Жарнама
Қоғам

ТАУ ТҰЛҒАЛЫ АҒА ТҰРҒАН ҮЙГЕ ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

Осынау рәсімге қала және облысымыздың басшылары, мекеме, кәсіпорын өкілдері, Таумұш ағамыздың өмірлік серігі болған Бәтіш апа, ұрпағы, жақын-жуығы, қимас достары мен жолдастары қатысты.
Алғашқы сөзді Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов алып, ол кісінің өзі қалап алған, ұзақ жыл абыроймен атқарған қызметіне сіңірген еңбегінің ерекше екеніне тоқтала келіп: «Еділ мен Жайық арасындағы Каспий маңы ойпаты геологиялық картасының жасалуы тікелей Таумұш Нұрышұлының еңбегі. Таумұш ағамыздың өнегелі ісі мен тәлімді тәрбиесін көрген, содан үлгі алған, ол кісінің бойындағы бар адами қасиетті бойына сіңіруге тырысқан шәкірттерінің бірі мен едім. Ал, бүгін біз тау тұлғалы аға тұрған мына үйге мәрмәрдан ескерткіш тақта орнатпақпыз. Абзал ағаның атағы мен даңқын, ерен еңбегін сыйлап жүрген халқы осы тақтайшаны мақтаныш етіп жүрсін!» — деді.
Осыдан кейін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов Таумұш Жұмағалиевты мәңгі есте қалдыруға арналып жасалған ескеркіш тақтаны салтанатты түрде ашып, көпшіліктің көзайымына айналдырды.
Мұнан кейін ұзақ жыл басшылық қызметтерде болған партия және қоғам қайраткері Есен Тасқынбаев, ұзақ жыл мұнай инженері болып жұмыс жасаған Тау-ағаның шәкірттерінің бірі Болат Өтебаев естеліктерін айтты.
Ескерткіш тақта орнату рәсімінің соңына қарай ғалымның әулеті мен ұрпағы атынан оның ұлы Болат Таумұшұлы сөйледі. Болат өз сөзінде әкесі тірі болса, 95 жасқа шығатынын, осы айтулы датаға облыс, қала әкімдерінің көптеген іс-шара ұйымдастырып жатқандарына, оған жасы үлкен ағалар мен апалардың көптеп жиналғанына отбасы атынан шынайы ризашылығын білдірді. Оның «Әкем марқұм әдебиет пен өнерге, соның ішінде поэзияға жақын еді. Кейбір басқосулар мен отырыстарда қазақ ақындарының өлең шумақтарын жатқа соғатын. Әкеміздің шәкірті болғасын ба, облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы да – өлең-жырға жақын адам. Ол кісінің оқыған өлеңдері тыңдаған жанның жүрек түкпірінен жоғары орын алады…» деуі мұң екен, облыс басшысы Болатқа таман келіп, бірер шумақ өлеңді төгіп-төгіп жіберді. Философиялық мәні зор өлең оқыған әкімге сол жердегі барша адам үлкен қошемет көрсетті.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button