандидатың жолда қалады) деуге әбден лайық. Оның ізденгіштігіне қайран қалдым, талай қалың томдарды, зерттеулерді парақтағанына көзім жетті.
1990 жылдардың басында Камал мен Шерхан хат жазысып, көкейіндегі ойларын ортаға салып, «Егемен Қазақстан» газетінде жариялап жүретін, кейін «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда!» деп кітапша етіп шығарып еді. Онда ауыл-елдің жағдайы, жекешелендірудің сорақы түрлері айтылып еді, ал мынау оның көкесіндей, татымды, тұшымды туынды, дамыған отыз елдің қатарына қосылудың жолдары белгіленген құнды еңбек. Мен бұрын Исатайды көзі көреген, жаңалықты байқағыш шебер журналист деп жүруші едім, сонымен қатар ол нағыз ғалым екен ғой. Қазір аты бар да, заты жоқ ғылым кандидаты, докторы, профессорлар көп қой, Исатай солардың сойынан емес. Айналайын, атақ-абыройың Отанымызға кеңінен жайыла берсін, мұнай-газ саласының мықты білгірі екенсің, қарағым, талантыңды, іс-қимыл, әрекетіңді елің танып, бағалап, Қыдыр демеп, Қызыр қолдасын, Әумин!