Мың сан алғыс, Алаш жұрты!

121212 Қоғам

Қазақта «Алтын алма, алғыс ал!», «Алғыс алған арымас» деген көкейге қонымды даналық сөздер көп-ақ. Алғыс айту адамдарды бір-біріне жақындастыра, береке пен бірлікті нығайта түседі. Жүректен шығатын тұнық сөз кез келгенге қарата айтыла да бермейді. Теңіздің терең тұңғиығындай дүниедегі осы қымбат сөзді сонау қасіретті, зобалаң жылдары өзгеге құшағын жайып, бір үзім нанын бөліп берген дарқан да дана халқымызға айтудың өзіндік орны да бөлек, мәні де айрықша.

«Қазақ халқына қарыздармын» деп айтудан еш талмайтын «Достық», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ғалым Асылы Османның қалың бұқараға айтары мол. Бұған дейін тіл жанашырының саулығы сыр беріп, ауруханаға түсіп қалғаны туралы хабар тарады. Бұл жағдайға тек біз емес, дүйім жұрт та алаңдап, тілеуін тілеген еді. Ізгі тілек қабыл болды ма, жуырда апайға қоңырау шалып, хабарласқанымызда саулығы жақсарып, ауруханадан үйге шыққанын айтып көңілімізді бірлеп қойды. Әрдайым ашық-жарқын қалпымен Асылы Әлиқызы бұрынғы әдетіне салып, «Қазағым барда – мен бармын, көкте Құдайға, жерде қазақ халқына мың алғыс» деп әңгімесін тарқата жөнелді. Біз сол сұхбатты қаз-қалпында оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

– Асылы апай, тағдырдың талайымен өзге ұлт өкілдерінің жер аударылуы кім-кімге де оңайға соқпағаны тарихтан белгілі. Әуелі сол қиын-қыстау кезеңде өткен шақ туралы өзіңізден естісек деп едік…

– Иә-ә! Жер ауып келген алғашқы жылдардағы қиындықты ешкімнің басына бермесін… (апай бір күрсініп, сәл үнсіз қалды – А.Қ.)

Әлі есімде, бұл 1944 жылдың 14 қарашасы болатын. Бұл кезде мен үш жаста едім. Әкемнің айтуынша, Грузияның Түркияға шекаралас жатқан Ахалқалақ қаласынан жер аударылдық. Мен Хавет ауылында дүниеге келгенмін. Айрандай ұйып отырған елді бір түнде мал таситын теміржол вагонына толтыра тиеп әкететіні ешкімнің түсіне де кірмеген жағдай. Вагонға тиелген халықта «бізді қайда апарып тастар екен, теңізге апарып сала ма?» деген де күдікті ойлар болған. Астраханнан бұрылғаннан кейін жұрттың көкейінде күдіктен гөрі үміт шырағы молая түссе керек. Жол бойында біршама қиындық болған. Мәселен, әрбір ұлттың отбасында сақталуы керек әдет-ғұрып, ерекшеліктері түбегейлі бұзылды. Біздің ұлтта келіні мен қайынатасы бір-біріне қарама-қарсы отырып, ешқашан тамақтанбаған. Ал, бір вагонға малша әкеп тигенде мұндай ұстанымдар қайдан сақталушы еді?! Вагонда тамақ түгіл, ішерге су да болмады. Өкініштісі, жол бойы қайтыс болып кеткендер топыраққа көмусіз қала берген. Вагоннан түскендерді пойыз күтіп тұрмайды, талай адам қайтадан міне алмай қала берді.

Теміржолдағы Қызылорда, Шиелі, Түркістан секілді әрбір бекетке жол-жөнекей бір-бір вагоннан қалдырып кете берген. Бір айдан аса жол жүріп келе жатқан біздің отбасы бар вагон Түлкібасқа қалдырылған. Ол кезде көлік жоқ қой. Соған қарамастан құшағы кең, көңілі дарқан қазақ халқы біздің вагондағы адамдарды ат арба, ат шана, өгіз арба, ең ақыры есекті де көлік ретінде пайдаланып ауылдарға тасыған. Сол сәттегі қазақ өзінің кішілігі, дарқандығы, тұла бойына біткен адами қасиеттерінің арқасында бізді еш жатсынбай үйлеріне паналатты. Екі бөлмесі болса бірін бізге беріп, бір бөлме болса бұрышын ұсынып, үйі болмаса күркесіне кіргізіп, әйтеуір кеудеден кері итермеді. Тумысынан таза, арамдықтан ада, қиянаттан шет, ешкімді бөле-жармайтын қазақтан асқан халық жоқтығын дәлелдеді.

Өз басым қазақты бұлттан төмен болғанымен, басқасының бәрінен жоғары көремін, ерекше бағалаймын, құрметтеймін. Өйткені қазақтың бойындағы осы асыл қасиеті мен мейірімділігі ешкіммен әсте салыстыруға келмейді. Сол кезеңдер өздері үшін де қанша қиын болғанымен, жер ауып келген ұлт өкілдерін кеудеден итермей, өзекке теппей, қолында барын бөліп жеді. Осындай қиындықта ешбір ел өзгені өзіне сыйғызбаған болар еді. Мен қазақтың осы тектілігін ерекше бағалаймын.

Менің балалық шағым «Жаңаталап» ұжымшарындағы қазақ ағайындарының қоржынтамында өтті. Бұл кезде қар қалың болатын. Боран соқса, үйді қар басып қалады. Сол қиыншылық кезінде анам Ағжа 1945 жылы қайтыс болды. Біз отбасында үш ұл, үш қыз едік. Талай қиындық көргеніміз аздай, анасынан айырылған балаларын өсіріп, оқытудың ауыртпалығы соғыстан мүгедек болып келген Әли әкеміздің мойнына түсті. Біздің жоғымызды түгендеп, мал баға жүріп оқытып, адам қатарына қосу, әрине, оңайға соқпағаны белгілі. Бірақ сол қиындыққа төтеп беріп, әкем екінші рет үйленбестен бізді жеткізем деп жыртығымызды жамады. Осы кезеңде, әрине, көрші-қолаңның көмегін айрықша айтқым келеді. Шешем қайтқан соң біз көршіміз Серікбай көкеміз бен Айтбике шешеміздің қамқорлығын көрдік. Бүгінде оның Айдаркүл есімді қызымен бір туғандай болып, әлі күнге дейін араласамыз. Қазақ деген мейірімді халық менің балалық шағымнан бастап жігеріме жігер қосты, мектепті тәмамдаған соң жоғары білім алып, ғылым жолына түсуім де қазақтың тектілігінің арқасы.

1989 жылы «Мен қазақ халқына мәңгі қарыздармын» деп мақала жаздым. Бұл туындым әлі күнге дейін құндылығын жойған жоқ, жоймайды да. Өйткені бізге қазақтан асып ешкім де қамқорлық жасамады. Қазақ халқы бізге пана да, Ана да болды деп үнемі айтып жүруім сондықтан.

– Сіздің басты ұстанымыңыз – қазақтың нанын жеген адам тілін де жетік меңгеруі тиіс. Бүгінде осы қағиданың орындалуына көңіліңіз тола ма?

– Қазақтың наны тәтті де, тілі ащы ма?! Осы ұлттың суын ішіп, топырағын басып, ауасын жұтып жүргеннен кейін қазақтың әдеті мен ғұрпын, салты мен тілін  біліп үйрену әркімге керек. Тілді білген адам ғана ұлттың жан дүниесін ұғады, болмысына бойлай алады, сол ұлтты қадірлей біледі, сыйлайды. Сондықтан менің үнемі айтатыным, қазаққа қайтарым болуы керек қой. Қазақтың бізге жасаған соншалықты жақсылығы мен мейірімділігіне, қайырымдылығы мен кісілігіне дүйім жұрттың қайтарымы болуы тиіс. Кісілер көп, кісілікке кендеміз, адалы аз, адам атты пендеміз. Расында да біздің пендешілігіміз көп. Қиын-қыстау кезеңде бізге құшағын жайып, төрін ұсынған дарқан халықтың тілін жетік меңгеру – бізге парыз. Оны ешкімге айтқызбай-ақ өзіміз түсінуіміз керек.

Бұрынғыға қарағанда қазір тілге деген бетбұрыс бар. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген ықылас-ниеті де артып келеді. Өзге тілмен салыстырғанда қазақ тілінің шұрайлылығы, байлығы мол. Бірақ бір өкініштісі, Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да мемлекеттік тілді өзіндік тұғырына қондыра алмағанымыз. Мен соған қапаланамын, көңілім толмайды. Егер тіл – ұлттың жаны, рухының үні, байлық дүниесінің қоймасы болса, мемлекетті мемлекет ретінде дәлелдей түсетін тарихы болса, неге біз өз тілімізді тұғырына қондыра алмай келеміз?! Себебі бізде қазақ тілінің қажеттілігі арттырылмаған, заңды тұрғыда талап, тілге деген сұраныс жоқ. Сол себепті ел-жұртта оны жетік меңгеруге ынта-ниет, әрине, болмайды. Егер сіз балаңызды шетелге оқуға жіберсеңіз, ол бір-ақ жылдың ішінде сол елдің тілін меңгеріп алады. Әлемде ең қиыны – қытай мен хинди тілі. Бұл елдерге барған адам міндетті түрді оның қиындығына қарамастан үйреніп алады. Өйткені бұл мемлекетте сол елдің тілін меңгертуге талап өте жоғары. Қажеттілік болған соң оны кім-кім де үйреніп алады.

Қазақстанда қазақ тілі өз тұғырына толық қонып, мемлекеттік тіл деген дәрежесіне сай болғанда ғана менің көңілім орнығады, тыншиды. Оған дейін  тілге деген жанашырлығым жанымды жей береді.

– Қазақ тілінің тұғырлығын қалай арттыру керек, жаңа Үкіметтен қандай жұмыс күтесіз?

– Тіл – ұлттың жаны болса, мемлекеттің ең биік негізгі көрсеткіші болса, қазақ тілі тек қазақ үшін ғана емес, ел үшін қажет болса, адамның бойында ұлттық рух та көтеріледі. Ал ұлттық рух тілмен ғана ұялайды. Адамды барлық қиындықтан құтқаратын да тіл. «Тілді білген адам құшақтасады, тілді білмеген пышақтасады» деген сөз бар. Тәңірім мұндай пәле-жаладан сақтасын, әрине! Пышақтаспасақ та бүгінде тілге деген көзқарас түсіністігіміздің әлі де аз екенін мойындатып тұр. Елде қазақ тілін әрбір азаматтың толық меңгеруі басты талап болуы керек.

Жаңадан тағайындалған Премьер-Министр Олжас Бектеновтен күтер үмітім де зор. Оның сөзден гөрі, нәтижелі іске көшеміз дегені көңіліме қонымды болды. Қазір қазақ тіліне деген қажеттілікті жолға қоятын кез жетті. Бұл үшін мемлекет тарапынан тілге деген тәртіп пен талапты арттырса игі. «Білім – әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек» деп мақала жазғанмын. Тәрбие жай ғана тәрбие болмауы тиіс, қазір қоғамға қатаң тәрбие керек.

Бүгінде тәрбие ауа жайылып кеткені рас. Мәселен, еліміздің батысында, әсіресе Ақтөбеде шолақ шалбар киіп, ұзын сақал қоюшылар тым көбейді. Бұрын біздің дінімізде мұндай көрініс ешқашан болмаған. Ата-бабадан келе жатқан салтты бұлайша бұрмалап, жаттың жетегінде кете беруге болмайды. Қазақ атам «қора толған қой бер, бесік толған бала бер, бала бер де сана бер, сана бермесең ала бер» деген. Сондықтан осы сөздің құндылығы бүгін де жоғары болып тұр.

Қазір бізде әрбір істі саналы түрде жасау кемшін. Айтқан сөзіміз бен ісіміз сай болуды ойлау керек. Істің басталуы мен нәтижелілігінен көру қажет. Елде барлық салада ашықтық қалыптасып, шынайы шындық салтанат құруы шарт. Еш нәрсені жасырып, ел бола алмаймыз. Төле бидің «Халқыңа әділ бол, дұшпаныңа қатал бол, досыңа адал бол» деген сөзі ойға аралып тұр. Ендігі уақытта Президенттің әділетті қоғам құрылуы керек деген сөзі әрі қарай жүйелі жалғасын тапса деймін.

– Ал 1 наурыз – Алғыс айту күнінің мәні мен маңызы туралы не айтасыз?

– Алғыс айту күні АҚШ секілді алпауыт, өркениетті елдерде бұрыннан бар. Қазақстанда бұл күн 2016 жылдан бастап Қазақстан халық Ассамблеясының құрылған уақытымен байланыстырылып бекітілді. Сол кездегі жиында да «алғыс» сөзінің мән-мағынасын, асылдығы мен құндылығын айрықша айтып, ең алдымен «көкте Құдайға, жерде қазаққа айрықша алғыс айтамын» деген едім. Өйткені, қазақтың бізге жасаған мейірімділігі мен қайырымдылығы шексіз. Өзіңе жақсылық жасаған адамға өзіңнің ыстық ықыласыңды, ниетіңді неге білдірмеске?! Сондықтан қазақ халқы өссін, өркендесін. Бұрын-соңды өз жерінде бірде-бір болмаған бірнеше ұлттың өкілін жатсынбай қабылдай біліп, бауырына басқан көңілі дарқан, жаны таза қазақ халқына мәңгі қарыздармын.

Мың алғыс саған, Алаш жұрты, Қазақ Елі! Содан кейін еліміздің тыныштығына, амандығына тәубе етіп, елдегі барлық ұлтқа алғыс білдіремін. Еш нәрсеге айырбастауға келмейтін тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!

Елімді даласымен, халқымды данасымен, сәбиді анасымен, азаматты санасымен сақтасын. Қазағымның бір уыс топырағы мен үшін киелі. Адал еңбектің ғана арқасындағы маңдайдың тері тамсын бұл жерде. Еш уақытта жамандық болмасын! Халқым мәңгі жасасын!

– Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамда түрлі жат қылықтар көбейді. Мұның барлығы тәрбиенің ақсап бара жатқанының көрінісі. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін қайтпек керек?

– Бүгінде баланы емес, әркім ең әуелі өзін-өзі тәрбиелеуі керек. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты сақтай білген өте дұрыс. Өзгеге еліктеп, қазақылығымызды жоюға болмайды. Бұл құндылықтарды біліп, ұғынып, түсіну үшін әрине, қазақтың тілін білу маңызды. Елдегі кейбір азаматтардың қазақ тілін жетік меңгеріп, білмегендіктен де ұлтты қадірлей алмай, халықтың асқан ерекшелігі мен болмысына бойлай алмай жатқаны рас. Соның салдарынан патриотизмнің төмендігі байқалады. Қазір ұлдардың әскерден қашып жатқаны да содан. Шұрайлы тілдің қадірін жетік білмегендіктен де тәрбие деген ауылдың алыстап бара жатқаны рас.

Бүгінде әлемдік деңгейде білім алған, әрине, жақсы. Бірақ қазақ тілін, ата-бабадан мирас болған дәстүрлерді біртіндеп ұмыта салуға болмайды. Бала былдырлап тілі шыға бастағаннан қай тілде сөйлесе, қай тілде білім алса, кейін сол тілде ғана қызмет етеді. Ал, қазақтың кемеңгерлігі мен құндылықтарын ұрпақтың бойына дарыту үшін әуелі тіліңмен сол тәрбиені жеткізе білу керек қой.

Мен қазақ халқын ерекше құрметтеймін. Дана халықтың алдында арым таза, жүзім жарқын болсын деп, Махамбеттің тілін қылыш ету үшін, Абайдың, Мұхтардың, Ахметтің, Мағжанның тілін ырыс ету үшін үйрендім. Құдайға шүкір, қазақтың өткір, шұрайлы, бай тілін орны келгенде Махамбетше қылыш етіп пайдаланамын. Құдіретті сөзден өткір еш нәрсе де жоқ. Міне, қазақтың тілінің арқасында осы халықтың жан дүниесін ұғамын, терең түсінемін, қадірлеймін. Қазақ та мені солай биікке көтеріп, бауырына басады, маңдайымнан иіскеп, арқамнан қағады, басымнан сипайды.

Бүгінде қазақтың атақты алыптарын, елі мен жері үшін жанын қиған тұлғалар туралы, оның шығармаларын кеңінен насихаттау керек. Балабақшадан бастап мектеп, жоғары оқу орындарында осыған баса ден қойылғаны қажет-ақ. Сонымен қатар тәрбие бастауы отбасынан басталатынын әр ата-ана ұмытуға болмайды.

– Өмірде неден қорқасыз, апай?

– Өмірге келу бар, кететінің де хақ. Бірақ өмір сүрген дәуіріңде ғұмырыңның мәнді де сәнді, қоғамның тыныш, елдің бірлікте болғанын жақсы көресің. Қазіргі қоғамдағы ең қорқынышты нәрсе – ата-бабамыздан келе жатқан әдет-ғұрыпты сақтай алмай, ананың ақ сүтімен бойға дарыған тіліңді білмей, балаға түзу тәрбие бермей, ұлттық рухтың төмендеп жатуы. Қазақтың топырағын басып жүрген әрбір ұлттың «мен неміс, мен қытай, мен моңғолмын» демей, бірауыздан қазақ тілін санасына жеткізе меңгермеуі тағы алаңдатады.

Айта кеткен жөн, осы дарқан халықтың игі дәстүрін бүгінге дейін күллі қазақтың даласына дарыта алмағанымыз өкінішті. Міне, алда Көрісу күні, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі келе жатыр. Батыста ғана ерекше аталып өтетін Көрісу амалын елдің әр түкпіріне енгізсек қандай ғанибет. Сондай-ақ Наурызды тойлау дәстүрін жаңаша форматта қолға алған жөн. Бұл мереке ашық алаңдарға киіз үй тігіп, ақ ішіп, қызылды-жасылды дүниемен көмкерілген бір күндік концерттік бағдарлама ұйымдастыратын күн емес. Наурыз айналаны тазалау, көшет егу, арықтарға су жіберу, игі амал-әрекеттер жасаудан басталуы тиіс. Біздің бала кезден көріп өскен осындай ұлттық құндылықтарды жаңартып, жаңашалауды қазірден бастамасақ, болашақты елестетудің өзі қорқынышты.

– Әсерлі әңгімеңізге бек рахмет. Деніңізге саулық тіледік!

– Рахмет. «Айтпаса сөздің атасы өледі» деп, менің көкейдегі ойымды қалың бұқараға жеткізіп жатқандарыңызға ризамын. Қазақтың асыл қасиеті мен құндылықтары газет арқылы да ұрпаққа дари берсін!

Сұхбаттасқан

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз