Жарнама
Қоғам

ТАРИХ ТАБЫСТЫРҒАН, ТАҒДЫР ТОҒЫСТЫРҒАН

Қазақстанның Ресей империясының құрамында болған кезеңінде Атырау аумағының тұрғын халқы 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін негізінен көшпелі өмір салтын басынан кешті, соның ішінде біздің өлкеміздің еншісіне мал шаруашылығы тиді. Индустрияландыру мен отырықшылыққа көшу мұнда Кеңес өкіметінің келуімен байланысты басталды.

Бейбіт еңбек, алаңсыз өмір екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен байланысты үзілді. Осылайша байтақ елдің барша халқы өз туған жерін қорғауға аттанды.

Аймаққа фашистер жаулап алған аумақтардан көшірілген кәсіпорындардың орналастырылуы мен мамандардың көптеп келуіне байланысты сол сұрапыл кезеңнің өзінде облыс экономикасы әжептәуір дамып, алға басты. Көпшілік ұлт өкілдері облысымызда осы тұста тұрақтап қалды. Жергілікті тұрғындар өзге болса да өгейсінбей, оларды жылы қабақпен қабылдап, қолдарынан келген көмектерін аямады. Сол уақыттан бастап Қазақстанның өзге де аймақтары секілді, өздерінің туған жерлері — тарихи Отандарынан еріксіз қоныс аударылған халықтар сталиндік репрессия құрбандары: корейлер, шешендер, ингуштар, болгарлар, гректер, немістер және басқа да көптеген ұлт өкілдері біздің жерімізге қоныстанып, пана тапты.

Облыс экономикасы-ның, өнеркәсіп саласы мен әлеуметтік инфрақұрылымының дамуында, мәдени мұраның бұл күнге дейін жетуінде облысты мекендеген ұлт пен ұлыстардың қосар үлесі аз емес. Басқа халықтарға достық құшағын ашып, татулық танытқан қазақ халқына қарап, елімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдері де бір-бірімен өзара түсіністікпен келісім жағдайында өмір сүруді үйренді.

Қазіргі таңда біздің бұл жетістігімізге бүкіл әлем көз тігуде десек, артық айтқандық болмас. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы тәжірибенің өзегі болып отыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығы жарияланды. Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында Мемлекет басшысы тарихи баяндамасын жасады.

«Мен елімнің Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын. Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді.  Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үйлерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қалаймын» деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздері сол кездегі ең өзекті, ең маңызды мәселе ретінде әрбір қазақстандықтың жүрегінің төрінен орын алған еді. Міне, сол бір тарихи оқиғадан бері арада жиырма жыл өтсе де, Елбасының бұл сөздері күн өткен сайын өміршеңдігін айқындай түсуде.

Жайық ҚОБЫЛАНДЫҰЛЫ,

Кенбай орта мектебінің тарих пәні мұғалімі,

Сағыз селосы,

Қызылқоға ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button