Жарнама
Қоғам

ТЕҢІЗ ТОЛҚЫНЫНДАҒЫ ТАҒДЫР

 1941 жылы  Ұлы Отан соғысы басталғанда Новобогат ауданының  басшылығы Тілепберген Төлегеновті майданға жібермей, «броньмен» қалдырып, оған колхоз  басқармасының төрағасы қызметін жүктеді. Енді шаруашылық  басшысы ретінде  уақытпен санаспай бірде теңіз төсіндегі балықшылардың ортасында болса, бірде ат үстінде жүріп малшыларды аралады. Ауыл адамдарын аш-жалаңаш қылмай, соғыс зардабын сездірмей, еңбекке жұмылдыруға ден қойды. Қиын-қыстау кезеңде шаруашылықты құлдыратпай, елдің еңсесін түсірмей, ауылдастарымен бірге бел жазбай еңбек етті. Өзі алғаш құрған «Социалистік жол» Амангелді атындағы  колхоз болып аталып, қысы-жазы балық аулап, оны сапалы тапсырудан атағы шықты.

Алапат соғыс Жеңіспен аяқталды. Бейбіт өмір басталды. Ел еңсесін көтерді. Тілепберген бұдан  әрі колхоз  басқармасының төрағалық қызметін білікті маманға тапсырып, өзі орынбасары болып жасады. Елуінші жылдардан кейін балықшылар бригадасының жетекшісі  болып балықшыларды  балық аулауға жұмылдырды. Ақжалда, адуынды бұйра толқындарда өзі де шынығып, кейінгі толқын – балаң балықшыларды да құрыштай етіп шыңдады. Балықшылық оның атакәсібіне айналды.

Ол желкенді қайықпен теңіз  кешіп, балық  аулау кезінде  небір дауылдарды  бастан  кешті. Қыста  итбалық аулау  экспедициясымен жүріп,  әлденеше рет мұз құрсауында қалып, ығып кеткен кездері де  болды.  Бірде теңізден Еділ-Каспий тресі бойынша үш мың бас теңіз аңын аулап тапсыру кезінде мұз жарылып, сең үстінде  он үш күн бойы ыққаны бар.

Бұл кезде амангелділік сегіз балықшыны бірнеше күн іздеу салып Баку, Астрахан, Москва авиаторлары  іздестіруде  болатын. Он үш күн  дегенде  гидросамолет  сең үстіндегі бұларды тауып, Бозашы түбегіне  жеткізеді. Келесі күні  олар туған  жерге аман-есен оралды.

1957 жылы Забурындағы  төрт балықшы колхоздың  бірі болып Амангелді  атындағы колхоз Дамбы бойына  көшірілді. Оған себеп те жоқ емес-ті. Каспий теңізінен балық аулау тоқтатылып, енді Жайық өзенінен ауланатын болды.  Жаңа жерде колхоз үйлері  бой көтеріп, ауыл ажарлана түсті. Балықшылар  бұрынғыдай теңіз төрінде желкенді қайықпен шығып, балық ауламайды. Есесіне Жайықтың жағасында тұрып, лебедка моторымен ау шауып, ел ырысы су маржандарын көптеп  аулауға қол жетті. Жыл сайын жоспардан артық  бірнеше жүздеген центнер балық ауланып,  колхоз экономикасына мол табыс келтірді. Тілепберген де осы балық аулау ісіне балықшыларды жұмылдырып, басы-қасында жүрді.

Ауыл ардақтысы атанған Тілекең ақсақал 1976 жылы 86 жасында  өмірден өтті. Кезінде ол отбасындағы балаларын да балық кәсіпшілігіне  баулыған-ды. Бүгінде осы ұрпақтары өсіп, өніп, олардан өрген немере, шөбере, жиендердің басы жүзге жетіп, бір қауым елге айналды. Осы күнде олардың көбі ата жолын таңдап, балық  өндірісінде жемісті еңбек етуде. Тілекең ақсақалдың   сүйікті немерелерінің бірі Санат Тілепбергенов қатардағы балықшыдан балық аулау жөніндегі инженері, Аманкелді атындағы  колхоз басқармасы төрағасы, селолық Кеңес атқару комитетінің төрағасы, бүгінде Құрманғазы өндірістік кооперативінің төрағасы болып жұмыс істейді.

Абзал азаматтың сол  жылдардағы қажымас қайрат  көрсеткен адами қасиеттері туралы оның көзін көрген еңбек ардагерлері  Бабаш Құспанов, Биғали Жұмабаев, Едіге Ғұмаров, Қабекен Ділмұханов,  Сайполла Көшенов, Замария Молдағалиева әрдайым тебіреніспен айтады. «Жақсының  аты өлмейді» деген осы да.  Кезінде «елім-жерім», «халқым» деп бар ғұмырын сарп еткен Тілепберген Төлегеновтің атын ардақтау – туған топырақтың жұртшылығына үлкен парыз. Сондықтан, Дамбы селосының бір көшесіне осы ардагердің  есімі берілсе деген  көптің  тілегі бар. Өйткені, жақсының  атын ардақтау ата салтымыз ғой.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button