Жарнама
Қоғам

Тәрбие мен мәдениет – қоғам іргетасының негізі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір азаматтың, әрбір отбасының өзінен басталуы қажет» деп атап өтті. Бұл сөз – әрбіріміз үшін айрықша мәні бар, терең ойға жетелейтін пайымды тұжырым. Өйткені қоғамдағы тәртіп, өзара сыйластық, сабыр мен салиқалылық – бәрі де жеке адамнан, отбасынан басталады.
Өйткені отбасы – ұлттың тірегі, тәрбие мектебі.


Әрбір ананың мейірімі, әр әкенің парасаты болашақтың іргетасын қалайды. Қазіргі кезде рухани құндылықтарды сақтау – аса маңызды. Отбасындағы жылулық пен тәрбиенің нәтижесі – қоғамдағы мәдениеттілік пен сабыр. Әйел – отбасының шамшырағы ғана емес, ұлттың болашағын тәрбиелейтін тұлға. Осы тұрғыдан келгенде, Мемлекет басшысының отбасылық құндылықтарға баса назар аударуы – дер кезінде көтерілген мәселе деп санаймын.

Ал медицина – тек емдеу ғана емес, сенім мен жанашырлық саласы.
Бүгінде медицина қызметкерлері үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеп келеді. Дегенмен, қоғамда дәрігерлерге байланысты әртүрлі сын айтылып, тіпті ашуға бой алдырып, агрессия танытатын жайттар да кездесуде. Ашығын айтсақ, мұндай келеңсіз көріністер жұмыста жиі ұшырасады.

Халқымыз «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деп бекер айтпаған. Адам өмірі үшін күн-түн демей еңбек етіп жүрген дәрігерлерге құрметпен қарап, олардың жұмысына түсіністікпен қарау – әрбір азаматтың парызы. Әрбір шешімнің артында – үлкен жауапкершілік, тәжірибе мен кәсіби білім бар екенін ұмытпаған жөн.

Президент Жолдауы – ел дамуының стратегиялық бағдары ғана емес, рухани жаңғыру жолындағы нақты бағдаршам. Онда айтылған тәрбие, мораль, мәдениет, ұлттық сана секілді құндылықтар – ұлт ретінде ұйысуымыздың кепілі. Әсіресе жастар арасында әдеп пен тәртіпке, тіл мәдениетіне, қоғам алдындағы жауапкершілікке ден қою – маңызды міндетке айналып отыр.

Дәрігер ретінде де, халық қалаулысы ретінде де мен Мемлекет басшысының осы бағыттағы үндеуін толық қолдаймын. Әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарап, айналасына өнеге көрсете білсе ғана қоғамда тұрақтылық пен сенім орнайды.

Ата-бабамыздың «Тәрбие – тал бесіктен» деген сөзі әлі де өзекті. Бұл қағиданы әр отбасында ұрпақ бойына сіңіре білсек, ел болашағы жарқын болмақ.
Ал мәдениеттілік – сыртқы көрініс қана емес, ол – ішкі жан дүниенің тазалығы, ізгіліктің, парасаттың белгісі.

Мемлекет басшысы айтқандай, біз жаңашылдықпен қатар, рухани негізімізді де сақтап қалуымыз керек. Бұл жолда барлық сала, соның ішінде денсаулық сақтау мен білім беру салалары алдыңғы қатарда тұруы тиіс.

Сөзден іске көшу – бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан мен барша отандастарымды өз саласында, өз ортасында, өз отбасында мәдениет пен тәрбиенің жаршысына айналуға шақырамын.

Гүлнафис ТАҢБАЕВА,

Атырау қалалық №7 емхананың директоры, Атырау қалалық мәслихатының депутаты

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button