«ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҰЛАНДАРЫ»
Мерекелік шара барысында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай әскери бөлімдегі тәуелсіздік құрдастарының қатысуымен түсірілген «Тәуелсіз елдің ұландары» атты деректі фильм көрсетілді. Әскери бөлімнің құрылу тарихымен бөлім командирі, подполковник Бекайдар Күртібаев таныстырды.
– 1991 жылы 25 ақпанда Орталық Азия және Қазақстан бойынша Ішкі әскерлерінің милициясында 177 бөлек арнайы моторландырылған батальонының штаты бекітілді. Содан бері айтулы дата әскери бөлім қызметшілері үшін мерекеге айналды. 1992 жылдан бастап әскери бөлім еліміздің ІІМ Ішкі әскерлері, ал, бүгінде Ұлттық ұлан құрамында жауынгерлік қызметін атқарады. Атырау облысы аумағында қоғамдық қауіпсіздікті, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді, — деді Б.Күртібаев.
Айта кету керек, әскери бөлім түзеу мекемелерін күзетуде, сотталғандарды айдауылдауда, қоғамдық тәртіпті сақтауда, табиғи апат салдарын жоюға да белсенді қатысып келеді. Бұл ретте «Батыс» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Берік Омаров, Батыс өңірі бойынша әскери прокуроры Жанболат Айекенов, облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция басшысы Нұрым Оразбаев және басқалары сөз сөйлеп, бірқатар сала мамандарын «5546 әскери бөлімінің құрылғанына – 25 жыл», «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгілері және Алғыс хаттармен марапаттады.
Жиын соңы мерекелік концертке ұласып, патриоттық әндер шырқалып, күмбірлеген күй төгілді. Бұдан басқа шараға қатысушылар фойеде әскери бөлімнің өткен және бүгінгі тыныс-тіршілігіне арналған көрмені тамашалады.
Сіз не дейсіз?
Лұқпан ӨТЕКОВ, сала ардагері:
Алаңдауға негіз жоқ!
– Мен әскери бөлімде 25 жыл қызмет етіп, рота командирі, командирдің орынбасары, взвод командирі лауазымдарын атқардым. Бұрын әскери бөлім құрылған уақытта техника, қару-жарақ жетіспеді, сарбаздардың азық-түлікпен қамтылуы көңіл көншітпеді. Казарма да жөнделмеген еді. Соған қарамастан сала қызметкерлері ешбір қиындыққа мойымай, өз істерін адал атқарды. Ал, қазіргі жағдай мүлдем өзгерді. Әскери бөлім барлық қажетті жабдықтармен жабдықталды. Бүгінде оның жай-күйі толық бақылауда. Өз басым аптасына бір рет әскери бөлімде болып тұрамын. Жағдай қалыпты. Алыстағы ата-аналарға балаларын ойлап, алаңдауға еш негіз жоқ.
Олай болса, сарбаздарға Отан алдындағы борышын адал атқаруға тілектеспін. Салтанатты шарада мен «5546 әскери бөліміне – 25 жыл» төсбелгісімен марапатталдым. Бүгінгі буын Отанымыз алға қойған ұлы міндет үдесінен көрінеді деп сенемін.
Ұлболсын ОРАЗҒАЛИЕВА, сержант:
Ел тыныштығы – басты назарда
– Мен 2003 жылдан бері штаб аға маманы, жауапты орындаушы болып қызмет етіп келемін. Бұған дейін «Мінсіз қызметі үшін», басқа да төсбелгілерді кеудеге тақтым. Бүгінгі шарада Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықовтың атынан Алғыс хат алдым. Мұның бәрі менің бұл салаға деген қызығушылығымды арттыра түсуде. Алдағы уақытта да ел тыныштығын сақтауда абыройлы еңбек ететініме сендіремін.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.