Жарнама
Қоғам

ТАУ ШЫҢДАРЫМЕН СӘНДІ

Осы бір көнбіс, еңбекке ерінбейтін, күндіз қолынан қаламы мен блокноты түспеген, қалт еткен сәтінде майланбаған қара арбадай сатыр-сұтыр еткен машинкасына ақысы кеткендей маза бермейтін Рахмет ағамен тура 50 жыл бұрын сол кездегі Теңіз ауданының «Ленин жолы» деп аталған газетінің редакция үйінің аядай бөлмесінде танысып едік. Мойылдай қара шашын салалы саусақтарымен әлсін-әлі шалқасынан тарақтап, келте мұрнын тартып қойып қағаздан бас көтермейтін. Оқта-текте басын көтеріп жанарын саған тіктегенде шүңгіл көзінен жылылықтың мейірім шуағы атойлайтын.
— Редакцияға қатысып, хабар-ошарларыңды әкеліп тұр. Бізге хабарласып тұратын мектеп оқушылары аз емес,-деді алғашқы кездесуімізде. «Жақсы сөз-жарым ырыс» демекші, осы сөз бойыма жігер жалынын дарытып, үміт отын маздатқандай болды. Тасқа басылған газет сөзінде құдірет бар кез-тін. Бұл 1963 жыл болатын. Сонда маған ересектеу көрінген қайың қаптал, бойы сырықтай азамат бар болғаны орда бұзар отызда екен. Гурьевтің мұғалімдер институты жас түлегіне қиыр шет болып келген Маңғыстау түбегіндегі мектептің біріне жолдама береді. Тәртіптің босаңси қоймаған тұсы, бар деген жерге сылтау айтып бармау жастар үшін әбестік саналатын. Мосқал тартқан әке мен шешенің жалғыз ұлы болса да жұмсаған жаққа кете барды. Одан Рахаң ұтылған жоқ, қайта ұтты. Мұғалімдік тәліммен бірге шежірелі түбектің әлқиссаларына қанықты. Шығармашылықтың да тұсауын осы өңірде кесті. Ақындығымен танылып, айтыстарда топ жарды. Заманымыздың заңғар жазушысы, ойшылы Әбіш Кекілбаймен танысып, жете араласты, біте қайнасты. Гурьев қаласында өткен облыстық ақындар айтысында Әбіш екеуі Маңғыстау елінің атынан қатысып, туған еліне тұңғыш рет ақындық шабытымен мәлім болды.
Шығармашылығымен танылып үлгерген жасты Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданы басшылығы туған жеріне қайтаруға күш салды. «Ер — туған жеріне» демей ме, Рахаңның тілеуі аяқ астынан орындалып, 1959 жылы Ганюшкино селосындағы ата-анасын қуанышқа бөледі. Өздері аттай қалап шақыртып алған жас маманға аудандық оқу бөлімінен орын тауып орналастырады. Рахаң толғаныс үстінде. Безбеннің екі басының бірінде оқу бөлімінде мамандығы бойынша қызметті жалғастыру болса, екінші басында шығармашылық жұмыс. «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деген ата сөзі ойға маза бермей қойғаны. Шығармашылық жұмыс киесі оны редакцияға жетеледі де тұрды. Менің танысуым да оның асқан құштарлықпен аудандық газеттің жұмысына бөлім меңгерушісі болып араласып жатқан кезімен тұстас келген екен. Сағынып табысқан қызметінде Рахаң абыройлы да беделді болды. Оқырмандар оның газет бетінде жарияланған ойлы мақалалары мен оралымды да бай тілмен жазылған әңгімелерін қалт жібермей оқыды, әлі де оқып келеді. Мақалаларында ащы да болса қоспасы жоқ шындықты айтты. Бірақ сынның жөні осылай екен деп әдептен озған, біреудің аяғын орынсыз басқан емес.
Жүрек қалауы болған мамандық сырын терең меңгеру үшін, отбасы тауқыметі оңай соқпай тұрса да, жайдақ кемеге мініп асау толқынға қарсы арпалыса жүзгендей төзімділік көрсетіп Қазақтың С.М.Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби) Ұлттық университетінің журналистика факультетінің сырттай оқу бөліміне түсіп, оны ойдағыдай аяқтап шықты. Бұл да қайсарлықтың, етінен ет кесіп алса да қыңқ демейтін темірдей төзімнің өнегесі болды.
1970 жылы Рахмет аға облыстық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінің Еділ мен Жайық өзендері аралығында орналасқан Құрманғазы мен Исатай, кезінде Мақаш әкімнің округінің құрамына енген, бұл күнде Астрахан облысына қарайтын қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдары кіретін Қарабайлы, Володар, Краснояр, Ақтоба аудандарын қамтитын меншікті тілшісі болып жұмысқа кірісіп, бір ұжымда жұмыстас болу бақытын жазды. Осынау жалғыз жатақ, дара қоныс тілшілік қызметті ол 40 жыл мігірсіз атқарып, абырой, құрметке кенелді. Осы жылдар ішінде оның газет беттерінде көтермеген мәселесі де қалмаған тәрізді. Адамы мен жан-жануарына ғана емес, барша тіршілік көзіне, ойы мен қырына, тауы мен тасына шейін қайғы бұлтын үйірілткен, ажал семсерін таяған Азғыр полигоны туралы қанша проблемалық мақала жазылды десеңізші? Мақалалар мәселені шешіп тастамаса да, радияция дегеннің не екенін түсінуге, бұрынғыдай ракетаның сынықтарымен үйлеріне дуал жасау, парашоттың жібегінен көрпеге тыс қаптау, үй тұрмысына пайдалану секілді сауатсыздықтың қараңғы бұлтын сейілтуге, оның денсаулыққа зияндығын ұғынуға, сөйтіп экологияның тазалығы үшін күрестің маңыздылығын ұғынуға көмектесті, елдің көзін ашты.
Құрманғазы ауданы – облыстағы жері шұрайлы, халқы теңіз өресінде жиі қоныстанған елді мекен. Бірақ кеңес дәуірі кезінде осы өлкенің табиғат берген байлығын сақтауға жеткілікті мән берілмеді, қаржы бөлінбеді. Соның нәтижесінде өткел бермейтін арналар суалып, саяздары шаңы шыққан қара жерге айналды. Арналарды тазалау, қазу жұмыстары қажеттігі Рахаңның қаламының ұшына қайта-қайта ілікті. Ганюшкино селосын жарып ағып жатқан Шора өзегінің бүгінгі қалін көзімен көрген облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов: «Біздің бала кезімізде жүзіп өтуге мүмкіндік бермейтін кең арна еді. Мұны сонша неге сорлаттыңдар?»-депті. Осы сөзді құлағы шалған қарт журналист өзінің кезінде босқа қалам сілтемегеніне, «Тұлпардың да тұлпары бар, қазанаты бір бөлек», әкімнің де әкімі бар, айтқан сөзін қаза қылмайтын» деп мадақтанып отыр.
Рахмет ағаның ұлтжанды азамат ретінде биік парасаттылықпен көтерген тақырыбының бірі — өздерінің туған атакүлдігінде отырған, бүгінде Рессейдің Астрахан облысының аймағына кірген аудандардағы қандастарымыздың тұрмыс-салты мен мәдениетінің, туған тілінің аянышты қалі. Жастардың ішімдікке әуестігі, мәдениеттің кешеуілдеп қалғаны, әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған тілдің жойылу кезеңіне аяқ басқанын, рухсыздануды жай жазған жоқ, жылата жазды, көзден қанды ағыза жазды. Газет көтерген мәселе екі елдің билік басындағы азаматтарына ой салды. Соның нәтижесінде Астрахан облысында құрылған «Жолдастық» атты қазақтар қауымдастығы арқылы біраз іс атқарылуда. Алдымен көршілер арасындағы барыс-келіс жақсарды, мәдени шаралар алмасу тұрақты сипат алды, қазақ тілін оқып-үйрену үйірмелері жүйелі жұмысты бастады. Көркем әдеби кітаптар көптеп жеткізілді. Бір сөзбен айтқанда, Рахаң туған өңірінің ойлы да парасатты азаматы ретінде кіндік қаны тамған жері, халқы алдында перзенттік парызын мінсіз атқарып келе жатқан жан.
— Мақтасам да, даттасам да шындықты айттым. Журналистік ұзақ сапарымда артық мақтапсыз, ұят болды ғой деген жан болмады. Ал, сын материалға «ыстықтап» қалғандар болды,- деп еске алады бүгінде 80 дегеннің биік белесіне көтерілген ақсақал журналист.
Рахмет аға – аттың жалында, атанның қомында жүріп жаза беретін жауынгер журналистігімен қатар, үлкен шығармашылық иесі. Ол қаламгерліктің екі тізгінін қатар ұстаған, әлі де ұстап келе жатқан азамат. Әр жылдары республиканың түрлі баспаларынан жиырмадан астам кітаптары жарық көрді. Республикалық конкурстарда бәйге алған туындылары да жоқ емес. Сөз сүлейлеріне оны алғаш таныс еткен «Суық хабар» әңгімесі балаларға арналған көркем шығармалар бәйгесінде үшінші жүлдеге ие болды. Кейін «Іздер» повесі тәртіп сақшылары қызметін насихаттауға арналған шығармалар конкурсында Ішкі істер министрлігінің бірінші дәрежелі дипломы мен байрағын алып, елдің бір қиырында жатқан журналист қаламының қарымын тағы бір танытты.
«Атамұра» баспасынан шыққан «Қолтаңба», өзге де баспалардан тұсауы кесілген «Мың тарау», «Жастық жоғалмайды», «Қарашаның суығы» атты прозалық, екі томдық «Нарын шежіресі», «Ұлы көштің ұрпақтары», «Аңызға айналған адам» тарихи-танымдық туындылары – қаламгердің шығармашылық мүмкіндіктерін танытқан дүниелер. Бәйге атындай жарау Рахаң биыл бауырын жаза шауып, төрт кітабын, атап айтқанда, «Еділім менің, Еділім», «Жылдар жырлайды», «Даланың дарабоздары», «Шығармашылық шежіре» шығарып, енді Алла жазса аз уақытта «Ағатай» баспасынан «Алдаспанға айналған адам», «Арыс» баспасынан «Қайраткер қыз Қатима» атты кітаптарды көріп қалармыз деп көңілденіп отыр. Не деген еңбекқорлық, ұқыптылық дерсіз? Шығармашылыққа арнаған жарты ғасырлық ғұмырында қолданған 40 шамалы қойын дәптері оған қашан да көмекке дайын. Оның арқа сүйенері деи – осы жазба-сызбалары. Жетпей тұрғаны – таңдамалылар жинағы ғана. Бұйырса, оған да бір жанашыр табылмас дейсің бе?
Өзінің туып-өскен елінің, ат тұяғы кесті қылған ой мен қырының, суы мен нуының Рахаңнан бүккен сыры жоқ. Оның қай шығармасынан да осы өңірдің сырына бөгіп, аңызына қаныға түсесіз. Ол- туған өлкесінің көзі тірі шежіресі. Жерлестері оны «өзіміздің Шолохов» деп жүр. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Құрманғазы ауданына аяқ баса қалса, көненің көзіндей болған Рахаңды іздейді. Не үшін? Осы өңірдің өзі білмейтін, естімеген әңгімелерінен құлағдар болу үшін. Тау шыңдарымен сәнді, ел, ерлерімен көрікті дейтін болсақ, Әбіш әдебиеттегі тау тұлға, ал, Рахаңдар басы бөлек, етегі бір тауды жиектеген төбелер секілді көркем әдебиеттің жалына жабысқан бұлаң күштер. Қаламынан ауыз тұшып айтарлық мол туынды туғызған қаламгердің Қазақстан Жазушылар одағына осы уақытқа шейін мүше болмауы түсініксіз.
Ал, Рахаңның өзін тыңдасаңыз: «Уақыт өтіп кетті ғой. Сонау жетпісінші жылдары Алматыға Журналистер одағының съезіне барғанымда Жазушылар одағының сол кездегі екінші хатшысы Әбіш Кекілбаев: «Бір аптаға кідіріп, одаққа мүшелікке өтіп кетіңіз», – деп ұсыныс жасаған. Қала алмадым, дайындығым жоқ еді. Қысқа жіп күрмеуге келген бе? Бұйырған нәрсе болса табар деп ұзын арқан, кең тұсаулыққа салынған кінә өзімнен»,-дейді ол.
Рахмет аға екі апасының соңынан ерген тістің суындай болған жалғыз ұл. Кіндіктен жалғыз болмаса да ағадан қалған тұяқ жоқ. Есесін Жаратқанның өзі жеткеріп, үйелмелі-сүйелмелі өскен он бір баланың әкесі атанды. Алтын асықтай болған ұлдары мен күміс қасықтай қыздары өсіп, өз отбастарын құрып, ұлтанды елге айналды. «Рахаңның тәрбиелі балалары-ай» дегізіп, көз қуанышы болып өсіп, өркен жаюда. «Ардақты ана» белгісін омырауына таққан Күлсекен апай екеуін жасында өздері әлдилеген ұрпағы бұл күнде өздерін алақандарына салып аялап отыр. Шаңыраққа Алланың нұры жауып, шуақты күндер жалғаса бергей ұзағынан.
Тау басына зулай ұшып қыран да қонады, бауырымен жорғалап жылан да жететіні тәрізді 80-нің сеңгіріне біреу қиналмай, алшаң басып жетсе, енді бірі жел соққан құрақтай қалтаң-құлтаң етіп, сіңірін созып зорға жетеді. Рахаң уақытқа сыр алдырмай, сортаңға ат шалдырмай, леп белгісіндей сорайған денесін тік ұстап, шығармашылығы асау теңіздей шамырқанған күйінде келіп отыр бұл белеске. Еліңіз бен ерлеріңіздің шежіресін жырлай беруге Сізге, Рахмет аға, алдымен Алла бас амандығын берсін, денге қуат дарытсын деп тілейік.

 

Айтқали НҰРҒАЛИЕВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button