ІЗГІЛІК МЕРЕКЕСІ

7-қаңтар – христиан діні үшін үлкен мереке. Әлемнің 145 мемлекетінде ерекше сән-салтанатымен атап өтілетін православтар мен католиктердің діни мейрамын барша христиандар шіркеулерде және ғибадатханаларда шоқынумен өткізеді.  

Рождество тарихын христиан әлемі негізінен осыдан екі мың жыл бұрын Мария ананың Иисус-Ғайса пайғамбарды өмірге әкелген күнімен байланыстырады.

 Осыдан екі мың жыл бұрын қаңтардың 6-сынан 7-сіне қараған түні Иосиф пен Марияның отбасында Иисус есімді ұл дүниеге келеді. Назареттен келген Иисустың алдында бүкіл әлемді өзгерту міндеті тұрған еді. Барлық адамзат баласын құтқарушысының қай жерде, қашан өмірге келетіндігі алдын ала белгілі болды. Ол дүниеге келер түні Вифлеемде өмірге келген барлық нәрестелер Ирод патшаның бұйрығымен өлтірілді. Бірақ, періштелердің қолдауымен Иисус жарық дүние есігін ашты. Болашақ құтқарушы туған сәтте аспанда ерекше сәбидің дүниеге келгендігін паш еткендей жарық жұлдыз пайда болыпты деседі.  Сондықтан да, осы түні дінге сенушілер шіркеуге барып, дұғасын оқып, сол бір жарық жұлдыздың көрінуін күтеді. Сиқырға толы бұл түні барша христиандықтар бір-бірін құттықтап, жылы сөздерін, игі тілектерін арнайды.

Бүгінде итальяндықтар Рождество қарсаңында үй ішін шаң-тозаңнан мейлінше арылтуды әдетке айналдырған. Мереке түнінде қала өмірінің айтарлықтай тыныштыққа оранатыны сонша, бұл кезде жұмыс істеп тұрған дүкен, мейрамхана табу қиын болады. Қоғамдық көлік те жүрмейді. Өйткені, қасиетті күні құдайға жаппай құлшылық ету түн жарымында басталып, бір жарым сағатқа созылады. Бұл күні Ватиканда Рим папасының өзі қызмет етеді. Әрбір храмда міндетті түрде сәби Христ бейнесі бар миниатюралық балабақша жасақталады.

Австрия халқы бұл мейрамды желтоқсанның 24-і күні тойлайды. Бұл күні шіркеуге отбасымен бірге бару дәстүрге айналған. Тек құдайға құлшылық еткеннен соң ғана, австриялықтар шаңырағына оралады. Әр отбасы мереке сәні — шырша ағашын безендіреді. Және бір қызығы,  бұл күні шоколад пен мармелад тегін таратылады. Кешкі аста бірінші ұлттық арпа-лапша ішіліп, екіншіге карп желінеді. Бұл күні австриялықтар есік жаппайды. Өйткені, халықтың арасында есігі жабық үйге жақсылық келмейді деген сенім бар. Осылайша, Рождество түнінде халық сәнді киімдерін киініп, көшеге шығып, бір-біріне жақсы тілектер айтып, құттықтайды.

Ал, француз халқы Рождествоны соборларда кешкілік концерттік бағдарламалар қоюмен қарсы алады. Жарқыраған шамдармен, түрлі ойыншықтармен безендірілген шыршалар тек пәтерлердің ғана емес, көшелердің де, жертөлелердің де сәніне айналады. Бұл күні барлық үйде дәстүрлі рождестволық деликатес — қаз бауыры дайындалады. Француздар мереке түнінде мейлінше бір-біріне жақсылық жасауға тырысады. Тіпті, қала мейрамханаларында кешкі асты тегін ішуге мүмкіндік беріп, мерекелік тағамдары бар «рождестволық кәрзеңке» үлестіреді. Рождестводан кейін алғашқы үш күнде дүкендер мен кәсіпорындар жұмыс жасамайды.

Германия үшін Рождество ең басты мейрам болып саналады. Бұл күні барша балаларға рождестволық ата сыйлық үлестіреді. Бірақ, балалар көбіне Рождествоның бас мейманымен тікелей кездесе бермейді. Өйткені, рождестволық ата сыйлықты шұлық ішіне салып, әр үйдің сыртқы есігінің тұтқасына іліп кетеді.

Американдықтар да Рождествоны асыға күтеді. Бұл күні олар мерекелік сыйлықтарды шырша түбіне тығып қояды да, Рождество түні басталғанда балаларға сыйлықты Санта-Клаус әкеледі.

Ресей халқының да рождестволық-жаңа жылдық салт-дәстүрлері жетіп артылады. Қаңтардың 6-сынан 7-сіне қараған түні христиандар шіркеулер мен ғибадатханаларға барып, шоқынады, дұға оқиды. Сондай-ақ, рождестволық әндер айтылып, көңілді кештер ұйымдастырылады.

Атаулы күні Атырауда қандай шаралар өтеді? Успен православиелік шіркеуінің иерейі Михаил Соколовтан білгеніміздей, 7-ші қаңтар күні шіркеуде салтанатты түрде құлшылық ету шарасы болады. Таңғы сағат тоғызда басталатын мерекелік салтанат бір жарым сағатқа созылады деп күтілуде. Сондай-ақ, 12-ші қаңтар күні Құрманғазы мәдениет үйінде балаларға арналған ертеңгілік өтеді. Шіркеу иерейі Михаил Соколовтың айтуынша, ертеңгілікке арналған мерекелік бағдарламаны жексенбілік мектеп балалары дайындаған. «Барша бауырларымызды атаулы мерекемен құттықтаймын. Рождество қарсаңында мейлінше қайырымдылыққа, бір-бірімізге жақсылық жасауға жақын болайық. Құдай жақсылық жасаушы ізгі ниетті адамдарды қашан да қолдап, қорғап жүреді» дейді ол.

Осы жерде айта кеткен жөн, Рождество мейрамын негізінен барлық христиандар атап өтеді. Католиктер оны 25 желтоқсан күні, ал православтар 7 қаңтарда тойлайды. Батыс елдері бұл күнді отбасы мерекесі деп есептейді. Жиырма ғасыр бойына тойланып келе жатқан Рождество мерекесінің негізгі мән-мағынасы осылайша қайырымдылықта жатыр.

Рождество мейрамы біздің елімізде де мемлекеттік мереке болып саналады. 7-ші қаңтар күні барша қазақстандықтар демалады. Мереке құрметіне біздің елімізде де түрлі іс-шаралар жоспарланған. Бұл күні барша ғибадатханалар мен шіркеулер негізгі уақытты құлшылық етуге арнайды.

Дайындаған

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Суреттер редакция

мұрағатынан алынды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз