ТАУ АЛЫСТАҒАН САЙЫН АСҚАҚТАЙДЫ
Осындай тағылымы тереңге кеткен жандардың бірі көп ішінде «Тау аға» атанған, ҚР кен орындарын алғаш ашушы, республикаға еңбегі сіңген геолог-барлаушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Атырау облысы мен Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, профессор Таумұш Нұрышұлы Жұмағалиев болатын. Ғұмырының 62 жылын мұнай-газ өндіру саласына арнап, соңына өшпестей із қалдырған абыз аға 92 жасында бақилыққа аттанды.
Ұшқыр уақыттың алды-артыңды бажайлауға мұрша бермейтіні соншалық, содан бері бес жыл уақыт артта қалыпты. Таулардың қашықтаған сайын биіктей түсетіні сияқты, жылдар жылжып өтсе де Тау ағаның жарқын бейнесі, оның ел-халқы үшін жасаған ауқымы кең істері әрдайым көп көңілінде. Тау тұлға туралы талай толғаулар жазылып, сырлар шертілді, еске алу кештері ұйымдастырылды. Бұл шаралардың барлығында да Таумұш Нұрышұлының өткен өмірі кестедей өрілді. Әріптестері, құрдастары, қызметтес болып, ағаның телегей теңіз білімінен, тынымсыз да тиянақты ісінен өзіне дәріс тоқыған шәкірттері ол туралы қашан да тебірене әңгімеледі. Сөйтіп, көңілдегі шексіз сыйластық жүректі толғар сағынышқа ұласты.
Осындай ақжарма тілекті Таумұш Нұрышұлының 95 жылдығына арналған еске алу шарасында облыс әкімі, Тау ағаның шәкірті Бақтықожа Ізмұхамбетов ұстазы туралы толғаулы ойын ортаға салып, қазақ мұнайының құлагері, қазақ геология ғылымының көшбасшысы Таумұш Жұмағалиевтың ғасырға жуық өмірінің мәнділігі мен сәнділігі оның еңбекқор, адалдығында, бойындағы адамгершілік зор қасиетінде екендігін айта келіп, кейінгі ұрпақ үшін үлкен мектеп болатындығын тебірене жеткізген.
Таумұш аға қашан да мұнтаздай болып жүретін. Жан тазалығы мен сыртқы келбет ол кісінің жоғары мәдениетті, нағыз зиялы қауым өкілі екендігін көрсетіп тұратын. Ағаның шәкірттерінің бірі Марат Байзақовтың мына бір сөзі назарды аударды: «Маған түсі күңгірт көйлек киме. Ашық түстісін киіп жүр!» деуші еді. Сол ақылымен үнемі ашық түсті көйлек киетін болдым». Байқап отырсақ, осы бір кішкене ғана берген аға ақылында үлкен астар бар секілді. Өйткені, ашық түсті киім қашан да көңіліңді сергітіп, жаныңды жарқырататыны рас. Бұл да тәрбиенің бірі көрінісі шығар, сірә!
Ортадан өзі кетсе де, соңына ұлан-ғайыр ұлағатын қалдырған абзал аға есімі әлі де ел аузында, өзімен сыйластықта болғандардың жүрек түпкірінде. Мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азматы Есен Тасқынбаев өз ойын былайша ортаға салды. «Таумұш Нұрышұлымен 1959 жылы танысқанмын. Ол кезде Тәкең Қазақстан Ғылым академиясының базасында геология секторының басшысы болып қызмет жасайтын. Мен «Ембімұнайгаз» бірлестігіне бас механик болып келдім. Содан бері жұп жазбастан жарты ғасырдан астам уақыт арамыздан «сіз», «бізіміз» арылмай аға мен іні ретінде үлкен сыйластықта болдық.
Тәкең өте білімді, ісіне мығым, аса ұқыпты адам еді. Ол сектор басшылығынан Батыс Қазақстан геология басқармасының бастығына дейін көтерілді. Кейіннен Мұнай барлау ғылыми-зерттеу институтының басшысы болып, бірнеше жылдар бойы табысты еңбек етті. Тәкең – Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының бірінші президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың шәкірті. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін жиі араластық. Оңекең (Оңайбай Көшеков), Сәкен Шақаев, Тәкең төртеуміз қолымыз босағанда теңіз жағасына баратынбыз. Әңгімемізді айтып, өткен қызықтарды еске алып, әзілдесіп, бір рахаттанып қалатын едік. Бұл бір ұмытылмайтын кездер еді».
Таумұш Нұрышұлы – тәлімі мен тәжірибесін жас мамандардың бойына дарыта білген ұлағатты ұстаз. Бар саналы ғұмырын Қазақстан мұнай-газ өндіру саласына арнаған Таумұш ағаның алдынан елімізге белгілі талай мамандар өтті. Солардың арасында Бақтықожа Ізмұхамбетов, Ұзақбай Қарабалин, Саламат Өтеғалиев, Эдгард Воцалевский, Дүйсен Мырзағалиевтердің есімдерін мақтанышпен айтуға болады.
Таумұш Нұрышұлының өз кәсібінің шебері екендігі, оның қазақ мұнайының өркендеуіне қосқан зор үлесі туралы талай алқалы жиындарда айтылып та, жазылып та жүр. Әсіресе, ағамен дәмдес, қызметтес болған азаматтар біліктілік пен зиялылықтың биік шыңындай болған Таумұш аға туралы жыр ғып айтып, сыр ғып шертеді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі мұнайшы Махамбет Батырбаев Таумұш Нұрышұлы туралы терең толғаныста әңгімелейді. Ол кісінің өмір жолының кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатындай ғұмырлы екендігін үлкен құрметпен айтады. Атырау облысындағы С.Балғымбаев, Гран, Қамысты, Жаңаталап, Маңғыстаудағы Жетібай, Қаражамбас, Қаламқас, Бозащы, Ақтөбедегі Жаңажол, Батыс Қазақстандағы Қарашығанақ сияқты кен орындарының ашылуында тікелей Таумұш ағаның қолтаңбасы қалғанын мақтанышпен жеткізді.
Таумұш Нұрышұлы – маңдайға жазған ғұмырын саналы өткізген жан. Өмір жолындағы кездескен қиыншылықты да, қызықты да қатар көтере білу, өзгенің өзегін өртеген ауыртпалықтарды бөлісе білу, дер кезінде қолтықтан демеп, көмек қолын созу, кішіні қамқорлап, үлкенді құрмет тұту – ол кісінің бойына ананың ақ сүтімен дарыған қасиеттер. Сондықтан да, оның байсалдылығы, кішіпейілділігі, мәдениеттілігі қашан да ел аузында жүрді.
Таумұш аға – «қара алтынның» ғана қыр-сырын терең ұғынып қоймай ғылымға да терең бойлаған адам. Өзінің мамандығы бойынша жазған бірнеше ғылыми еңбектері бар. Бұған қоса, алаш арыстары, өңірдің тарихи шежіресі туралы толымды еңбектері қаншама? Таумұш ағамыздың жазу шеберлігінің кереметтігіне өзіміз де куә болғанбыз. Әріден қозғаған ой желегін желпілдетпей, оймақтай ғып жұмырлы тілмен жеткізу кез келген жазушының қолынан келе бермеуі де мүмкін. Ал, Таумұш Нұрышұлының қолынан шыққан туындылар жүрекке жетіп, көңілді тербеп жатады. Мұның өзі оның көп қырлы қасиеттерінің бір бөлшегі тәрізді.
Ол жар сүйді, әке атанды. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, адам шіркіннің көксеген армандарына жетті. Немере сүйіп, олардың қызығына кенелді. Шөберелерінің қолынан су ішіп, шатты да шалтты өмірдің кереметтерінен сусындады. Құдай қосқан қосағы Бәтіш Төреғалиқызы екеуі қол ұстаса жүріп өмірдің сан тарау соқпақтарынан бірге өтті. Қиыншылықтарды жеңді. Қызығына бөленді. Абырой биігінен көрінді.
Әдетте, азаматтың толыққанды өмір сүріп, бойындағы бар мүмкіндігін көрсетіп, жемісті еңбек етуі отанасына байланысты деп жатамыз. Жаны бар сөз. Бәтіш апа мен Таумұш аға екеуінің өзара сыйластығын, бір-біріне деген ыстық ықыластарын көре тұра, бірінсіз бірін көзге елестету мүмкін еместей көрінетін. Бірақ, дария-көңіл нені қаласа да, кем дүниенің билеп-төстеуге көнбейтінін қайтерсіз. Жарасымды жұпты сыңар етіп, талай жақсылар мен жайсаңдардың жүректерін сыздатып, асыл аға Таумұш Нұрышұлы дүниеден озды. Ұшқыр уақыт тек алға қарай желпиді. Тоқтатуға, сәл саябырсытуға ешкімнің де құдіреті жетпейді. Сол зымыран уақыт жетегінде бес жыл артта қалыпты.
«Бұл дүниеде барлығы да уақытпен өлшенеді ғой шырағым. Көзден кетсе де, көкейге мәңгілік орныққан Тәкеңнің бейнесі күннен-күнге жарқырай түскендей. Былай деп отырған себебім, артында қалған ұрпақтары дін аман. Ел-халқының ортасында әкелері берген тәлім-тәрбиені ту етіп, қызмет жасап, еліміздің ертеңгі жарқын болашағы үшін өз үлестерін қосып, еңбек етуде. Мен үшін Тәкең – мәңгілік сағыныш. Ол кісімен өткізген өмірім небір асылдарға айырбасталмайтын аса құнды дүниедей мен үшін. Әлі күнге дейін жылы жымиысымен жай басып келе жатқан асыл бейнесі, әрбір айтқан әңгімесі бәрі-бәрі көз алдымда тізбектеліп өтіп жатады.
Шүкір, Тәкең атақ-абыройдан, марапат-мадақтаудан кенде болған жоқ. Өзінің еңбегінің арқасында жетер шыңына жетіп, алар асуларын алды. Ендігі бір ойым, Тәкеңнің есімі бір көшеге, болмаса бір оқу орнына берілсе деймін. Бұл бастаманы ел азаматтары да айтып, қолдап жүр. Амандық болса, сол күнге де жетерміз». Бәтіш апа өз ойымен үндескендей бір сәт үнсіз қалды.
…Жалпақ үстелдің үстінде Таумұш Жұмағалиевтың қолжазбалары, суреттер, қолынан шыққан туындылар жатыр. Бәтіш апай әрқайсысын қолына алып үңіле қарап, алқанымен сипап, ұқыптап орнына қойып жатыр. Әрқайсысын жас нәресте секілді аялайды. Көздері жасаурап, қимай қарайды. Иә, бұл – асылдан қалған ескерткіш дүниелер. Мәңгілік сағынышына айналған азаматының қолы тиген бұйымдар.
«Замана – соққан жел. Мағыналы өмір сүргің келсе, оған желкен бол. Желкен болу – ұдайы желдің өтінде тұру. Айтуға ғана оңай. Оған мықтылық керек. Жай мата желкен бола алмайды» деген екен бір ғұлама. Сол айтқандай, Таумұш Жұмағалиев өз заманының осындай соқпақ, сүрлеулерін артта қалдырып, халқының есінде ұзақ сақталатындай өмір сүрді. Бұл – жай өмір емес, мағыналы өмір.
Ағиба ҚАТЕШОВА.