Жарнама
Қоғам

«Тарихта ақтаңдақтар болмауы тиіс»

Ғабит БАЗАРҒАЛИЕВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университеті Халелтану зерттеу орталығының меңгерушісі:

– Ғабит Бағытжанұлы, Алаш қайраткерлері тарихын кеңінен зерттеуге елдегі мұрағат қорының  деректері жеткілікті ме?

– Әкімшілдік-әміршілдік кеңес жүйесінің көбесі сөгілгелі ширек ғасырдан астам уақыт өтті.  Дегенмен де, әлі де болса шынайы тарихи бағасы беріліп, тың деректердің негізінде қайта объективті зерттеуді талап ететін бүгінгі күннің өзекті де күрделі мәселесі әлі де бар. Әсіресе, Алашорда үкіметі мен «Алаш» партиясының қоғамдық-саяси қызметі толық зерттелді дей алмаймыз. Алашорданың кейбір қайраткерлерінің қайда жерленгені де белгісіз күйінде қалып отыр. Рас, мұрағаттар мен құпия қорлардағы кейбір құжаттар қолжетімді десек те, оларды ғылыми тұрғыдан саралау жұмыстары кемшін түсіп жатыр. Тіпті әлі де ғылыми айналысқа түспеген  тың мәліметтер құпия қорларда  сақталып қалуда.

«алаш туы астында...»

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Алашорданың мемлекеттік, азаматтық тарихы жөнінде зерттеу еңбектері және ғылыми мақалалар жазылып, көпшілік қауымға беймәлім тарихи оқиғалар, Алашорда көсемдері мен мүшелерінің деректері айтыла бастады. Алайда, Алашорда мүшелерінің саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы қызметтерінің тарихы әлі толық зерттеліп болған жоқ. Демек, отандық тарихшылардың Астрахан, Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Саратов, Уфа, Ташкент қалаларындағы мұрағаттарда сақталған деректерді зерттей түсу қажеттігі туындап отыр. Өйткені, Алаш қайраткерлеріне қатысты деректің көбі осы қалалардағы мұрағаттардың құпия қорында сақталуы мүмкін екені дау тудырмайды.

– Алаш қозғалысы мен қайраткерлерінің идеяларын    зерттеуде қаймақтың  бетін қалқып алғандай болып жүрген жоқпыз ба?

– Өз зерттеулерінде жаңа мұрағат деректеріне талдау жасау арқылы авторлар көбінесе «Алаш – қазақ даласындағы алғашқы ұлттық партия» деген пікірге тоқтам жасайды. Бұған  Алаш зиялылары шығармаларының қайта басылып, қалың бұқараға жеткізілуі де әсер етті. Әдебиеттерге жасалған шолу тек қана «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметіне байланысты зерттеулердің назарынан сырт қалған жоқ. Солардың ішінде американдық зерттеуші Марта Олкоттың 1957 жылы Стэнфорд университеті баспасынан ағылшын тілінде жарық көрген «Қазақтар» атты көлемді монографиясы да бар. Осы еңбектің «Революциялық және Кеңестік Қазақстан» атты үшінші бөлімі 1917-1920 жылдарға арналған. Онда 1917 жылғы революцияға, азамат соғысы жылдарында Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге талдау жасалып, өлкеде құрылған әртүрлі бағыттардағы саяси қозғалыстар мен партиялардың қызметтеріне баға беріледі. «Алаш» партиясы мен Алашорда қозғалысы тарихының әртүрлі кезеңдеріне, 1917 жылы өткен бірінші және екінші жалпықазақ съездерінің жұмыстарына шолу жасалған.

М.Олкотт «Алаш» партиясын қазақ зиялыларының партиясы деп бағалап, олардың большевиктік үстемдікті Қазақстанда болдырмау мақсатында Алаш автономиясын жариялап, оның үкіметін құрғандығын айтады. Сондай-ақ, автор  Алашорда үкіметі Қазақстанды басқаруға саяси қозғалыстың қоғамдық дамудағы алатын орнына сәйкес емес деп есептейді. Ал, отандық академик М.Қозыбаев «Алашқа» либералды ұлттық интеллигенцияның партиясы деген анықтама бере отырып, оның идеологиясы отаршылдыққа қарсы бағытталған ұлтшылдық деген қорытынды жасады.

Алаш интеллигенциясы туралы жаңа көзқарас қарастыруда ашық та батыл пікірлер айтып, дәлелді тұжырымдар жасауда белгілі ғалымдар М.Қойгелдиев пен Т.Омарбековтің еңбектері ерекше ықпал еткенін атап айтқан жөн. Қос ғалымның пайымдауы бойынша, «Алаш» қозғалысының көш бастаушылары негізінен екі мақсатты – қазақ елін отарлық езгіден азат ету мен қазақ қоғамын ортағасырлық мешеуліктен өркениетті әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жолына алып шығу міндетін көздеді.

Алаштану саласында зиялы қауым бірлесіп зерттейтін, ғылыми шешімін күтіп отырған мәселелер жетерлік. Соның ішінде «Алаштың» әлеуметтік-саяси және экономикалық бас-тау көздері, партияның XX ғасырдың алғашқы жиырма жылында Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі алатын орны мен атқарған рөлі, 1917 жылғы екі революция аралығында басқа партиялармен өзара қарым-қатынасы мен байланысы, партияның да-    муындағы ішкі қайшылықтар ғылыми тұрғыдан зерттелгені жөн.

– Аталған тақырып аясында нені ескермей жүрміз?

– Әрине, жас ұрпақты «Алаш» идеясымен кең ауқымда және жүйелі түрде таныстырып, оларды отаншылдық рухта тәрбиелеу қажет. Осы мақсатта Алаш қозғалысына қатыс-ты архив құжаттарын, біріншіден, 1928-1932 жылдар-ға тиесілі ғасыр құжаты атал-ған «Алаш ісі» бойынша өткен сот процестерінің  материалдарын көп томдық түрінде жария-лау ісі қолға алынбай келеді. Екіншіден,  XX ғасырдың 20-50-ші жылдарында жүргізілген   саяси репрессия материалдарын, Қазақстандағы репрессия тарихын, ресейлік ғалымдарды араластырмай-ақ, отандық тарихшы-ғалымдардың қатысуымен қорытып, көп томдық шығару жарияланса, көптеген деректерге қанығар едік. Сондай-ақ, Астана, Алматы, Семей, Қарқаралы, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе және Түркістан қалаларының орталық көшелеріне «Алаш»  атауы беріліп, ескерткіш немесе тақта орнатылғанын құп көреміз.

Ерте ме, кеш пе, тарихи ақтаңдақтар толық ақталады.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button