Жарнама
Қоғам

Тарихты жазу ұлтшылдық емес

Соның ішінде белгілі өлкетанушы Өтепберген Әлімгереевтің археология мәселесі жөнінде айтқан пікірі – бүгінгінің ащы да болса шындығы. «Шынын айтқанда, археология саласында мүлдем мүсәпір екенбіз. Табылған көмірдің қай жылғы екенін білу үшін оны Ресейге жіберу керек. Адамның бет-әлпетін анықтау үшін Герасимовке, тіпті Германияға жіберу керек болады. Өзіміздің Қазақстанда осыларды анықтайтын ештеңе жоқ…» дейді өлкетанушы. Сондықтан да, археология саласын дамытуға кезек күттірмейтін іс деп қарауымыз керек.
Келелі кеңес барысында мектеп оқулықтарындағы кемшіліктер жайында да тереңінен қозғалыпты. Әсіресе, профессор Амангелді Шамғонов, әріптесім Әлия Өскінбаева қателіктер жөнінде орынды мәселе қозғаған. Осы орайда бірқатар ұсыныстарды ортаға салғым келіп отыр.
Біріншіден, Кеңес заманындағы Қазақ елінің тарихын нақты, шынайы өмір тұрғысында, еш бұрмалаусыз жазып, өз алдына оқулық етіп шығаратын кез жетті. Сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарындағы ел тарихы өз алдына бөлек жазылып, оқушылардың елге, туған жерге деген патриоттық сезімін дамытуға сай пән ретінде оқытылса артық етпес еді. Екіншіден, Қазақстан тарихы пәніне жергілікті тарихи өлке материалдарын зерттеуге тәжірибелік сағаттар бөлінсе, мұның өзі оқушылардың тарих ғылымына деген қызығушылығын арттырар еді. Үшіншіден, тәуелсіздік жылдарындағы оқиғаларды ашып көрсететін карталар кең көлемде жасақталса, оқушылардың қоғамдық-саяси санасы өсіп, белгілі бір деңгейде өзіндік көзқарас қалыптасқан болар еді. Сондай-ақ, ел Президентінің мақалалары оқулыққа арнайы тақырып болып енгізілсе, мектеп оқушылары Елбасын саясаткерлік, ойшылдық, стратегтік, яғни жан-жақты қырынан танып өсер еді.
Төртіншіден, мектеп бітірушілеріне арналған Ұлттық бірыңғай тестіде еліміздегі болып жатқан соңғы саяси-экономикалық, әлеуметтік жаңалықтар көбірек енгізілсе, оқушының дүниетанымы әлдеқайда жоғары болар еді деп ойлаймын. Өйткені, оқушылар сынаққа дайындаларда өткен ғасырдағы оқиғалардың жетегімен кетеді де, кей жағдайда бүгінгі жаңалықтардан бейхабар болып жүреді.
Ал, сауалнама мәселесіне бүгінгінің жаңалықтары енсе, біздер жан-жақты дамыған шәкірт тәрбиелеген болар едік.
Тағы бір мәселе, оқулықтардағы тарихи оқиғаға қатысты даталы күндердің уақыты әлі күнге дейін нақты бір ізге түспей келеді. Әр зерттеулерде немесе әдебиеттерде әртүрлі дата берілетіндіктен, тест сынақтары кезінде баланың басын қатыратынымыз рас. Бұлай кете берсе, тарих ғылымына ендігі ұрпақ «басқатырғыш» деп қарайтын болады. Сондықтан, тарихтың адамға ой салатын, өткенге көз жүгірту арқылы келешекке кемел көзқараспен қарауға жетелейтін философиялық қырын қайтару керек.
Ұлттық тарихқа мемлекеттік деңгейде айрықша назар аударылып жатқандығын пайдаланып, «Қазақстан тарихы», «Адам және қоғам», «Құқық» пәндерін оқытуға сағат жүктемесін көбірек бөлу мәселесін де шешіп алғанымыз жөн.
Сөз соңында мақаламды белгілі саясаттанушы, тарихшы-ғалым Әзімбай Ғалидың «Ұлттық тарихымызды зерделеудегі бетбұрыс дер кезінде жасалды деп есептеймін. Әйтпесе, тарих пәнінің емтиханында Абылай ханның атының тісін санатып, тарих ғылымын әбден ойыншыққа айналдырып болып едік. Тіпті, Қазақстан тарихын мемлекеттік емтихандардан алып тастау жөнінде де айта бастап еді кейбір білгіштер. Ең ғажабы, осындай дүмшеліктен құтылуға жол ашылды. Ендігі жерде ақиқат тарихты жазу ұлтшылдық деп саналмайды. Демек, осы мүмкіндікті молынан қамтып, пайдаланайық» деген пікірімен түйіндегім келіп отыр.

Жайық ТЕМІРБОЛАТОВ,
Кенбай орта
мектебінің мұғалімі,
Қызылқоға ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button