Тарифке «байланған» жалақы
«АТЫРАУ ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫ» АҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМА ШЕҢБЕРІНДЕ АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАРДЫ ҚОЛҒА АЛДЫ. БЫЛТЫР ОСЫ МАҚСАТТА 207 МЛН. ТЕҢГЕНІҢ ІС-ШАРАЛАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРҒАН. АЛАЙДА, ШЕШІМІН КҮТКЕН ПРОБЛЕМАЛАР ӘЛІ АЗ БОЛМАЙ ТҰР.
«Атырау жылу электр орталығы» АҚ-ның бірінші вице-президенті Бағытжан Құлжанысовтың айтуынша, қаланы ыстық сумен жабдықтаудың станцияішілік желілік құбырлары мен тіректерін ауыстыру үшін бұрмалар мен ысырмалар сатып алынған. Өйткені пайдаланғанына 40 жылдан асқан жылыту қондырғылары әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрған көрінеді. Ұзақ уақыт пайдаланылған электр қозғалтқышы бар жанармай сорғысы алынып, монтаждалған. Үш кезеңнен тұратын бұл жұмыстар алдағы жылы да жалғасын таппақ.
– Кәсіпорындағы №8 станция турбоагрегатының қосалқы бөлшектері ауыстырылды. Ол станцияның үздіксіз және сенімді жұмысы істеуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тозығы жеткен сорғы жабдықтардың қосалқы бөлшектерінің сатып алынуы сорғылардың жалпы өнімділігі мен қуатына әсер етіп отыр, — деді сұхбаттасушымыз.
Қай ұжымда да, істің тетігін кадрлар шешетіндігі белгілі. Дегенмен, басты мәселе — кадрлардың тұрақсыздығында болып отыр. Оған жалақының аздығы себепші екен.
Бүгінде мұнда 1200-дей адам еңбек етеді. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Өтегеновтың айтуынша, Үкіметтің тапсырмасы бойынша қызметкерлердің жалақысы тарифті 12 пайызға көтеру арқылы көтерілген. Осылайша, энергетика саласындағы кадрларды сақтап қалуға, жалақыны арттыру арқылы ғана қол жеткізілген екен.
– Өндірістік қызметкерлердің жалақысы бұрын 90 мың болатын. Қазір оның көлемі 250 мың теңгеге жетті. Кәсіпорын стратегиялық маңызды нысан саналғандықтан мұнда кадр тапшылығы болмауы керек. Қазіргі таңда кәсіпорын алдағы жылу беру маусымына толықтай дайындалып жатыр, — дейді Арман Өтегенов.
Белгілі болғанындай, стансаның негізгі жабдықтарының (қазандықтар мен турби- налар) 60 пайыздан астамының тозығы жеткен. Ал, 2022 жылғы желтоқсандағы тексеру қорытындысында құрамында мемлекеттік және реттеуші органдардың өкілдері болған комиссияның шешімі бой- ынша «Атырау жылу электр орталығы» АҚ апаттар бойынша «сары аймаққа» енген.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ